Үкімет жекешелендіруге қатысатын 65 Ұлттық компанияның тізімін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет жекешелендіруге қатысатын 65 Ұлттық компанияның тізімін жариялады

24.01.2016
Үкімет жекешелендіруге қатысатын 65 Ұлттық компанияның тізімін жариялады
Жаһандық дағдарыс шикізат экспорттаушы елдерге жаңа талаптар қойды. Мемлекет қаржысын оңай олжалау үшін ашылған басы артық ұйымдардан арылуда. Ұсақтарын біріктіріп, пайдасыздарын жауып, ұлттық компаниялардың еншілес ұйымдарын бәсекелес ортаға шығарып жатыр. Қазақстан мемлекеттің экономикадағы ықпалын азайту үшін 3 жыл бұрын жекешелендірудің 2-ші кезеңін бастаған.

Дәурен Тасмағамбетов, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ департаментінің директоры:

2013 жылы Қазақстан Респбликасының Президенті дәстүрлі Жолдауында ел экономикасына мемлекеттің қатысуын қысқарту жөнінде тапсырма берді. 2014 жылы жекешелендірудің 2-ші кезеңін өткізу бағдарламасы қабылданды. Сол жылы наурызда «Самұрық-Қазынаның» 106 компаниясын бәсекелестік ортаға беру туралы Үкімет шешімі шықты. Екі жылда 38 актив сатылып, «KEGOC» компаниясының Халықтық IPO бағдарламасын қоса алғанда қазынаға 63 миллиард теңге түсті.

Ішкі ресурстарды барынша босату – тұрақты экономикалық өсімнің кепілі. Негізгі жолы – кең ауқымды жекешелендіру. Қазақстанда мемлекеттен қаржы алып отырған ұйым саны бүгінде 7 мыңнан асқан. Кейбірінің аты бар да, заты жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады.
«ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады.


Үкіметтің алдындағы ендігі міндет – мемлекеттік сектордағы нысандарды жекешелендіруге қатысты шектеулерді алып тастау.

Содан кейін «Мемлекеттік мүлік туралы» заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарау. Елбасы жолдауда жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды да тапсырды.

Дәурен Тасмағамбетов, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ департаментінің директоры:

2015 жылы жаңа қаулы қабылданып, 2016-2020 жылға арналған кешенді жоспар бекітілді. Сатылатын 217 компанияға қатысты екі тізім әзірленді. Біріншісі бойынша 44 ірі активтерді сату үшін тәуелсіз кеңесшілер тарту көзделген. Олар активтерді нарыққа дайындау мен оларды сатуға қатысты қызметтер көрсетеді.

Тәуелсіз кеңесшілер бағалауын шығарған соң актвитерді сатуға алдын ала дайындық басталуы тиіс. Екінші тізімге қор мен еншілес ұйымдардың 173 активі кірді. Оларды сату жеңілдетілген рәсім бойынша яғни электрондық аукциондар түрінде өтеді.

Алда жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандар санын да қысқарту талабы тұр. Мемлекеттің экономикадаға үлесі 15 пайызға дейін азайтылады. Бұл екі жаққа да пайдалы. Шағын және орта кәсіпкерліктің адымы ашылады, ал мемлекет артық шығын мен оңды-солды берілетін субсидиядан тиылады.

Асхат Бекенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Үкімет жақсы менеджер емес» деп айтады. Үкіметтің компанияларды басқару механизмі, мысалы, бір күннің ішінде қабылдайтын шешімді бір айда қабылдау мүмкін. Ал, жеке сектор келгеннен кейін компаниялардың іс басқаруы, қаржы тартуы, нарықта өзінің орныны алуы, өнімдерін сатуы тез және сапалы болады деп ойлаймын.

Үкімет сатылатын 65 Ұлттық компанияның тізімін шығарды. Араларында «Қазатомөнеркәсіп», «ЭйрАстана», «ҚазМұнайГаз», «ҚазақстанТемір жолы» мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» секілді алпауыттар бар. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты қырықтай кәсіпорын тағы бар. Біразы «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» компанияларының еншілестері. Ал, қалғандары, квазимемлекеттік сектор мен республикалық мемлекеттік кәсіпорын.

Топ 65 компанияның активтер сатылымы 25 пайыздан аспайды әрі оларды Үкімет үнемі бақылауда ұстайды. Шетелдік тәжірибе де әбден зерделенген. Мәселен, Ұлыбритания мемлекеті 1980-ші жылдары жаппай жекешелендіру жүргізген. Маргерет Тетчердің Үкіметі әйгілі «Бритиш Телеком», «Бритиш газ» бен «Бритиш петролеум» сынды мемлекет компанияларын түгел инвесторларға үлестіреді. Соның арқасында мемлекет қазынасы біраз қампайған.

Асхат Наметша, экономика ғылымдарының кандидаты:

Мысалы, «Бритиш телекомпаниясын» кезінде 6 миллиард долларға сатылды. Мемлекет өзінің үлесінде, бақылауда қалдырды. Бірақ басқа инвестор келді. «Бритиш петролиумды» алатын болсақ ол жалпы жеке компания болып кетті. Мемлекет жалпы үлесінен кетті. Олар қазір әлемдег ең қарқынды дамыған компаниялар. Әлі күнге дейін өздерін сақтап келеді.


Ұлттық компанияның көбі шетелдерде қажетті мамандарын дайындап, өз салаларына жоғары технологиялар енгізген. Сарапшылар «Сондықтан оларға ішкі нарықта болсын, шетелдік инвесторлар мен қаржы институттарынан болсын сұраныс күшті болады» деп отыр.

Асхат Бекенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазіргі осы процестері жеңіл өтеді деп ойлаймын. Осы Ұлттық компаниялар 20 жылдың ішінде нарықтан өздерінің орындарын ойып тұрып алды. Жекешелендіруде «Қазатомпром», «Эйрастана», «Қазмұнайгаз», «ҚТЖ» компаниясы болсын, олардың нарықта 20 жылда үлкен актвитері, қорлары өсті. Олардың 20 жылдың ішінде жасаған келісімшараттары, өздерінің өнімдерін шығару желілері, компаниялармен өздерінің келісімшарттарын жасаған, өнім өндейтін технологиялары, активтерін арттырған.

Жекешелендіру әділ түрде нарықтағы бағаға сай ашық және бәсекелі жүзеге асуы тиіс. Акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктер болу керек. Қазақстан мен шетелдік инвесторларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасалады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Жекешелендіру процесінде әртүрлі құралдар қолданылады. Ол үшін тікелей аукцион болады. Келесі сатып алу процесімен жалға беру келісімшарттары болады. Сондықтан, бұл жұмыс ашық болу керек. Ешкіміннің құқығы шектелмейді.

Жекешелендіру – шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлін жедел арттыруға септігін тигізеді. Ұлттық компаниялардың бағасын арнайы шетелдік сарапшылар анықтайды. Содан кейін олар көлденең көк аттыға емес, бәсекеге қабілетті инвесторға ғана беріледі. Алушы активті инвестициялық дамытудың кемінде 3 немесе 6 жылдық жоспарын ұсынуға міндетті. Жоспардың орындалуын бақылау құқығы мемлекетте болады.

Асхат Бекенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сатып алып, компаниялар бағытын өзгертіп, өнімін басқаша пайдаланып, басқа да талаптарын енгізетін болса, ондай ұсыныстар қабылданбайды. Әрбір жекешелендіру процессінде мемлекет тарапынан талаптар қойылу керек. Ең бірінші – қазіргі әлеуметтік жағдайда жұмыс орындары сақталу керек, осы компанияларда жұмыс істейтін, біздің азаматтар, екінші - профилін сақтау керек. Үшінші, сол компнаиялардың ары қарай дамуы мемлекет тарапынан да, жеке тарапынан болу қажет.

Қазақтың қалталы азаматтары да өтпелі кезеңде сырттағы қаржыларын ел экономикасына құйып, жекешелендіруге бір кісідей атсалысуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Біз жас мемлекетпіз және біз сіздерге жинаған қаржыларыңызды осында алып келіп, жекешелендіруге қатысып, қазақстандық активтерді өздеріңіздің иеліктеріңізге алуға үлкен мүмкіндік жасап отырмыз. Яғни сіздер осы уақытқа дейін жиған-тергендеріңізді елге қайтарып, емін-еркін өмір сүріп, тыныш ұйықтайтын боласыздар.

Инвесторлар монополияға айналған Ұлттық компаниялардың халықаралық стандарт талаптарын жетілдіреді. Сондай-ақ, жұмыс тиімділігін арттыра отырып инвестициялар мен жаңа технологиялар тартады.

Асхат Наметша, экономика ғылымдарының кандидаты:

Біріншіден жекелендіру процесі тиімділікті арттыру үшін қажет. Екіншіден, бұл бәсекелестік нарығын дамыту. Жалпы дамыған елдерде мемлекттің үлесі аз. Мемлект болған кезде тиімділік төмен, нәтижелелік аз болуы мүмкін. Сондықтан, өсім арту үшін жекешлендіру процессі басталады.

Ұлттық экономика министрлігі қазір жұмыс регламенті мен тәуелсіз кеңесшілерді таңдау қағидаларына қатысты нормативтік құжаттар әзірлеп жатыр. Ол біткен соң жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын қолға алады.

Жекешелендіру науқанынан соң «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» басқарушы холдингі ықшам ұйым ретінде қайта құрылымдалады.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу