Елбасы Алматыға жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Алматыға жұмыс сапарымен барды

19.04.2015
Елбасы Алматыға жұмыс сапарымен барды

Түркиялық әріптесін еліне шығарып салысымен, Елбасы Алатау баурайына тартты. Экономиканың тірегі, мәдениеттің жүрегі – Алматының бүгінгі тынысымен танысты. Жұмыс сапары кезінде Малайзияның премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен кездесті.

Наджип Тун Разак бұдан былай қазақ халқына бөтен емес. Мұсылмандығы бір бөлек, ол қазаққа қыз беріп, Алматыға «бас құда» болып келген жайы бар. Біздің ойымызша, малай мен қазақтың құда болуы, екі ел қарым-қатынасын бұрынғыдан да жақсарта түсуі мүмкін. Бірақ, ол басқа той, басқа әңгіме.

Мына ресми кездесуде Қазақстан Президенті мен Малайзия премьер-министрі сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымаққа қатысты мәселелерді талқылады. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да сөз қозғады.

Жалпы, көктемі ерекше сезілетін, жаныңды шуаққа бөлейтін шаһар бұл – Алматы. Талас жоқ. Кеше қалада «Алматы көктемі» деп аталған фестиваль өтті. Президент арнайы қатысты.

Мемлекет басшысы одан бөлек, қаланың экономикалық қарымына қанығып, бірді-екілі нысандарға барды. Екі бірдей метро станциясын ашты.

Алматыда қазір сауда орындарының  саны көбейіп келеді. Шаһарда өткен жылы осы саладағы  ірілі-ұсақты кәсіпорындардың қатары  16  мыңнан асып түсті. Елбасы осы аптада  оңтүстік шаһардағы  жаңа  сауда нысанын    аралап көрді.

Аумағы  125 мың шаршы метрді құрайтын  үш қабатты кешен жекенің меншігі. Үлкен сауда орнында  тоғыз жүз адам еңбек етіп жатыр.  Тұтынушылар дүкен сөрелерінен өзіміздің тауарды сатып алсын, сөйтіп  ішкі нарықтағы  бизнесті қолдайық деген ниетпен Елбасы сауда кешенінде отандық тауарды сатып алды...

Алматыдағы  метрополитеннің  бірінші кезеңінің ұзындығы сегіз шақырымға жуық еді.  Жерасты жолы  бұрын жеті бекетті  қосқан. Бұрын  «Райымбек батырдан» «Алатау» станциясына дейін электропойыз   16 минутта  жүйткіп жететін, енді жол 22 минутқа дейін ұзарды.  Өйткені, метрополитен құрамына кіретін тағы екі станция салынып бітті.

Мемлекет басшысы  «Сайран» және «Мәскеу» деп ататын екі станцияны аралап көрді.  Елбасы екі бекеттің  арасымен  электропойызбен жүріп өтіп, құрылысқа лайықты бағасын берген  ең алғашқы жолаушы. 

Енді оңтүстік шаһардағы жерасты жолының ұзындығы он шақырымнан артық.  «Алатаудан» «Сайранға» дейін екі шақырымға жол, «Сайраннан»  «Мәскеу» бекетіне  дейін тағы  бір  шақырым жол  төселген. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Метро арқылы бір жарым миллион халық тұратын қаланың экологиясы жақсарады. Жаңа станцияның бірі «Мәскеу» деп аталады, ал Мәскеуде «Алматы» станциясы бар. Осылайша елдеріміздің арасындағы достық байланыстар нығаюда.

Екі бекеттің  безендірілуі де бір-біріне ұқсамайды.  «Сайран» станциясының іші   заманауи, келісті. Ал, «Мәскеу» станциясы Қызыл  алаңды, Кремльді еске салады. Атауы да содан. 

Құрылысқа  гранит, металл, шыны - сапасы жоғары әрлеу материалдары  пайдаланылған.  Мердігер отыз алты миллиард теңге жаратты. Енді тағы екі станцияның құрылысын жоспарлап отыр.  Келешекте  «Мәскеуге»  «Сарыарқа»,  «Достық» бекеттері қосылады. Метрода  қазір 1300-ден артық адам тұрақты жұмысқа орналасты. 

Мирас Рысбеков, машинист-инструктор:

Жұмыс күндері жолаушы өте көп. Кептелістен қашып, метромен қатынайды.

Алматыдағы  «Алатау»  ауданында  соңғы  алты жылда халық саны күрт артты. Мұнда  220  мыңдай  тұрғын  шоғырланған.  Осынша тұрғыны бар аудан   мәдени орталыққа  зәру  еді. 

Аумағы он мың шаршы метрді құрайтын  алып  «Алатау» кешені   шаһардағы ең үлкен  мәдени орталыққа айналды. Кешен аумағында Президентке  Алматы қаласының даму жоспары,  Универсиада нысандарының сызбасы көрсетілді.

Ал,  ғимарат  ішінде  үлкен екі кинозал,  790 адамға лайықталған  концерт залы бар.  Акустикасы мықты, әрі компьютерлік  үлгілерді сахнаға  оңай сәйкестендіруге болатын бұл залда  Елбасы алматылық өнерпаздардың  тартуын тамашалады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осыдан біраз жыл бұрын Алматының осы өңірінің жағдайы қиын болатын. Жан-жақтан көшіп келген халық. Не ішерге суы, электр, жылу  жүйесі, салынған үйлер  жоқ болды. Содан Алатау ауданын аштық, қазіргі жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар. Өркендеген аймақта Универсиада нысандары салынып жатыр. Еркін экономикалық аймақ ретінде  қала ішіндегі өндіріс орындарының барлығы осында ауысатын болады.

Алматылықтар жылдың аяғына дейін  электронды билетке көшетін болады.  Елбасына жаңа жобаны таныстырған кәсіпкерлер заманауи әдіс жол ақысы үшін алынатын төлем көлемін  едәуір ұлғайтады деп отыр. 

Оңтүстік шаһар  индустриалды аймақты дамытуға да  ден қойды.  Жаңа автобустар паркін   ашуды жоспарлап отыр.   «Алюр Авто» компаниясы   газбен жүретін  «Ивеко»   автобустарын    жолға шығармақ. Заманауи көліктердің   қоршаған ортаға залалы жоқ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Ивеко» такси, «Ивеко» автобустары қаланың ауасын тазарту мақсатында жасалып жатыр. Әлі де шешілу керек мәселелер жетерлік. Келешекте электротрамвай, электромобильдер жүретін болады. Біз 2022 жылғы Олимпиаданы өткіземіз деп отырмыз. Тау шаңғысын дамытып, туристерді тарту жолдары қарастырылады.

Оңтүстік  шаһарда  «Алматы көктемі»  деп аталатын  қалалық  фестиваль  де өтті.  Салтанатты шараға жиырма мың көрермен жиналды. Дені – жастар. Сондықтан, Елбасы  сөзін жастарға арнады. Тәуелсіз елдің болашақ ұландарын  елдің  ертеңі үшін  ғылым-білімді  игеруге, инновациядан қалыспауға  шақырды. Алматы  жастары  да  өздеріне деген ерекше қамқорлығы үшін Елбасына   алғысын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – Қазақстанды жаңғыртқан  қала. Қазақстанның Тәуелсіздігінің алтын бесігі болған қала. Еліміздің жаңа тарихын бастап берген қастерлі жер. Алматының аяқ алысы, өркендеп өсуі әрқашан мемлекеттің қамқорлығында, менің жеке назарымда.

Соның нәтижесінде Алматымыз Тәуелсіздік жылдары жыл сайын өркендеп, үлкен қалаға айналды. Жарты миллионға жуық халқы, бүгінде 1,5 миллионға өсті. Бұл қалада еліміздің 20 пайыздық экономикалық өнімі жасалуда. Бұл қала - мәдениеттің, қаржының, экономиканың, спорттың, жастардың орталығы. 

Мен Алматыға келген сайын оң өзгерістерді байқаймын. Мемлекеттің қамқорлығымен, әкімшілік жұмыстардың нәтижесінде Алматымыз көркейіп келеді.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу