Мүлік пен қаржыны жария ету шарасы жыл соңына дейін ұзартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүлік пен қаржыны жария ету шарасы жыл соңына дейін ұзартылды

07.02.2016
Мүлік пен қаржыны жария ету шарасы жыл соңына дейін ұзартылды
Мүлікті жария етудің үшінші кезеңі жарияланғаннан бері жергілікті атқарушы билік пен мемлекеттік кіріс органдарына сомасы 787,9 миллиард теңге болатын 75 234 арыз түскен.

Капиталды көлеңкеден шығару немесе мүлікті жария ету. Қазір біздің ел үшін, тіпті біздің одақтастарамыз үшін де өзекті тақырыптың бірі осы. Ақпарат құралдарында да, үкімет жиынында да бұл науқан кеңінен талқыланды.

Акция 2014 жылдың қыркүйегінде басталған. Былтыр мерзімі тағы да бір жылға ұзартылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында да мүлікті жария етудің жаңа легіне қатысуға шақырғаны есте.

Жуырда мүлікті жария ету заңы күшіне енді. Талаптар да жеңілдеді, мемлекет бар құпияны сақтауға кепілдік берді. Бұл неге тиімді, қайтқан қаржы қоғамға, мемлекетке қандай қайыр әкеледі?

Тасада жатқан мүлік – табысын жасыратындардың мүлігі. Яғни, заңсыз пайда экономикалық айналымнан арам жолмен шығарылған немесе біздің елдің заңына сай рәсімделмеген деген сөз.

Ал, мүлікті жария ету - сол көлеңкелі экономикадағы қаржыны заңдастыру. Ел экономикасы бұл қаржыға мұқтаж емес. Бірақ, Қазақстан дамыған 30 елдің сапына қосылуға мүдделі.

Демек, экономикалық әріптестік және даму ұйымының талабы бойынша, дамыған ел мен дамушы елде тығулы жатқан қаржы болмауы керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен, бұл мәселеге Сіздердің елге қайтаратын қаржыларыңыз аса қажет болған соң айтып отырған жоқпын. Біздің өзіміздің азаматтарымызға іс қозғап, оларды Лондон немесе өзге де қалаларда қашып жүрген босқындарға айналдырғымыз келмейді. Осыған дейін әрине, түрлі жағдайлар болды.

Алғаш салынған қаржының заңды болмауы да ғажап емес. Иә, біз жас мемлекетпіз. Сол себепті де сіздердің қаржыларыңызды елге алып келіп, жекешелендіру шараларына қатысуларыңызға, активтеріңізді қазақстандық етуге мүмкіндік жасап отырмыз. Сонда ғана сіздер емін-еркін әрекет етіп, тыныш ұйықтайсыздар. Бізге керегі - осы.


Табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар барлық елдің тәжірибесінде бар. Мысалы, АҚШ-та бір рет, Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 рет, Франция, Австрия, Ирландияда 2 реттен жүргізілген. Қазақстанда мүлікті заңдастыру осымен үшінші рет өткізіліп отыр.

2001 жыл, тамыз-шілде айы. Еліміздің 3 мыңға жуық тұрғыны қатысып, нәтижесінде 480 миллион доллар жария болды. 2006-2007 жыл. Алғашқымен салыстырғандағы ерекшелігі – капитал ғана емес, жылжымалы, жылжымайтын мүлік те заңдастырылды. Бұл жолы 7 миллиард доллар заңды айналымға шығарылды. 2014-2016 жылдың ақпанына дейінгі көрсеткіш мынандай:

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:
Науқан басталғаннан бері бүгінгі таңда барлығы 621 миллиард теңге сомасы бойынша легализация жүргізілді. Соның ішінде мына мүлік жарияланымы бойынша республика ішінде 458 миллиард теңгені құрайды. Ақшаның сомасы ол 162 миллиард теңгені құрайды және шетелдегі мүлік бойынша ½ миллиард теңгені құрап, 42 нысан қосылған статистикаға.

Мүлікті жария етудің үшінші кезеңі жарияланғаннан бері жергілікті атқарушы билік пен мемлекеттік кіріс органдарына сомасы 787,9 миллиард теңге болатын 75 234 арыз түскен.

Оның ішінде 63 004 тұрғын үй - жалпы құны 568,7 миллиард теңге, 32 514 ғимарат жалпы құны - 175,2 миллиард теңге, 7 672 коммерциялық нысан - құны 124,6 миллиард теңге, 4,1 миллиард теңгенің құнды қағаздары, 35,1 миллиард теңге ақшаны жариялауға декларация толтырылған. Қазақстан аумағынан тыс жерлерден де 1,9 миллиард теңге болатын 39 арыз түскен.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:
Біздің Қазақстанның халқында көбінесе көршілес елдерде мүлкі бар. Ол мынау Ресей, Өзбекстан, сол елдерден көбіне бізге құжат келіп түсті. Сол 42 құжаттың бастапқы саны сол елдерден.

Дубайда бар, Венгрияда бар. Барлық мүлік қазір заңды түрде рәсімделді. Тиісті құжаттар адамдарда бар. Ертең олар осы құжаттың арқасында басқа да банктен несие алатын болса, басқа да бизнеске салатын болса да, бұл жақсы бастама.


Заңға енгізілген өзгертулерден кейін мүлікті жария ету рәсімі мейлінше жеңілдетілді. Қазір Қазақстан аумағындағы ақша немесе мүлікті заңдастырған адам Үкіметке 10 пайыз алым төлемейді. Тек шетелдегі не қолма-қол айналымдағы капиталды өтініш арқылы көрсеткен жағдайда 10 пайыз төлем ұсталады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Жаңа түзетулердің бірі – банк шоттарынан жария етілген ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде жария етуге 10 пайыз алым алынып тасталды. Сонымен қатар, аталған норманың кері күші бар.

Мәселен, осы алымды төлегендердің бәрі өз ақшаларын бюджеттен қайтарып ала алады. Алайда, азаматтар әзірге бұл қаражатты қайтарып алуға асықпай отыр. Жалпы, республика бойынша бұл 3,1 миллиард теңгені құрайды.


Жыл басталғалы бері барлығы 588 миллиард теңгенің активтері жария етілген. Ақпанның алғашқы жетісінде бұл сома 600 миллиард теңгеден асты. Ал азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі шоттарға аударған қаражаты 150 миллиард теңгеден асқан.

Бұл жолғы науқан белсенді жүріп жатыр. Халықтың тарапынан да қызығушылық көп. Бірақ, кей жерлерде қажетсіз құжат, басы артық қағаз сұратып әуреге салған жағдайлар да тіркелген.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
Қаржы министрлігіне түскен шағымдар бойынша біз талдау жасап мынандай мәселелерді анықтадық. Жергілікті атқарушы органдарымен комиссиялар түскен арыздарды қарау мерзімін 30 күннен асырып жібереді.

Алматы облысы, Астана қаласында құны 100 миллиард теңге болатын декларациялар қаралмай жатыр. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік заңмен бекітілмеген қосымша құжаттарды да талап етеді. Санитарлық, сейсмологиялық, өртке қарсы қызметтердің қорытындысын сұрап әуреге салған фактілер Алматы қаласында тіркелді.


Ара-тұра кездесетін келеңсіздікке қарамастан, халық белсенді қатысып жатыр. Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстары, Астана мен Алматы қалалары келген арыздар саны бойынша алғашқы бестікте тұр.

Алматы қаласында тұратын кәсіпкер Бауыржан Сармантаев мүлікті жария ету акциясы басталысымен, ақшасын заңдастыруды жөн көріпті. Қомақты қаржысын үйінде сақтап келген оның заңдастыру шарасы сәтті өтті. 10 пайыз алым төлемеді. Қанша қаржы заңдастырғаны да құпияда қалды. Енді ақшасын қалай жұмсаса да өз еркі.

Бауыржан Сармантаев, кәсіпкер:
Легализацияны теледидардан көрдім. Сосын мемлекеттік кірістер органына келдім. 5-6 күн бұрын өтініш тапсырдым. Қызметкерлерге ризамын. Бәрін түсіндірді. Қиындығы жоқ түк те.

Расында, қиындығы жоқ. Заңдастыруға шешім қабылдасаңыз болғаны. Ақшаны жария ету екі тәсілмен жүзеге асады. Бірі - банк шотына аудару. Екіншісі – декларация тапсыру.

Бұл талап мүлікті заңдастыруға да қатысты. Қайта тұрғызылған үй, албар, көлікжайды да заңдастыру қажет. Көлеңкедегі қаражатты заңды айналымға шығаратын азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды. Жария етілген мүлік пен ақша көлемі құпия сақталады. Бұған мемлекет кепілдік береді.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП төрағасы:

Бізге көп кәсіпкер хабарласып, заңның күшіне ену мерзімін қайта-қайта сұрады. Әсіресе, 10 пайыздық алым алынбайтынын нақтылап, бұл жариялылықтың құқықтық жағына қызығушылық танытты.

Құпиялықтың сақталуы олардың сенімдерін арттыра түсті. Қазір осы мүмкіндікті белсенді пайдаланып жатыр.


Жеңілдетілген жүйе, әрі дұрыс насихат, мүлікті жария ету науқанын жыл басынан бері қарқындата түсті. Былтырғы желтоқсанға дейін 81 миллиард теңге рәсімделсе, қазіргі күні тек қана ақша көлемі 160 миллиард теңгеден асып отыр.

Науқан 2016 жыл соңына дейін жалғасады. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану керек, себебі, 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді.

Сол кезде кешірім де, рахым да болмайды, жеті қабат жердің астына тықсаңыз да, көлеңкелі табыс анықталмай қоймайды.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:

Ертең жалпыға бірдей декларацияға көшкен кезде айырмасы шығатын болса, оған біздің фискалды органдар атынан сұрақтар пайда болады. Айыппұл болсын, егер соманың көлемі жоғары болса, қылмыстық жауапкершілікке дейін болуы мүмкін. Егер қаражат көлеңкелі экономикада көрсетілсе.

Бұл шара отандық экономиканы дамытуға және ақшаны жария етіп отырған азаматтардың пайда табуына мүмкіндік бермек. Бір сөзбен айтсақ, сізге де жақсы, бізге де пайдалы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір міне, мынау жекешелендіру кезеңінде алып кел, зауытты, фабриканы, электростанцияны, жолдарды жекеменшікке алсаңдар, ауқатты болуға, тұрақты табыс әкелудің жолы біріншіден өздеріңе, екіншіден, сол арқылы халыққа жұмыс беру, сол арқылы салық төлетіп, мемлекетке көмектесу. Үш нәрсе жасайсыңдар.

Мұндай мүмкіндік жылда бола бермейді. Шетелді айтпай-ақ, елімізде де заңсыз жұмыс істеп келген коммерциялық нысандар көп. Егер барлығы осы науқанды пайдаланып қолда барын заңдастырса, өзіне де, өзгеге де пайда келтірмек. Қолы ашықтың-жолы да ашық болмақ.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу