Асқар Мырзахметов өңірлерді аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мырзахметов өңірлерді аралады

13.09.2015
Асқар Мырзахметов өңірлерді аралады

«Нұр Отанның» соңғы саяси бюросында ел Президенті жетекші күш ретінде партияның алдында тұрған маңызды міндеттерді нақтылап айтты, есте шығар. Партияға қазақстандықтарды тұғырлы 5 реформаны және «100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыруды, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына бақылау орнатуды шегелеп тапсырды. Қоғамда бірлікті бекемдеп, өңірлермен жұмысты күшейтуге жекелей тоқталды.

Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға және партия жұмысын жетілдіруге белсене кіріскен партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен осы аптада Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, Алматы мен Семей қалаларында болды. Аймақтағы партия қызметімен жан-жақты танысты.

Партия төрағасының бірінші орынбасарының  өңірлерге жұмыс сапары Оңтүстік Қазақстаннан басталды. Партия активінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов филиал төрағасы қызметіне сайланды.

Дәл осындай жиын Алматы қаласында да өтті. Филиалдың кезектен тыс конференциясында Асқар Мырзахметов филиалдың бұрынғы төрағасы Ахметжан Есімовке алғыс айтып, жаңа сайланған төраға Бауыржан Байбектің жұмысына табыс тіледі.

Асқар Мырзахметов партия жұмысын жетілдіріп, оның беделін нығайту үшін алты міндетті мақсат етті. Біріншіден, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жүйелеу, орталық аппарат пен өңірлер арасында тығыз байланыс орнату. Ол үшін барлық аймақтық филиалдарға нақты индикаторлар белгіленіп, күн тәртібіндегі міндеттер межеленіп, жұмыс нәтижесі бағаланады.

Екіншіден, барлық мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау және бағалау. Яғни, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалау. 

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бюджеттің аясындағы атқарылып жатқан бағдарлама орындалса, сол құрылым партияның сайлауалды тұғырнамасы, яғни, халықтың алдындағы алған міндеттемесі орындалды деген сөз. Ондағы мақсатымыз - кемшіліктерді анықтағаннан кейін жаппай бәрін сынау емес, сол тиімділікті арттыру әкімдерге көмектесу, Үкіметке көмектесу.

Үшіншіден, қоғамдық қабылдаулардағы арыз-шағымдарды талдау. Яғни, қайталанып отырған немесе созылып, шешілмей жатқан шағымның себебін, қандай орган жұмысына байланысты түскенін, қай жерде, қандай лауазым иесі шешпегенін анықтап, шара қолдану.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Егер де ауыл әкімінің деңгейінде шешілетін дүние болса, ауылдың әкімінің оған құзыреті жететін болса, онда ауылдың әкімі оны неге шешпеді соны, оған объективті себебі болса, ол жағдай бір басқа, ал егер де субъективтік яғни бюракратиялық жағы басқа болса, онда соны шешпей отырған шенеуніктерге шара қолдануымыз керек. Ауылдық, аудандық, облыстық, министрлік деңгей болсын, мейлі, бәрібір. Кімнің құзырындағы дүние неге шешілмеді, соны қараймыз.

Төртіншіден, «Жас Отанның» жұмысын практикалық тұрғыдан жүргізуге, яғни, нақты іске көшу. Бұл үшін жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаларға талдау жүргізіліп, олардың тиімділігі бағаланып, «Жастар қанаты» оларды жүзеге асыруға белсене атсалысулары тиіс.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Тек қана флэшмобты ұйымдастырып қана қоймай, күнделікті жастардың проблемасына байланысты, яғни, жастардың арасындағы жұмыссыздық, жастардың арасындағы қылмыс, жастардың арасында бизнесті дамытуы, осылардың барлығын   «Жастар қанаты» да қатаң қолға алуы керек.

Бесінші міндет  - партияның Парламенттегі мүмкіндігін барынша кеңінен пайдалану. Яғни, партия фракциялары арқылы халықтың, өндірістегі, ауыл шаруашылығындағы, басқа да салалардағы  көкейкесті мәселелерді шешетін заңнамалық құжаттардың дер кезінде қабылдануына ықпал ету.

Ал, алтыншы міндет – партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер аудандық деңгейде де ұйымдастырылып, ережесін бекіту. Осы алты міндетті Асқар Мырзахметов өңірлерді аралау барысында партияның аймақтық филиалдарына жүктеді.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы өңірлерде анықталған өзекті мәселелерді ай сайын Үкіметте өтетін арнайы кездесуде талқылауды ұйғарып отыр.

Cәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу