Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі барлық шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі барлық шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кеңес өткізді

06.03.2016
Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі барлық шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кеңес өткізді
Осы аптада Президент еңселі елордада елшілермен де кеңес қылды. Жыл сайын 2-наурызда Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссия өкілдерімен кездесу жасайтын дәстүр бар. Себебі, 1992 жылы, дәл осы күні еліміз жаһанның ықпалды құрылымы — Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды.

Қысқа уақытта халықаралық қауымдастықтағы беделін бекемдеп, әлемнің сан елімен салиқалы байланыс орнатты. Еліміздің еңсе тіктеп, екпінді дамуына сырт әлеммен байырқалы байланыстың септігі көп тиді. Мемлекет басшысы жүздесуде алып елдердің сүйкенісінен дүниедегі геостратегиялық һәм геоэкономикалық ойындардың осылып, от шыққанына тоқталды. Салқыны жазықсыз елдерге де жапа шектіріп, ызғары жаһандық нарықты қаруда. Ал, Қазақстанда тұрақтылық, инвестициялық ахуал мен бизнеске жасалған жағдай мол. Еліміздің өркеніне бір кісідей қанық елшілер ендігіде өз мемлекеттеріндегі ірі кәсіпорындардың бізге инвестиция құюына селбесуі тиіс.

Президент резиденциясына кіргенше асық. Асығатын жөні де бар. Өйткені, жыл сайын наурыздың алғашқы күндері Мемлекет басшысы елдегі барлық дипломаттардың басын қосып, жиын өткізуді дәстүрге айналдырған.

«Әлемдік экономика әлі де әлсіз». Президент әңгіменің әлқиссасын дағдарыстан бастады. Геосаяси қақтығыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты жаһан экономикасының еңсесін көтеруге кедергі келтіріп тұр. Нәтижесінде, баға құлдырап, өсім баяулады. Есесіне, елде жүзеге асып жатқан 5-халықтық реформа мен «Ұлт жоспары» 100 нақты қадам Қазақстанның сыртқы ықпалдарға қарсы дайындаған жоспары. Жалпы елші - екі ел арасын жалғайтын алтын көпір. Өз елінде Қазақстанның имиджін жарнамалайтын да солар. «Қазір қаржы құйып, бизнес бастаған инвесторлар Қазақстанның хақ досына айналады». Президент осы сөзі арқылы қиын қыстау кезеңнің де өптелі екенін меңзеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдеріңіздегі іскер компанияларды Қазақстандағы индустрияландыру жекешелендіру шараларына қатысуға шақырамын. Сіздер – соған септігін тигізеді, деп сенемін. Қазақстанның өсу әлеуетін ескере отырып, бізге енген компаниялар болашақта үлкен басымдыққа ие болатынын атап өткім келеді.

Таяу шығыста күллі адамзаттың тағдыры шешіліп жатыр. Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаевтың Сириядағы алыптар арасындағы геосаяси тартыс тұтас адамзатты алаңдатып отырғанын айтты. Сирия дегенде Еуропа елдерін кезіп жүрген босқындар еріксіз есіңе түседі. Келісімдер мен кепіл керексіз болып қалса, мемлекеттер арасындағы сенімді қайта қалпына келтіру қиын шаруа.

Былтыр МАГАТЭ әлемдегі алғашқы аз байытылған уран банкін Қазақстанда ашты. Дүниедегі уранның тең жартысын өндіретін Қазақ елі ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта дамытуға мүдделі. 1991 жылы 40 жыл сынақ алаңы болған Семей полигоны жабылды. Нұрсұлтан Назарбаев еш ойланбастан, әскери арсеналдың көзін құртты. Сөйтіп, жер жүзі Қазақ елін ядролық қарусыздануға бет алған бейбіт ел ретінде таныды. Атом бомбасынан өз еркімен бас тартқан Қазақ мемлекеті сондықтан да әлемде ядролық қарудың кемуін талап етуге толық құқылы.

Қазақстан жер-жаһанның ядролық арсеналдар санын қысқартып, бағдарламаларды бейбіт мақсатта дамытқанын көздейді. Талап таудай. Оны бұлжытпай орындау баршаға ортақ міндет. Жалпы ядролық энергетика бұл бомба емес. Бейбіт мақсатта пайдаланса, адамзат үшін оның пайдасы зор. Атомның пайдаға жараған тағы бір тұсын Нұрсұлтан Назарбев жиын барысында жария етті.

Қысқасы, Қазақстан Ираннан санкциялардың алынуына бір кісідей үлес қосқан ел. Келіссөздердің кедергісіз іске асуына кепіл болды. Әңгімеге арқау болған тақырыптың бірі – террор. Президент «Терроризмнің діні жоқ» деп талай жерде айтып жүр. Ислам немесе басқа дінді жалау еткен содырлармен күресте күллі әлем күш біріктіруі тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразияның бүгінде әлемдік саясаттағы негізгі геосаяси және геоэкономикалық факторға айналғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қазақ елінің көлік-логистикалық әлеуеті жайлы да әңгімеледі. 2018-жылға дейін елімізде «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 9-мың шақырым сапалы жол салынады. Бұл жол Қытайдан шыққан жүкті Еуропаға екі-ақ жетіде жеткізеді. Қазірдің өзінде Ұлы Жібек жолының жаңғыруы ел экономикасына пайдасын әкеле бастады. Мәселен, 2013-жылмен салыстырғада Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға аттанған контейнерлер саны 6-мыңнан 48-мыңға дейін өскен. Биыл, бұл көрсеткішті 95-мыңға жеткізу көзделіп отыр.

1992 жылдың 2-наурызы күні Қазақстан БҰҰ-на мүшелікке өтті. Президенттің дипломаттарды дәл осы күні Ақордада қабылдауының мәні осы. 24-жылда біздің ел халықаралық қауымдастықтың қарымды мүшесіне айналып, игі бастамалардың бастауында тұрды. Енді, Қазақ елі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі болуға ниетті.

Михаил Бочарников, ҚР Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстандық дипломаттардың арқасында соңғы жылдары Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі өсті. Оған Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуға деген ұмтылысынан анық байқауға болады.

Қазақ елі сыртқы саясатта тәуелсіздік жылдары талай асуды бағындырды. БҰҰ-на мүше 192 елдің 178-мен дипломатиялық ынтымақта. Ширек ғасырда 57 мемлекетте елшіліктерін ашты, ал Астанада елшілігін ашқан мемлекеттер қатары биыл 70-ке жетпек.


Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу