Головкин жеңді. Генадий Головкинмен жекпе-жекке шыққан канадалық Давид Лемье сегінші раундтта тізе бүкті. Ал, Қазақстан боксшысы осымен 21-ші мәрте қарсыласын қатарынан нокаутпен жеңіп, әлемдік рекордты тағы жаңартты.
«Жанкүйерлерге шоу сыйлағаным үшін ризамын», деді біздің Гена. Бокс тарихына жаңа серпін енгізіп, орта салмақтың үздігі болғысы келетінін де жасырмады чемпион.
Рас, қазақ боксымен әлем санасады. Рас, қазақ боксының тегеурінді қырандары көп. Рас, қазақтың бокс мектебі шын үздіктерді дайындады.
Генадий Головкиннің жекпе-жегін қазақ жанкүйерлері ерекше ықыласпен күтті. Жеңісті көрді, масайрады, бірінен-бірі сүйінші сұрады, мақтанды, шаттанды.
Сонымен, жарты жылға жуық қазақстандықтар ғана емес, дүние жүзі асыға күткен жекпе-жектің де нүктесі қойылды. Жерлесіміз Геннадий Головкиннің жеңісіне еш шүбә болған жоқ, әрине.
Дегенмен, осы жолғы Генаның қарсыласы 26 жастағы канадалық Давид Лемьенің оңай беріле салатын босбелбеу емес екендігі де белгілі еді.
5-ші раундта Геннадий өзінің ежелгі әдісі - яғни, бүйірден сол қолмен ұру арқылы Лемьені нокдаунға жіберді. Десе де, канадалық боксшы есін тез жиып, жұдырықтасып бақты.
Бірақ, ол Геннадийдің жойқын соққыларына 8-ші раундқа дейін ғана шыдас бере алды. Қарсылық көрсетуге шамасы келмей қалған канадалық боксшыны құлаудан тек реферидің жекпе-жекті дер кезінде тоқтатуы ғана аман алып қалды.
Осылайша, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы 34-ші жеңісіне және 31-ші нокаутына қол жеткізді.
Жекпе-жектен соң бірден америкалық арнаға берген сұхбатында Геннадий Головкин өзіне тән кішіпейілдік пен қарапайымдылығын сақтай отырып, қарсыласының осал емес екендігін және барлық жеңісі де ол үшін маңызды екендігін айтты. Өзін қолдауға келген жанкүйерлеріне алғыс білдіруді де ұмытпады.
90-шы жылдары Қарағанды қаласындағы Майқұдық шағын ауданының кішігірім спорт залында бала Гена алғаш бокс үйірмесінің табалдырығын аттады. Сол кездегі кішкентай ғана әлжуаз баладан бүгінде әлем танитын атақты боксшы шығады деп, ешкім де ойламады, дейді оның алғашқы жаттықтырушысы Константин Дмитриев.
Константин Дмитриев, Геннадий Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы:
Оған алдымен бокстың әліпбиін үйрету керек болды. Геннадийдің жаттығуды бастаған уақыты қиын кезеңдерге тап келді. Барлық спорт нысандары жабылып жатқан. Бірақ біздің бағымызға орай, осы жаттығу залын сақтап қалдық. Гена осы шағын рингтен өсіп шықты. Біз де, жаттықтырушы ретінде мен де мақтан етемін. Шәкіртімнің ерекше жылдамдығы мен ұшқырлығы бар, оны жеңіске жеткізетін осы қасиеті. Әзірге әлемде оған тең келер боксшы жоқ.
Әлемде болып жатқан дүниені алақаныңдағыдай көрсетіп отыратын әлеуметтік желі деген дүние бүгін тек қана Гена туралы, оның кезекті жеңісі туралы ғана жазып жатқандай.
Дүниенің төрт бұрышынан ағылған құттықтаулар легі мен шат-шадыман көңіл-күйді білдіретін посттар желінің әр жерінде жарияланып жатыр.
Шетелдік Криштиану Роналду, Владимир Кличко, өзіміздің Илья Ильин мен Денис Тен сияқты спортшылар да Генаға өз ықыластарын осы әлеуметтік желі арқылы білдіріпті. Геннадий Головикиннің өзі де жекпе-жек аяқтала салысымен, Twitter-ltu3 парақшасында «Бүгін түнде жеңіске жетуіме көмектескен менің жанкүйерлеріме, менің адамдарыма, еліме рахмет айтамын!» деген жазба қалдырды.
Жуан жұдырығымен ғана емес, жұмсақ жүрегімен де миллиондаған адамның көзайымына айналған Геннадий Головкин қашан да өзінің Отаны туралы ыстық ықыласын білдіріп жүреді. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, Қазақстаннан екендігін мақтанышпен айтады.
Тіпті Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті бір отырысында өзінің ұлты туралы сұрағандарға былай жауап беретіндігін айтқан:
Геннадий Головкин, Кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы:
Менен ұлтым туралы сұрағанда әкем – орыс, анам – корей, ал мен – қазақпын деп жауап беремін.
Осылайша, Геннадий Головкиннің тағы бір тартысты тайталасы тарих қойнауына қарай көшті. Енді алда жаңа жекпе-жектерге дайындық, жаңа жеңістерге ұмтылыс.
Спорт сарапшыларының пайымдауынша, қазақстандық боксшының келер жылғы қарсыласы 21 қарашада қолғап түйістіретін Сауль Канелло Альварес пен Мигель Котто жекпе-жегінің жеңімпазы болуы тиіс.
Амандық болса, ол күнге де жетерміз. Ал, әзірге Генаның, қазақ даласынан шыққан талантты боксшының жеңісін әлемнің әр түкпірінде жанкүйерлері тойлап жатыр.
Айдос ӘШІМҰЛЫ