Греция мен Бельгияда шаруалар шеруге шығып, металлургтер де жиі бас көтере бастады.
Әлем экономикасындағы өсімнің баяулуы дағдарыс дендеген елдердің жағдайын тіпті ауырлатып отыр. Грекияда қаржы тапшылығы талай саланы қайта тұралатты. Бельгияда болат балқыту секторында миллиондаған адам жұмыстан қысқаруы мүмкін. Ал, мұнай бағасы қымбаттамаса, биыл Ресей бюджетіндегі тапшылық жалпы ішкі өнімнің 4 пайызынан асып кетуі мүмкін.
Шикізаттың арзандауының зардабын мұнай экспорттаушы елдер ғана емес - Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Молдова, Беларусь, Армения тәрізді посткеңестік республикалар да тартып отыр. Украина болса, саяси тұрақсыздық пен экономикалық реформалардың шабандығынан миллиардтаған доллар несиеден айырылуға жақын.
Былтыр Алексис Ципрас бастаған социалистер билікке келгенде гректердің қуанышында шек болмап еді. Өйткені, сайлау алдында Ципрас алты жылға созылған белді бекем буу немесе бюджетті қатаң үнемдеу саясатынан бас тартамыз деп уәдені үйіп төкті. Бірақ, оны қазір орындау мүмкін емес. Өйткені, Грекияның халықаралық кредиторлардың алдындағы қарызы экономикасынан асып кеткелі қашан.
Ал, берешегін қайтармаса, ел банкрот болады. Банкрот болмау үшін шығындарды қысқартып, салықты көтеру керек. Бұған халық наразы. Жақында фермерлер елдің түкпір-түкпірінен трактормен парламент алдына жиналып, үкіметтің зейнетақы жүйесін реформалау жоспарына қарсылық білдірді. Ауыл еңбеккерлерінің айтуларынша, әлеуметтік және табыс салығы бірнеше есеге өсейін деп отыр.
Костас Хатзис, фермер:
Кірістің 27 пайызын зейнетақы қорына, 26 пайызын табыс салығы деп төлеуіміз керек екен. Сонда тапқанымыздың 53 пайызы бюджетке кетпек. Бұған өндіріс шығындары мен тұрғын үй салығын қосыңыз. Сонда өзімізге не қалады? Мұнда еріккеннен емес, үлкен талаппен келдік.
Грекияда соңғы күндері көшеге фермерлер ғана емес, заңгерлер мен дәрігерлер, мұғалімдер мен инженерлер де көптеп шығып жүр. Олардың талабы да – салықты көтермеу.
Әзірге халық пен биліктің арасында ортақ мәміле жоқ. Сондықтан, Афиныда демонстрациялар үлкен қақтығыстарға жиі ұласады. Үкіметтің сөзіне сенсек, азаматтар қазір салықты көбірек төлесе, болашақта зейнетке шыққанда мол табысқа кенеледі.
Ал, мына марш осы аптаның басында Брюссельде бейнетаспаға түсірілді. Бельгиялық жұмысшылар Еуропа одағының Қытайдан арзан болат темірді импорттауына наразы.
Еуропа 2008 жылдан бері бұл салада 85 мыңдай жұмыс орнын жоғалтқан екен. Өйткені, баға төмен, оның үстіне Қытайдан келіп жатқан арзан металл көп. Кейбір болжамдарға қарағанда, осылай кете беретін болса, аймақтың болат қорыту секторы 3,5 миллион жұмыс орнынан айрылуы мүмкін.
Моргейн Джеймейн, жұмысшы:
Бүгінде болат қорыту секторындағы жағдай шиеленісіп барады. Адамдарда болашаққа деген сенім жоқ. Металл бағасы түскендіктен, жұмыссыздықпен өзіміз күресуге мәжбүрміз.
Бірақ, Еуропа одағы – Қытайдың ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Мәселен, Қытай еуропалықтардан 2014 жылы 302 миллиард еуроның тауарын импорттаған екен. Сондықтан, мұндай елмен экономикалық мәселеде дауласу оңай емес.
Жақында жарияланған мәліметтерге қарағанда, еуровалютаны қолданатын 19 мемлекетте биыл өндіріс өсімі қарқын алғанымен, дамуға төнген қауіп әлі сейілген жоқ. Оған мұнай бағасының түсуінен ғалам экономикасының әлсіреуі, соған сәйкес еуропалық тауарларға сұраныстың төмендеуі себеп болуы ықтимал.
Пьер Московиси, Еуропа экономикалық комиссары:
Биыл Еуропа экономикасына жел қарсыдан соғатын тәрізді. Қазір көріп отырмыз, дамушы елдерде өндіріс қарқыны баяу. Ғалам экономикасының өсіміне де төнген қауіп күмән келтірмейді.
Халықаралық нарықтағы жалпы жағдайдың нашарлауынан, мұнай бағасының түсуінен Ресей экономикасы былтыр 4 пайызға жуық қысқарып, рубль 2014 жылдың ортасынан бері өз құнының 60 пайызынан айрылды.
Шикізаттың арзандауының зардабы Қырғызстан, Тәжікстан, Молдова, Беларусь, Арменияда да айқын сезіліп отыр. Өйткені, бұл посткеңестік республикалардың жұмысшы-мигранттары Ресейдегі дағдарысқа байланысты елдеріне бұрынғы көлемде ақша аудара алмай отыр.
Ал, Бішкектің «Дордой» базарынан тауар тасушылар азайды. Оның үстіне сомның пәрмені баяғыдай емес. Қырғыз валютасы ондаған пайыз девальвацияға ұшырады.
Насирдин Шәмшиев, Қырғызстан экономика министрлігінің департамент басшысы:
Ия, шындығында да солай. Біздің тауарлар, әсіресе, Қазақстан мен Ресейге экспортталатындары, бәсекеге қабілетсіз болып барады. Неліктен? Біздің саудамыз доллардың бағамына тәуелді. Біз, мысалы, шығындарымызды доллармен есептесек, Ресейге апаратын киімдеріміз екі есеге қымбаттап кетеді.
Жұмабек Салымбеков, «Дордой» базарының басшысы:
Бүгінде экономикалық дағдарысқа байланысты сауда бәсеңдеп отыр. Біз теңге мен рубльдің девальвацияланғанын сезіне бастадық. Туристер азайып кетті.
Қырғызстан шетелге, әсіресе, Ресейге заңсыз жұмысшы экспорттайды. Сол мигранттардың кәсіптен айрылуы қырғыз елінде тұрғындардың табысымен бірге сатып алу мүмкіндігін төмендетті.
Енді Грузияға тоқталсақ. Бұл республика мұнай экспортына тәуелді емес. Бірақ, өзге тауарларын сыртқа шығарып жан бағып отыр. Соған қарамастан, ұлттық валюта лари 2014 жылдың қараша айынан бері 40 пайыз құнын жоғалтқан.
Өйткені, грузиннің тауарын баяғыдай сатып алатын ғалам экономикасында қарқын жоқ. Демек, шетелге тауар аз кетіп, доллар аз келіп жатыр. Сондықтан, грузин ақшасы Америка валютасының жанында арзан.
Доллар қымбаттағасын сырттан өнім импорттау да қиын. Осындай жағдайға тап болғандықтан, тбилисилік кәсіпкер Иване Шконияда Еуропадан әкелген ойыншықтарының бағасын көтергеннен басқа амал жоқ.
Иване Шкония, кәсіпкер:
Менің компаниям доллар, еуро тәрізді шетел валюталарына 100 пайыз тәуелді. Сондықтан, қазір әртүрлі жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр бағаны 15-20 пайызға көтеруге тура келді. Соның салдарынан клиенттеріміз азайып отыр.
Ал, Украинадағы жағдай тіпті қиын. Мұнда экономикалық қана емес, саяси дағдарыс та ушығып барады. Сейсенбі күні парламент премьер-министр Арсений Яценюк үкіметінің жұмысын сараптап, дауысқа салып, қанағатсыз деп бағалады.
Іле-шала коалициялық кабинеттен Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы мен «Самопомощь» фракциясы кетті. Сондықтан, қазір биліктегі «Еуропалық Украина» коалициясы парламенттегі ықпалынан айрылып, іс жүзінде ыдырады деуге болады.
Билік жүйесі мен экономика реформаланбаса, коррупциямен күрес ілгерілемесе, Украина Халықаралық валюта қоры бөлуге келіскен 17,5 миллиард доллардан кезекті транш – 7 миллиардты ала алмауы мүмкін.
Арыстан РЫСБЕК