Нұрсұлтан Назарбаев: «Жасыл белдеу» - астаналықтар демалатын орынға айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: «Жасыл белдеу» - астаналықтар демалатын орынға айналады

14.06.2015
Нұрсұлтан Назарбаев: «Жасыл белдеу» - астаналықтар демалатын орынға айналады

Жер бетінде қолдан орман еккен алғашқы адам - қазақ екен. Қазақ болғанда да, атақты Жәңгір хан.

1832 жылы Жәңгірдің ұсынысы бойынша, Ресейдің Саратов қаласынан емен, қарағай және қайың көшеттері жеткізіліп, Бөкей ордасына отырғызылыпты. Нарын құмындағы осы орман әлі күнге жайқалып тұр.

Мұндай жапырағы қамқа көк желек біздің Астанада да бар. Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен, 1997 жылдан бері Астананы айналдыра ағаш егіп жатырмыз.

Жасампаз шаһар осы күні жасыл белдеуге оранып та қалды. Он жеті жыл бұрын отырғызылған көшеттер саялы бәйтерекке айналды.

Қаланың қайнаған құрылысымен бірге жасыл алқабы да жайнап келеді.

Жыл сайын Президент жазғысалым арнайы барып, ағаштардың жай-күйімен танысатын әдеті. Биыл да сол дәстүр, межелі уақытында жалғасты.

Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Елорданың маңындағы орманға барып, ағаштарды аралап көрді. 

Бүгінде мамандардың зерттеуінше, орман алқабы өлкенің климатына оң әсерін тигізе бастады. Азынаған жел сабасына түсіп, сарышұнақ аяздың беті қайтқан.

Соңғы жылдары бұрынғыдай кісіні ұшыратын дауыл тұрмапты. Мінекей, талаптансаң, тал-терек түгілі, тұтастай орман жасауға болады.

Бұл  көшеттер  Астана орманына  осыдан үш жыл бұрын отырғызылған. Бүгінде  бойшаңдары – бір метрге жетіп қалды. 

Үлкен күтім болмаса,  жас шыбықтар  қысқа  шыдас бермес еді.   Өйткені, орталық  өңірдің  топырағы  - құрғақ.   Орманшылар  жасыл желекті тамыры жайылғанша, ерекше күтеді. 

Ерболат Шортыбаев, жұмысшы:

Бұған көп адам сене қоймайтын, тақыр далада орман қалай өседі деп. Бұл - үлкен еңбектің арқасы. Үнемі суарамыз. Арам шөбін отаймыз.

Бұл маңда   осы аптада  Елбасы  болды.  Президент алдымен  тікұшаққа отырып, орман алқабын   биіктен  бақылап көрді.  Қай жердің   көгі  қалың, қай жерде теректер сирек  өскені туралы  орманшылар есеп берді. 

Бас шаһарды жағалай жатқан  белдеудің аумағы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Орман - биіктей,  қалыңдай  бастады. Тал-теректердің алды осыдан он жеті жыл бұрын  отырғызылды, қазір  елорданы   табиғаттың тосын мінезінен  қорғайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елорданы Ақмолаға көшірген кезде қаланың ішіндегі климат нашар болатын. Қаланың ішін шаң басып кететін еді. Енді бүгінде алып орман ектік, қаланың ішіне де гүлзарлар мен ағаштар отырғызылды. Қазір қалада шаң жоқ. Астана маңында орманның жайқалып өсуіне байланысты қаланың ішіндегі жел де азайды. Бастапқыда елорданың маңына орман отырғызайық дегенде, көбісі бұл жерде орман өспейді дегенді айтқан еді. Оған қарамай, ғалымдармен ақылдасып, орман отырғыза бастадық. Он жеті жылдың ішінде жайқалып өсіп тұрған орманға айналды.

Орман алқабы - 73 мың гектар жерді  алып жатыр.  Келешекте жасыл белдеу аумағын 100 000  гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл маңда  ағаштар  алғашында бес қатарға  отырғызылды.  Әр қатардың  бел ортасында   25 метр  жер  бос жатыр. 

Алаңқайда  қыста  қар суы жиналып, ылғал сақталатын, сөйтіп   ағаштарды  қоректендіретін.  Енді   орманды қалыңдату үшін бос  алаңдарға  жағалай көшет  отырғызылуда.   Теректердің арасы қалыңдаған  сайын микроклимат өзгеріп келеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астана маңына жоқ болып кеткен жануарлар қайтадан келіп жатыр. Баяғыда тың жерлерді игереміз деп, жердің басым бөлігін жыртып тастағаннан кейін қояндар, еліктер, қырғауылдар жоқ болды. Қазір қайтадан қалпына келуде. Орманның ішінде жеміс-жидектер де отырғызылуда. Осы жұмыстардың барлығы - халықтың игілігі үшін.

Бүгінде ресейлік және басқа да елдердің орман саласындағы ғалымдары елорда төңірегіндегі «жасыл белдеуді» керемет құбылысқа бағалауда. Себебі, ен далада осындай алып орманды отырғызу болған емес. Астананың туған күні қарсаңында осы орманды ылғи аралаймын. Жүрегім шаттанады. Осыны қолымызбен жасағанымыз рас па, өтірік па деп, таңғаласың. Тікұшақпен қаланың маңайын аралап шықтым. Көкжиекке дейін орман. «Жасыл ел» бағдарламасымен жастарға, бүкіл Қазақстанға ұран тастап жатырмын. Әрқайсың бір ағаштан отырғызыңдар, өсіріңдер деп. Жеріміз кең байтақ. Орманымыз аз. Шығысымызда, солтүстігімізде, оңтүстігімізде тауларда бар, бетпақ далада жоқ. Жалпы, барлық жерде ағаш өседі. Бірақ еңбек керек.

«Жасыл белдеуде»  қазір  құстардың  түр-түрі бар.  Орманшылар  үш мыңға  жуық қырғауыл бар дейді. 

Елбасы осы маңға   қырғауылды жіберді. Бұл  құсты, әдетте, орманның санитары деп те атайды.   Өйткені орманның еркесі зиянкес жәндіктерді жояды.

Мемлекет басшысы  Астана маңындағы «жасыл белдеуді»  дамыту мәселелеріне арналған кеңес те   өткізді.  Келешекте  қала аумағындағы бос жерлерде   орман алқаптары пайда болады.

Елбасы тапсырмасымен Астана маңындағы «Вячеславка»   су қоймасының  жанына 1400 га жерге көшет отырғызылған.

EXPO көрмесіне  орай бас шаһар маңында рекреациялық аумақтар пайда болады. Осы  жобалардың   техника-экономикалық негіздемесі  әзірленді.  

25 гектар жерде спорт кешені, балалардың ойын алаңдары, мейрамхана, 320 көлікке арналған автотұрақ құрылысы қарастырылған.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біріншіден, бұл Табиғат-Анамызға деген астаналықтардың сый-құрметі. Оттегін бөліп, денсаулықты жақсартады. Екіншіден, Астана халқының сыртқа шығып демалатын саябағы. Қазір 10 гектар, 5 гектардан  таратып берсеңіздер, ресторан саламыз дейтіндер көп. Астаналықтардың велосипедпен жүретін, қыдыратын, серуендейтін, демалатын  жері болады. Бірте-бірте ішін жақсартып, жүретін жол саламыз.   

Ал, 100 гектарды  құрайтын екінші аумақта ат спорты кешенін орналастыру жоспарлануда.  Онда отбасылық демалыс орталығы, аквапарк, 288 орындық балалар лагері,  жастар демалыс орталығы болады.

Көп кешікпей Астана тоғайлары қалалықтар,  қала қонақтары тынығатын  тамаша орманға  айналады.

 

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу