Ел Президентінің жеңісінен кейін Ақордаға құттықтау хаттар легі әлі де ағылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел Президентінің жеңісінен кейін Ақордаға құттықтау хаттар легі әлі де ағылып жатыр

03.05.2015
Ел Президентінің жеңісінен кейін Ақордаға құттықтау хаттар легі әлі де ағылып жатыр

Сайлау күнгі «сапырылысты» білесіз. Таң алагеуімнен қас қарайғанға дейін сайлау бөлімшелерінің алды қалың электораттан босамады. Мысалы, мен бүгін ғана Батыс Қазақстан облысынан іссапардан келдім. Осы өңірде Ғұмар Қараштай ғұламаны туған Борсы дейтін ауылға жолым түсті. Сондағы сайлауды қадағалаған байқаушылар сол күні таңғы 10:00-ден кейін «іштері қатты пысқанын» айтады.

Себебі, ауыл тұрғындары таңғы 10:00-ге дейін тайлы-тұяғы қалмай келіп, дауыс беріп кеткен. Бұл бір ғана ауылдағы мысал. Демек, бұл сайлау– елдің ынтымағы мен бекем бірлігін шүбәсіз анық көрсетті. Сонымен, электораттың басым бөлігі дауыстарын беріп сайлаған Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтаушылар көп.

Жаһандағы жуан елдердің басшылары мен саясат серкелері жеделхаттар жолдады. Телефон шалып, арнайы құттықтаған Президенттер де аз емес. Халықаралық ұйымдар мен қоғам қайраткерлері, елдегі түрлі еңбек ұжымдарынан да құттықтау лебіздері лек-легімен әлі де түсіп жатқанға ұқсайды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Дауыс беру қорытындысы Сіздің отандастарыңыздың алдындағы биік беделіңізді толығымен қуаттайды. Қазақстан азаматтары өз таңдаулары арқылы Сіздің елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жеделдетіп дамыту, еуразиялық ықпалдастық үдерістерге белсене қатысу және Ресеймен стратегиялық әрі одақтастық серіктестік қатынастарды нығайту жөніндегі бағдарыңызға кеңінен қолдауын көрсетті.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Құрама Штаттар мен Қазақстанның арасында жаһандық және өңірлік мәселелерді  табысты шешу жөніндегі тығыз ықпалдастықтың жарқын тарихы бар. Халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты қарым-қатынастарымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі тереңдей беретініне сенемін. 

Көптеген қауіп-қатерлері бар әлемде ұзақмерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздікке өкілді және есеп беруші институттарды, сондай-ақ, азаматтық қоғамды дамытпай қол жеткізу мүмкін емес. Мен елдеріміздің игілігі үшін осы барлық маңызды мәселе бойынша Сізбен ынтымақтастыққа әзірмін.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президентінің Тәуелсіздікті нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, жеңісімен құттықтады.

Мемлекет басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтып, «Нұрлы жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларының өзара толықтырушы сипатын атап өтті.

Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания премьер-министрі:

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен Корольдігі Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға, орнықты дамуға және елді саяси жаңғыртуға бағытталған күш-жігерін құптайды және қолдайды. Біз Қазақстанмен берік, ашық және даму үстіндегі өзара байланыстарымызды бағалаймыз, сондай-ақ, екіжақты күн тәртібінің кең ауқымы бойынша бұдан да бекем қарым-қатынастар орнатуға бейілдіміз.

Ангела Меркель, Германия Федералдық канцлері:

Қазақстан Германия үшін маңызды серіктес болып қала береді. Сіз елдеріміз арасындағы сенімге құрылған серіктестік қарым-қатынастар аясын бұдан әрі кеңейту, сондай-ақ, Қазақстанда демократия, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам қағидаттарын нығайту ісінде әрдайым федералдық үкіметтің қолдауына сенім артуыңызға болады.

Режеп Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларын табысты жалғастыратынына сенімдімін. Біздің елдеріміздің арасындағы тілдік, мәдени және тарихи байланыстардың ортақтығына негізделген стратегиялық серіктестік бұдан әрі де халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін дами беретініне тағы да сенім білдіремін. 

Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы:

Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымының қарым-қатынасы күллі әлем игілігі үшін дами беретініне сенемін.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу