Ақтөбеде арнайы инвестициялық форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде арнайы инвестициялық форум өтті

29.11.2015
Ақтөбеде арнайы инвестициялық форум өтті

Ауқымды шараға еліміздің салалық министрлері, ұлттық компаниялар, қаржы институттары, шетелдік бизнес құрылымдары мен көрші Орынбор облысының әкімшілігі қатысты.

Қазақ елі – Кәрі құрлық пен Сары құрлықтың арасындағы алтын көпір. Осы жағдайды тиімді пайдалануға, транзиттік әлеуетті күшейтіп инвестиция тартуға ел билігі үнемі ұмтылып келеді. Ақтөбеде арнайы инвестициялық форум өтті.

Ауқымды шараға еліміздің салалық министрлері, ұлттық компаниялар, қаржы институттары, шетелдік бизнес құрылымдары мен көрші Орынбор облысының әкімшілігі қатысты. Нәтиже жаман емес. Форумға қатысқан отандық кәсіпорындар - 1 миллиард доллар болатын келісімдер бекітті.

Халықаралық форум облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін жария ететін көрме жұмысынан басталды. Оған аймақта тұрақты жұмыс істеп келе жатқан компаниялар түгел қатысты. Арасында Ақтөбе мыс компаниясы ұсынған жоба да бар. Іргетасы 2005 жылы қаланған кәсіпорында 1300-ден астам адам еңбек етеді.

Жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар. Бір ерекшелігі, компания ауылға тегін газ, телефон желісін тартып берген. Алдағы уақытта Құндызды, Лиманды, Аралша кен орындарын ашуды көздеген кәсіпорын тиімді ұсыныстар болса, инвестормен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

Алмас Бекбауов, кәсіпорын директорының орынбасары:

Тоқырау болып жатқан кездерде Елбасының салиқалы саясатының арқасында елімізге шетелдің инвестициясы тартылып, шамалы тұрып қалған кәсіпорындардың, кен орындарының жұмысы жанданды. Тартылған инвестицияның көлемін айтар болса, 625 миллион АҚШ доллары. Біз жылына 550 миллион доллар салық төлеп отырмыз. Жұмысшылар тұрақты жұмыс жасайды.

Ақтөбе облысында 700-дей шетелдік компания жұмыс істейді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің облысқа тиесілі бөлігі аяқталды. Келер жылы Ресейдің Астрахан облысына дейінгі жолдың құрылысы басталмақ. Бұл жұмыстар аймаққа тартылатын инвестиция көлемінің одан әрі артуына сеп болмақ.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

Келесі бір бағыт Ақтөбеден Орскіге жол салу. Сол арқылы әрі қарай Челябинскіге, Магнитогрскіге, Свердловскіге жол ашу. Елбасының тапсырмасына сай тағы бір жоба іске асуы керек, ол орталықтан Ақтөбеге, Ақтөбеден Ақтауға баратын жол.

Транзиттік көлік дәлізі байланыстыратын елдермен әріптестік орнату аса маңызды. Мәселен, қазір Орынбор облысымен арада бірлескен 100 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Орынборлық компаниялар Ақтөбеден хром рудаларын алса, біздің кәсіпорындар Ресейден қажетті шикізат түрлерін тасымалдайды. Алдағы уақытта алыс-берістің көлемін одан әрі арттыруға екі жақ та мүдделі.

Юрий Берг, Орынбор облысының губернаторы:
Ақтөбеге жиі келемін. Екі өңір арасында мәдени және экономикалық байланыс жақсы дамыған. Мен рельс-арқаулық зауытын тиімді жоба дер едім. Зауыт кешені Новотроицк қаласындағы металлургия комбинаты мен «Металл инвест» компаниясынан болат шикізатын алады. Әріптестерімізге сапалы шикізат жіберіп отырмыз.

Жоспар бойынша 2016 жылы қалада ірі көлік-логистикалық орталықтың құрылысы басталады. Орталық арқылы Парсы шығанағы елдерінің, Қытай, Түркия, Еуропаның транзитті жүктері өтеді. Бұл аймақ экономикасына да оң ықпал ететіндігі сөзсіз.

Асқар Мамин, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ президенті:

Ол Ақтөбедегі кәсіпорындардың өнімдерін шетелдерге және басқа аймақтарға тасымалдауға мүмкіндік береді. Жер телімі бөлініп, инфрақұрылымы дайындалды. Орталық 2017 жылдың жазында ашылуы керек. Көлік-логистикалық орталық әуежайға жақын орналасады. Бұл әуе терминалы арқылы өтетін жүк көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыстағы 380 елді мекеннің 103-і көгілдір отынмен қамтылған. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы облыс басшылығымен 24 миллиард теңгенің келісіміне қол қойып, Ырғыз, Әйтеке би, Ойыл және Қарғалы аудандарының елді мекендеріне газ желісін тартуда. Бұл өз кезегінде аудандардағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына және инвестиция тартуға да жағдай туғызады.

Қайрат Шәріпбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры:

Ең арзан газ - Ақтөбеде. Біз бұған дейін ең ауқымды жобаның бірі – «Бозой-Бейнеу» газ желісінің құрылысын аяқтадық. Қазір Ақтөбе газын оңтүстік аймаққа жеткізу жұмыстары жүруде. Одан әрі Қытайға экспорттау мүмкіндіктері қарастырылатын болады.

Форум жұмысы барысында Ілеспе газды өңдеу зауыты, Никель және цемент зауыты жобаларын жүзеге асыру үшін «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы, әкімдік және инвесторлар арасында келісімге қол қойылды. Басты міндет – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Ақтөбе облысы – Еуропаға шығатын қақпа. Өңірде пайдалы қазбалардың үлкен қоры бар. Сондықтан, инвесторлар тарту аса маңызды. Осында жұмыс жасаймын дегендерге барлық жағдай бар.

Форумға он елдің өкілдері қатысып, тек Ақтөбе облысының ғана емес, еліміздің мүмкіндіктерімен танысты. Нәтиже жаман емес, 13 меморандум қабылданды.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу