Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік?

13.12.2015
Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік?
1991 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болған қазіргі абыз ақсақал Сұлтан Сартаев тарихи жиында Қазақстан Тәуелсіздігі туралы үлкен баяндама жасағанын жадынан бір сәтке де шығармаған.

Біз бұған дейін де айтқан пікір еді, бірақ қайталаудың реті келіп тұр. Негізі мемлекет құру деген ұлы процесс заманақырға дейін жалғаспақ. Мына дөңгеленген дүниеде адамзат баласы жаралғалы бері талай империялар өткен, қазір жұрнағы да қалмады. Талай жоқ мемлекеттер өсіп өнді.

Қазақ та қайтадан ел құрап, өз алдына мемлекет жариялағалы 24 жыл болып отыр. Бұрын да жоқ емес едік, бар едік, бірақ заман тар еді. Ұранымыз, мақсат-мұратымыз мүлде өзге сипатта еді.

Міне 24 жыл, кейбір мәселелерде күмілжіп қалып, күңкілден әріге аспасақ та - шекарамызды нақты білеміз, өз әскеріміз, астанамыз, жеріміз, еліміз бар жұртқа айналдық. Азаттықтың арқасында Мәңгілік ел болу деген ұлы мұратымызды да айқындап алдық.

Барлығы өтеді – қалатыны ел, қалатыны жер, қалатыны ұрпақ. Сол ұрпақ қанмен, термен келген Тәуелсіздікті құрметтей түсуі үшін үнемі еске салып отыру - бізге міндет.

Мирас Мұқаш, тілші:

Алматыны Тәуелсіздіктің алтын бесігі деп бекер атамайды. Оның бір себебі, осы шаһарда түрлі тарихи оқиғаларға куәгер болған ғимараттар жеткілікті. Мәселен, дәл 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіздік пен мемлекет егемендігі туралы заңды осы ғимараттың ішінде қабылдады.

Төбесінде Тәуелсіз Қазақстан жалауы желбіреген тарихи ғимарат қазір ЮНЕСКО-ның қорғауында. Ұлтымыз үшін маңызды құжат қабылданған нысанды қадірлеуге толық негіз бар. Мына кадрлар сол кезеңнің сарқыты.

Тәуелсіздік пен мемлекет егемендігі туралы заң қабылданған сәтте толқымағандар аз. Шаттанбаған қазақ жоқ. Алматының алаңына жиналған жұрт та желтоқсанның ызғарын елемеді. Өйткені, егемендіктің әсері өте жалынды еді. Өз Отаныңның жылуын сезіну ешқашан жауратпайды.

1991 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болған қазіргі абыз ақсақал Сұлтан Сартаев тарихи жиында Қазақстан Тәуелсіздігі туралы үлкен баяндама жасағанын жадынан бір сәтке де шығармаған.

Сағат 18:00-де басталған баяндамасын тура 18:08-де аяқтағанын да Сұлтан Сартайұлы ұмытпайды. Өйткені, ол ешқашан естен шықпайтын сәт. Әлемде 149 мемлекет болса, соның бірі Қазақстан екенін жүрген жерінде мақтан етеді. 1991 ел басына бақ қонған жыл болғанын ерекше тебіреніспен жеткізеді.

Сұлтан Сартаев, ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы:

Тәуелсіздік деген сезімнен қуанышты, өрісті, дәрісті сезім жоқ. Әрбір мемлекеттің өміріндегі ең бақытты шақ - Тәуелсіздік шағы. Міне, сондықтан, мен трибунаға келген кезде халқымыздың Тәуелсіз мемлекет болған күнін бүкіл дүние жүзіне жариялауға көтеріліп келгенімді есімнен шығарғаным жоқ.

Тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхамедқанұлы 1991 жылы Қытайда ұстаздық етті. Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясы зерттеу институтының жауапты орынбасары болды.

Радио арқылы Қазақстан егемендігіне қол жеткізді деген хабарды естігендегі жүрек толқынысын айтып жеткізе алмайды. Еліміз үшін еңбек етейік деген тоқтамға келіп 1993-те атамекенге ат басын тіреді.

Нәбижан Мұхамедқанұлы тарих ғылымдарының докторы:

Тоқсан бірінші жылы қазақ жастары, біздің сол кезде жалпы қазақ шіркін-ай біздің Қазақстан Тәуелсіздік алса екен, Тәуелсіздік келе жатыр деген үмітте болдық. Сол күнді асыға күттік. Дәл Тәуелсіздік жарияланғанда біз жастар өзімізше бас қосып, Тәуелсіздікті құттықтадық. Қазақ енді өлмейді деп мен сонда айтқан едім. Өйткені, Тәуелсіздігі бар қазақтың өмірі енді басталды деген танымға келген едік.

Тәуелсіз елдің Президентімен кездескен әр сәтін бағалайтын Қазақбай Қасымов қазір «Мәңгілік елдің құшағындамын» атты кітап жазып жүр. Үстелге сыймай үйілген суреттерін іріктеп, өмірбаяндық басылымына жарияламақшы.

Түрік этномәдени орталығының басшысы бауырмал ұлттың топырағында Тәуелсіздік жарияланған күн әлі күнге көз алдымда, дейді.

Қазақбай Қасымов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Тәуелсіздігімізден артық қасиетті де қымбат ұлы арман бар ма? Орасан зор биік мақсат бар ма? Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің тірегі Елбасымыздың өзі құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы достық пен татулықтың, келісімнің киелі бесігі. Ұлтаралық сыйластық пен ынтымақтастықты көрсетудегі бейбіт өміріміздің белгісі.


Демек, Тәуелсіздікті қастер тұту, құрметтеу қазақ қана емес, елімізді мекендеген әрбір азаматтың парызы. Жүз отыздан аса этносты бауырына басқан Қазақстанның бейбіт бірлігін дамытып, тірлігін нығайту – қасиетті борыш.

Дулат Исабеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы:

Тәуелсіздік мерекесі - қазақ халқы үшін ең басты мереке. Осыны ұмытпауымыз керек. Әрбір еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін. Біздің Қазақстанымыздың қолында тұрған Тәуелсіздігіміздің туы желбірей берсін. Ол үшін әрбір қазақ, әрбір адам осы Қазақ елі үшін, қазақ үшін мемлекеттігімізді нығайту үшін әрқайсымыз жұмыс істеуіміз керек.

Ұлы даланың, мәңгілік елдің жас ұландары да қазір қазақ әнін шырқайды. Қазақ қаламгерінің өлеңін жатқа айтады. Тәуелсіздіктің бізге берген көп тартуының бірі осы.

Балалар:
Көк аспандай көкпеңбек Қазақстан жалауы,
Көк емес ол тектен-тек елдің ашық қабағы.
Айнымайды аспаннан біздің Тудың бояуы,
Халық оны қашанда биікке іліп қояды.
Мен қазақ қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын!
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ.
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!
Күн көреді әкесіз де, анасыз.
Өмір сүрер әйелсіз де, баласыз.
Ал, Отансыз нағыз сорлы, панасыз.
Білесің бе, Отанның сен не екенін?
Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.
Екі Отан жоқ, жалғыз Отан – тірегің!


Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу