Ақтөбеде Қазақстандағы ең ірі ет комбинаты ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде Қазақстандағы ең ірі ет комбинаты ашылды

24.01.2016
Ақтөбеде Қазақстандағы ең ірі ет комбинаты ашылды
Қазақстанда соңғы жылдары мал шаруашылығы саласының бойына қан жүгіре бастады. Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 61-ші қадамы тап осы ет өндірісін дамыту мен инвесторларды тартуды көздейді.

Италияның «Иналка Еуразия» трансұлттық компаниясы Қазақстанның ет өндірісін дамытуға 100 миллион доллардан астам инвестиция құюға келісті.
Қаржы Қостанай, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында бір мезетте 44 мың бас қара малды баптайтын, бордақылау алаңдарын салуға жұмсалады.

Сондай-ақ, қазақтың еті енді италиялық компанияның брендімен шетелге экспортталатын болды. Бұл да екіжақты келсім шеңберінде жасалып отыр.
Бұл Алғадағы алып кәсіпорын. Ет комбинаты. Былтыр Президенттің қатысуымен телекөпір барысында ашылған. Комбинатың жанында бордақылау алаңы мен арнайы мал соятын кешен бар.

Ангус тұқымдас сиырлар суықтан тонбайды. Тіпті далада бұзаулай береді. Бірақ шаруашылық иелері қора салып қойған, өз еріктері, желден ықтағысы келсе кіріп шығады. Енді бұқалар қазір 1,5 жаста. Ертең салмақтары 400 келіге жеткенде, оларды союға жөнелтеді.

Абердин, Ангус тұқымы Канададан жеткізілген. 19 ғасырда будандастыру арқылы пайда болған ірі қара, бүгінде Австралия мен Канада, Жаңа Зеландияда көп. 2010 жылдан бері біздің шаруалар да етті малды шетелден әкеле бастады. Елде төлдеп жатқандарын санамағанда, қазір шамамен 40 мың бас ангус бар.

«Актеп» серіктестігі солардың бірі. Шаруашылық мал бақпас бұрын, алдымен өздеріне тиесілі 50 мың гектар жерді қоршаған. Нәтижесінде, төл түгел.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Мал шаруашылығында үлкен жетістіктерге жеткен елдерде, шаруалар өзінің жайлым жерлерін қоршайды. Біздің еліміздегі көптеген ветиринарлық проблемалар, осы жайлым жерлерін қоршамағаннан. Бір-бірімен араласып, бір-бірне ауыру жұқтырады.

Мал өсіру үшін шабындық, жем-шөптен бөлек білікті маман әрі өнімді өткізетін нарық керек. Ет өндірісін алпауыт елдер осы факторларға сүйеніп дамытқан. Бізде шабындық жер жетіп артылады.

Соңғысы тұтынушы. Енді оған да жол ашылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары - «Иналка Еуразия» корпорациясымен келісім жасады. Енді, өңірлерде ет экспортын еселеу үшін арнайы кәсіпорындар ашылады. Италиялық компания қазақ елінде мал шаруашылығына алдағы 5 жылда жарты миллиард еуро инвестиция салып, 6 бірдей өндіріс орынын ашпақ.

Андрей Вакулин, «Inalka Eurazia» компаниясының вице-президенті:
Әлемде мал бағатын суы мен нуы бар, бос жатқан жер жоқ. Канада, Бразилия, Австралия секілді ауыл шаруашылығы дамыған мемлекеттерде әр квадрат метр тапшы. Ал, Қазақтың жері төрт түлікті еселеп өсіруге өте қолайлы аймақ. Сіздердің қос бүйірлеріңізде Қытай мен Ресей сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп тұтынынатын көршілеріңіз бар. Қытай сиыр етін бертінде ғана сатып ала бастады және оларда қара малдың еті қымбат. Бұл Қазақстан үшін жақсы мүмкіндік.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
Біз ет экспортын 2017 жылы 3 мың, ал 2020 жылға дейін 6 мың тоннаға жеткіземіз. 2015 жылы Қостанай облысы небары 190 тонна ет жөнелткен.

Меморандумға сай, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының шаруалары енді ірі қараны тиімді бағамен осы ет комбинатына жеткізеді. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 984 миллион теңге. Еуропалық стандартпен салынған кешен жылына 7200 тонна ет өнімдерін шығарады.

Мал сою процесі саты сатымен жүргізіледі. Алдымен шалу цехі, одан кейін терісі сыпырылады, мүйізі мен аяғын шауып тастайды. Кейін ішек қарынын аршып, етті бөлшектеп, таразыға салып, ары қарай тоңазытқышқа жөнелтеді. Сонда бір малды союға кететін уақыт небәрі жарты сағаттан аспайды.

Жеңіс Нажықов, ет комбинатының қызметкері:
Осы жұмысқа қараша айынан бастап орналастым. Бәрі керемет, ұжым өте жақсы. Бұл неміс технологиясы, халал сойылады. Яғни, малдың басын құбылаға қаратып соямыз. Отбасым бар, әйелім және екі балам. Жалақым отбасыма жетеді.

Ішек-қарын цехқа келіп түседі. Онда малдың ішкі құрлысы толықтай жуып тазартылады. Оны да сатып алатын тұтынушылар бар болып шықты. Бұл цехта оншақты адам жұмыс істейді. Барлығы да осы ауылдың азаматтары.

Қазір комбинатта 70 адам жұмыс істейді. Ресейден келген арнайы мамандар тағы бар. Білген түйгендерімен бөлісіп жүр. Болашақта олардың орынын жергілікті тұрғындар басады.

Нұрлан Ақмурзин, ет комбинатының қызметкері:
Бұрын Арқалықтағы ет комбинатында жұмыс істедім. Қазір осындамын. Мал бауыздаймын. Өзім осы Алғаның тұрғынымын. Жұмыс ашылғалы жақсы болды.Жұмыссыз отыр едік.

Бұл комбинаттың бір ерекшелігі, сойылған малдан қалдық қалмайды. Сойылған малдың мүйізі, сирағы мен ішек қарнынан технология арқылы, қайта өңделіп, ақыр аяғында мынандай итке берілетін тамақ әзірленеді.

320 келі жарманы 8 келі пастамен 10 минуттай араластырады. Ұнтақталған сай-сирақты бөшкеге салып, 100 градус суықта ұстайды. Бұл дегеніміз барлық микробтар жойылады деген сөз. Одан соң желдеткіш арқылы суытылып, дайын тауар шығады.

Отандық нарықтың 98 пайызы өзіміздің етпен қамтылған. Жылына 400 мың тонна ет тұтынамыз. 2015 жылы ет эспорты 18 мың тоннаға жетті. Елбасының тапсырмасына сай биыл ет экспорты 60 мың тоннаға жетуі тиіс.

Жалпы қазір елімізде ірілі ұсақты 50-ге тарта ет комбинаттары бар. Бірақ «Актеп» сияқты кешен әзірге біреу ғана. «Агробизнес 2020» бағдарламасына сай Қазақстан 2020 жылы шетелге 200 мың тонна сиыр етін экспорттауы тиіс. Ауқымды жоспарды 4 жылдың ішінде жүзеге асыру керек.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу