Шетелдегі қандастар Тәуелсіздікті қалай қабылдады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі қандастар Тәуелсіздікті қалай қабылдады?

13.12.2015
Шетелдегі қандастар Тәуелсіздікті қалай қабылдады?

Қазақстанның Тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған Түркия елі. Мұндағы мыңдаған қазақ желтоқсанның бұл түндерін ұйқысыз өткізген.


Қазақстан азат атанумен бірге – ұлы көш басталды. Естеріңізде болар, Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия мен Ауғанстан, Түркіменстан секілді мемлекеттерден ата жұртқа оралған ағайынның жиын саны бір миллионға жуықтады. Шамамен 260 мыңдай отбасы туған жерге оралған. Бұл бір үлкен үстеме, мұқым қазақтың зор жеңісі еді.

Ұлы көштің кейінгі жылдары ептеп саябыр тартқанын да жасыра алмаймыз. Оған түрлі себептердің де болғанын ішіміз біледі. Дегенмен, «Елге ел қосылса – құт», деп білетін қазақ бұл көшті біржола тоқыратып тастамасы анық.

Талай тар заманда тарыдай шашылып, есін қайта жиып, етегін жапқан қазақ үшін азаттықтан қадірлі ұғым болмаса керек.

Үзбен Құрманбайұлы, қоғам қайраткері, жазушы:

Шеттегі қазақтар бөркін аспанға атып, тіпті ерекше қуанды.


Мұрат Ерміш, Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы:

Жыладық қой. 1991-де барғанда мен бірінші ұшақтан қонғанда жерді сүйдім.


Жарқын Сағатұлы, зейнеткер, Бейжің тұрғыны:

Сол күні өз арамызда осындағы қазақ қауымдастығы бірін-бірі құттықтап тойладық. Ресми қуандық.


24 жыл бұрынғы асқақ сезім, қуанып шаттанған сәттер әлі күнге дейін сөз алдарында. Сүйіншілесіп бір-біріне шапқылады, ақсақалдар ақсарбас деп көзіне жас алды. Тәуелсіздік – тәтті ұғым, Тәңірдің сыйы. Бұл – ата жұртым деп аһ ұрған әкелерінің ұлы арманы, елім деп еңіреген аналарының көз жасы еді.

Басқасы басқа, егемендік сөзін шеттегі қазақтар асыға күтті. Қазақстанның Тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған Түркия елі. Мұндағы мыңдаған қазақ желтоқсанның бұл түндерін ұйқысыз өткізген. Елең-алаң, ел жақтан зарыға хабар күткен кез.

Қызырбек Ғайратулла, Стамбул қаласының тұрғыны:

Қазақстан Тәуелсіздік алған түні түнгі сағат 02:00-де хабар шықты. Қазақстан Тәуелсіздігін алды, біз тындық деді. Мен Қазақстанға телефон шалдым. Олжас Сүлейменовке. Ол жақта сағат таңғы 06:00. «Аға сүйінші!», дедім, «Не болды?», деді, «Тәуелсіздік алыпсыздар. Түркия таныды, осылай той қылып жатырмыз. Қайырлы, құтты болсын!», дедім.

Жау жағадан, бөрі етектен тартқан аласапыран заманда, Пәкістан, Ауған асып, Иранды басып өтіп, түрік жеріне арып-ашып жеткен мыңдаған қазақты бауырына басып, пана болды, аға болды. Қазақ та бұл елге тез сіңді. Екінші Отанымыз деп қабылдады. Бірақ, өз елінің Тәуелсіздігі – бөлек қуаныш еді.

Қызырбек Ғайратулла, Стамбул қаласының тұрғыны:

Қуандық, елді жидық. Ақсарбас айтып, мал сойдық. Дұға қылдық. Қолымыздан келгенді жасадық.


Түркияда қазір 25 мың қазақ бар. Жартысынан көбі елде экономикалық ахуал қиындағанда, көп түрікпен бірге Еуропа жеріне кеткен. Қай жер, қай құрлықта жүрсе де олар үшін үлкен үй, қара шаңырақ – Қазақ елі.

Ал өз шаңырағының аты болғанымен, түтіні 15 көршісімен бірігіп бір жерден шыққаны олардың көңіліне көлеңке түсіріп келген еді.

Мұрат Ерміш, Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы:

«Қазақпын, Қазақстан деген мемлекет бар», дегенде олар қарайды, «Қай жерде?», дейді. Картаны ашады, Кеңес одағы дейді мына жерде. Біреу мына жер Қытай дейді. «Қазақ деген мемлекет жоқ», дейді. Картаны көр дейді. Мен оларға «Қазақ деген ел бар, Қазақстан деген мемлекет бар», деймін. Бірақ, өте қиын болған.

Мұрат Ерміш Түркияда туған. Қазір Швецияда тұрады. Жеке кәсіпкер. Жергілікті Парламенттің депутаты да болған. Швецияда қазір 500-ден астам қазақ бар. Мұрат үшін Тәуелсіздік ерекше ұғым.

Мұрат Ерміш, Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы:

Мен 1992-де келгенде нан алайын дегенде нанды әрең таптым, кешіріңіз, мынаның ақшасы қанша деймін, бәрі менімен орысша сөйлеседі. Өте қиын болды. Олар айтады, біз 70 жыл бодан болдық деп. Мен айттым, жоқ кешірмеймін. Сен қазақсың, сенің Отаның да жүріп те қазақшаны білмейсің. Ұят.


Еуропадағы қазақтың дүниетанымы бөлек. Олар мемлекеттен әлдеқандай көмек сұрамайды. Мен не бере аламын, деген түсінік басым.

Мұрат Ерміш, Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы:

Сенің мемлекетің Елбасың саған не береді деп сұрама, сен не беремін деп айт дейді. Біз мемлекетімізге қандай көмек береміз деп сұрауымыз керек.


Тәуелсіздікпен қатар, қазақтың көші де түзелді. Ең бірінші ағылып келген Қытай мен Моңғолиядағы қандастар еді. Жарқын Сағатұлы сол күндердің әр минутына дейін біледі. Қуаныш пен сағыныштың жасы көл болып аққан керемет сәттер еді деп есіне алады.

Жарқын Сағатұлы, Бейжің қаласының тұрғыны:

Қазақстан Тәуелсіздік алғанын жариялады. Екінші біздің ойымыз не болды десең, Қазақстан Тәуелсіздік жариялады, сөз жоқ, Қытай үкіметі оны таниды, мына Бейжіңде елшіхана ашылады деп соны ойладық. Күнде іздеумен болдық, қай жер екен деп.

Қытайда Қазақстанның елшілігінің ашылуы зор қуаныш болды. Елден азаматтар келіпті, елшілік ашылыпты дегенді естіген Бейжіңдегі қазақтар бас қосып амандаса барған.

Жарқын Сағатұлы, Бейжің қаласының тұрғыны:

Барсақ рас, үлкен биік құрылыстан үлкен бір үй алған екен. Үйдің іші бос жатыр, аңырап, адамдары келіпті, елші келіпті, кеңесші келіпті. Олар сол бос үйде жобалап отыр екен. Мұрат Әуезов келіпті.

Шама-шарқымызша елшілік жұмысына қолқабыс қылдық дейді, Жарқын Сағатұлы. Өйткені, тарихи Отанына оралғысы келетін қытай қазақтары көп болатын.

Көш керуенді бірінші бастап кеткен Моңғолиядағы қазақтар еді. Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялапты деген бір ауыз сөз тез тарап кеткен.

Үзбен Құрманбайұлы, қоғам қайраткері, жазушы:

Бір-бірінен сүйінші сұрап, ойбай Қазақ елі жеке ел болыпты, шаңырақ көтеріпті, енді қайтуіміз керек? Ауылда отырған үлкен ақсақалдардың өздері құлағын тігіп ерекше толқын пайда болды. Әсіресе, қариялар көзіне жас алды ғой.

Онсыз да қобалжып отырған қазаққа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кезде жариялаған мына хаты ерекше әсер етті.

«Қымбатты Отандастар! Ежелгі ата мекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтар алаңдатып келгенін мен жақсы білемін.

«Туған жердің түтіні ыстық», дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы ел аралық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа Республикалардан және шетелдерден селолық жерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады.

Сондықтан, ата мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!»
Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, 1991 жыл

Үзбен Құрманбайұлы, қоғам қайраткері, жазушы:

Ең соңында Сіздердің асығатындарыңызды білемін. Түптің түбінде мен сіздерді жинап аламын деген ыстық сөзі әсте естен қалмайды. Ерекше, осы сөзді естіген шетте жүрген 6 миллион қазақтың жүрегінде үлкен қобалжу пайда болды.

Ең алғаш ақ тілек хатын жазған кезде 1991 жылы Қазақ елінің өзінде түк жоқ болды. Дұрыс құрыла алмаған кез. Нақтылық ауыртпалықты өткізіп жатқан кез болатын.

Дүкендердің барлығы аңырап бос қалған кез. Сонда аузынан жырып отырып, шеттегі қазақтарды көлікпен апарып, ұшақтарын ұшырып, күніне 10 рейстен жасатып тұрды ғой. Сөйтіп әкелді.

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі бір жылға толар-толмас уақытта Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтті. Сағынысып қауышқан ел, айқасқан құшақ, ғасырлар бойы аңсаған арман осылайша Алматы төрінде орындалды. Көзде жас, көңілде қуаныш.

«Алтын Ордам көрейінші деп келдім,
Қолым ұшын берейінші деп келдім.
Шетте тудым, шетте өстім ағайын,
Өз ортаңда өлейінші деп келдім».
Деп, ақындар өлең, әншілер ән арнады. Дәл осы жиында Президент те ата қонысқа қазақылықты аңсап жеткен ағайынға домбырамен ән айтты.
Туған жердің топырағана тәу етпейтін қазақ жоқ. Ұшақтан түсе сала жерді сүйіп жатқан, бір үзім нанын қастерлеп аузына салған мына көріністер шынымен жан тебірентеді.

Үзбен Құрманбайұлы, қоғам қайраткері, жазушы:

Келгендер жылады. Жылап, алғашқы келгенде Түркістаннан бір кішкене дорбаға топырақ салып алып, әлгіні иіскеп сосын сол қалпымен алып кетіп жатты ғой.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері миллионға жуық этникалық қазақ еліне оралды. Бұл шамамен 300 мыңға жуық отбасы.
Үзбен Құрманбайұлы жуырда ғана Қытай, Моңғолия қазақтарын аралап қайтыпты. Соңғы қабылданған көші-қон туралы заңнан кейін елге қамданып жатқан көп қазақты көріп, қуанып қайтыпты.

Үзбен Құрманбайұлы, қоғам қайраткері, жазушы:

Біз Қазақ еліне берсек, соған септігімізді тигізсек дейді. Бір кірпіші болып қалансақ, біздің арманымыз сол, бір уығы болып шаншылсақ дейді. Ендігі идея сол екен.

Көп қазақ ата жұртымыздың дамуына тілектес қана емес, үлестес болып жүр. Алғашқы құрылтайда Түркиядан келген қандастар Президентке мына көк байрақты сыйлаған еді. Сол көк Тудың астында Тәуелсіздіктің арайлы таңдары атып жатыр. Тұғырлы, ғұмырлы болғай!

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу