Шымкентте инвестициялық форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте инвестициялық форум өтті

09.11.2014
Шымкентте инвестициялық форум өтті

Жаһандық экономикада көп қолданылатын термин - инвестиция. Анықтама бере кеткен артық етпес. Инвестиция бұл – қаражатты ұзақ мерзімге әр саладағы кәсіпорындарға, кәсіпкерлік жобаларға, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға немесе инновациялық жобаларға құю.

Алайда, саясат пен қулық араласқан, біреу-біреуге қарыз беруге сенбейтін бұл заманда, бір мемлекеттің бір мемлекетке қаржы құя қоюы тіптен екіталай. Ол үшін Қазақстан тәрізді инвесторлар үшін тыныш, елі мен жері бүліктен аман ел қажет.

Азаттық алғалы біздің елге 180 миллиард доллар шамасында шеттен инвестиция келген. Бұл Орталық Азияға құйылған жалпы қаржының 70 пайызы. Соңғы 3 жылда қазақтың экономикасына 5,7 миллиард доллар ақша құйылған. Инвесторларды тарту жағынан Түркия, Польша, Румыния, Беларусь, Әзірбайжан елдерін артқа қалдырыппыз.

Осы аптада Шымкентте өткен инвестициялық форум экономикаға құйылар қаражатын тағы бір арнасын анықтап бергендей. Шетелдің 500-ден аса кәсіпкері қатысқан «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа мүмкіндіктер» атты зор жиынның біздің елге берері не?

Қазақ жерінің қойын-қонышы кенге толы. Кей деректерде шикізаттың молдығынан Қазақстан жаһанда 10-шы орында деп көрсетіледі. Бұл – ірі инвесторлардың біздің елге деген зор ынтасын оятып отырған негізгі факторлардың бірі.

Екіншісі әрине, салық жеңілдігі, жөнсіз тексерулерге жарияланған мораторий. Мұндай жеңілдіктерді біз ғана емес шикізат қоры мол көршілер де жасап отыр. Форум «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа мүмкіндіктер» деп аталды.

Мақсат – кәсіпкерлерге жеңілдіктер мен тиімділікті түсіндіру. Мысалы, шетелдік инвесторларға  өңірдегі «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» мемлекет бағдарламасының екінші бесжылдығында жүзеге асырылатын 40- қа жуық жаңа жоба таныстырылды.

Дэвид Паркер, «VLADIX  INC» қаржы холдингінің меншік иесі:

Қазақстанның біраз жерлерін аралап шықтым. Маған ұнағаны, өндіріс орындарына, кәсіпорындар ашуға өте қолайлы жағдайлар жасалған. Әсіресе, еркін экономикалық аймағы кәсіпкерліктің дамуына зор ықпал етеді.

Сырттан инвестиция тарту бағдарламалары да жақсы жолға қойылған. Алдағы уақытта біз бұл елге сырттан инвесторлар тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсететін боламыз.

Жиынның Оңтүстікті Қазақстанда өтуі бекер емес. Бұл өңірде инфроқұрылым толық бар, климаты да жұмсақ. Халық тығыз, сондықтан, жұмыс күші де көп. Оған мемлекеттің жүйелі қолдауын қосыңыз.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі:

Облыс индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске қосылған кәсіпорындар саны бойынша елімізде бірінші орынға тұрақтады. Қазірдің өзінде осындай 170 жоба жүзеге асып отыр.

Бұл елімізде барлық жобалардың он сегіз пайызын құрайды. Соның ішінде 104 өндіріс орны тұрақты жұмысын жүргізуде. Басым көпшілігі ауыл шаруашылығы өнімдері мен тамақ өнеркәсібіне жатады. Соңғы бес жылда осы саланың өнімдері екі есеге ұлғайды.

Форумды жүргізген ресейлік сарапшы Александр Ивантер Қазақстандағы инвестициялық климат Ресейге қарағанда әлдеқайда жақсы, деген пікірін жеткізді. Оңтүстіктегі бизнесті қолдаудың үздік тәжірибесіне еліміздің Экономикалық даму және инвестиция вице-министрі Альберт Рау да оң бағасын берді.

Жаңа жұмыс орындарының экономикадағы орасан орны да салмақталды. Шетелдік іскер азаматтарды  қолдау үшін бүгінде қазынадан 415 миллион АҚШ доллары көлемінде  қаржы бағытталған. 92 гектар жерге сауда логистикалық орталығы салынып жатыр. Жыл соңына дейін 230 мың шаршы метр А класты қоймалар пайдалануға берілмек.

Бұған дейін Германия, Венгрия, Корея, Ресей, Польша  секілді елдермен орнатқан әріптестік нәтижесінде жалпы  құны 1,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын 29 жоба іске асқан. Әзірге нәтижесі жаман емес. 

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары:

Жалпы қол қойылған меморандумдардың құны 865 миллион немесе 160 миллиард теңгенің айналасында. Бұлар нақты жобалар. Мысал үшін үш текстиль компаниясы, Кореямен, Түркиямен, Өзбекстанмен және екі фармацевтикалық зауыт, бұл Жапон елімен көршілес Ресеймен бірлескен жоба. 

Форум аясында екіжақты бірнеше келісім бекіді. Машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі де бар. Сонымен қатар, құрылыс индустриясы, туризм, «жасыл» энергетика, тағы басқа салалардағы жобалар қамтылды.

Іскерлік кездесулер қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жалпы сомасы 157 миллиард теңгені құрайтын 17 меморандумға қол қойылды.

Каземиж Марцинкевич, Польша Республикасындағы  кәсіпорындардың басқарма кеңесшісі:

Біз Қазақстанға отызға тарта кәсіпорын басшыларымен келдік. Кешегі күннің өзінде елдің солтүстік бөлігінен машина жасайтын зауыт ашу жөнінде келісім шарт жасалды. Бүгінгі форумға келудегі мақсатымыз өңірдің экономикалық жағдайымен танысып, бірнеше жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізетін боламыз.

Хасан Тұрхан, Түркиялық «Шамрок» компаниясының басқарма төрағасы:

Фабрикамыз біткенде 1200 адам жұмыспен қамтылады. 100 миллион долларлық жылдық айналым көздеп отырмыз. Осы айналымның үлкен бөлігі экспортқа кетеді.

Оңтүстік облыста кореялық «КИОТИ» брендімен трактор құрастырылмақ. Бірер жыл уақыт керек. Одан бөлек, жапондық рентген, электрондық медициналық жабдықтар мен медициналық автокөліктерді жабдықтайтын бірлескен зауыттың құрылысы да басталмақ.

Жергілікті «Зерде» және ресейлік «Фармасинтез» компанияларының бірлескен зауыты салынады.  7 сағатқа созылған форумдағы екіжақты келісімдердің  нәтижесі осы. 

Инвесторлар түс ауа шағын құрамда тағы бір бас қосып, машина жасау саласына қажетті  кадр дайындау жөнінде де бір келісімге келді. Себебі, Қазақстанда құрастырылатын көліктерге қажетті қосалқы бөлшектердің 30 пайызы отандық өнім болып отыр.

Серғазы Күнтуаров, «Кентау» трансформатор зауытының бас директоры:

Бүгін біраз меморандумға қол қойылды. Ол оңтүстіктің жетістігі деп ойлаймын. Ауылшаруашылығы жағынан да,  машина жасау жағынан да. Үлкен инвесторлар келіп жатыр.  

Бұл форум машина жасау саласында еңбек етіп жүрген профессор ғалымдарының қатысуымен де есте қалды. Бұған дейін елімізде машина жасау саласында 10 жоғары оқу орны кадр дайындап келсе, енді олар шетел ғалымдарының дәрісін тыңдап, біліктілігін арттырмақ.

Яғни, мамандарды   мемлекет тарапынан шетелге барып оқытуға және ол жақтың  ғалымдарын біздің елге шақырып тәжірибе алмасуға қаржы бөлінбек.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу