Кеңес сарбаздары Финляндиямен, Жапониямен де соғысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеңес сарбаздары Финляндиямен, Жапониямен де соғысты

19.04.2015
Кеңес сарбаздары Финляндиямен, Жапониямен де соғысты

Миллиондарды қан қақсатқан екінші жиһан соғысына 61 мемлекет қатысыпты. Бір-бірін қыруға бекіндірген қатыгез соғыс 40 елде жүріп, 110 миллион адам әскерге алынған. Әркім өз мүддесін, өз Отанын қорғаған соң, қан суша төгілмей қоймайды.

50-55 миллион адам қырылып қалған. 50 миллион дегеніңіз мәселен, бүгінгі бір ғана Оңтүстік Кореяның халқы. Сөйтіп, фашизм күйреді. Бірақ, біз ұмытпауға тиіспіз, осы фашизмді талқандауда көп жан жоғалтқан, қан жоғалтқан КСРО құрамындағы халықтар. Көбі біз – қазақтар.

Сосын II Дүниежүзілік соғыс дегенде, біз көбіне неміс фашистерімен болған, 1418 күнге созылған қанды қырғынды айтамыз. Білсек, Кеңес сарбаздары тек фашистік Германиямен емес, Финляндиямен, Жапониямен де соғысты. Ол жерде де мыңдаған қазақ қырылды.

Мысалы, финдермен шайқаста КСРО 150 мың сарбазын жоғалтса, самурайлармен айқаста 12 мың жауынгерінен айырылды.

«Аpта.kz» бүгінгі кейіпкерлердің бірі – жапон соғысына қатысқан Ысқақ Мырзахметов, екіншісі – соғыс жылдарында Армения жерінде шекарада болған Тәңірберген Толғанбаев.

Ал, үшінші кейіпкеріміз фин соғысына қатысқан, Рейхстагқа ту тіккен Дәулетқали Төрешев. Алайда, соңғы кейіпкер бүгінде ортамызда жоқ. Бірақ, ұрпағының айтары бар.

Иә, Тәңірберген қария әкесінің әлпешін көрмей өсті. 1933 жылғы ашаршылық жанұя жылуын сездірмеді, ажал әкесін алып тынды. Жабырқау көңіл, жетім ұл он тоғызға толғанда соғыс басталды.

Тәңірберген Толғанбаев, соғыс ардагері:

Мен сүт әкеле жатсам, халық жылап жатыр. Соғыс басталды деп. Мен де қосыла жыладым. Сүтті өткізіп, үйге келіп, шешемді құшақтап тағы жыладым. «Сен енді қайда қаласың, мен соғысқа кетемін», деп.

Тәңірберген қария алдағы айда тоқсан екіге толады. Тың, ойы жинақы. Өмір тарихын байыппен баяндап берді. Ол алдымен, Арменияның Ленинакан қаласында үш айлық дайындықтан өтіп, қолға қару ұстап, шекараға кетеді.

Біздің жауынгерлердің ең бірінші міндеттері жауға тойтарыс беру туралы ерекше құпия тапсырмаларды мінсіз орындау болса, екіншіден, жылжыған фашистерден шекараны қорғау болды.

Ол уақыт Кавказ жеріндегі қанқұйлы соғыс Сталинградқа жақындап қалған сәт. Тәңірберген Толғанбаев құрамында бар батальон әскерлері Кеңес шекарасын тіпті, шыбын өткізбей қорғады. 

Тәңірберген Толғанбаев, соғыс ардагері:

Берілгеніміз сонша, жанып тұрған оттан қорықпай өтетінбіз. Қорқатындай болмадық. Денеміз патронға толы. Гранатаң бар. Арамызда өзін-өзі атқандар болды.

Шекараны да қорғап, тылға да араласып, Тәңірберген қария «өзгелерден өжет екенімізді, қазақ жігіттерінің қайсар, қайратты болатынын дәлелдік», дейді. Көпше түрде айтатыны, батальондағы көп жауынгердің екеуі ғана қазақ болыпты. Ол соғыс біткен соң, елге бірден емес, 1949 жылы оралыпты.

Тәңірберген Толғанбаев, соғыс ардагері:

Анам менің жалаң аяқ, жалаң бас күтіп алды. Чемоданмен келе жатырмын. Ақеділ деген жігіт атпен келеді екен, «Сен, Биғайшаның баласысың ба?» деді. «Иә», дедім. «Әкел чемоданды, қазір шешеңнен сүйінші сұраймын» деп кетіп қалды. Жаяу келе жатырмын. Сонда шешем алдымнан жүгіріп келе жатыр, жылап.

Сөйтіп, сұм соғыстың соңғы шоғы сөніп, Тәңірберген Толғанбаев бейбіт өмірге араласады. Құқық қорғау саласында көп оқып-тоқиды. Оған мына тізілген кітап қоры дәлел. Атамыз әзілдеп жүріп, үйін аралатты.

Көп оқитынын жасырғанмен, қарияның білім-білігі байқалып тұр. Біраз жыл милиция, заңгер болыпты. Кейін зейнеткерлікке дейін ұзақ жыл Іле ауданы бойынша прокурор қызметін абыроймен атқарады. Майдангер һәм прокурор бізге талай парадта киген киімдерін сән қылып көрсетті.

Иә, бір кездері көкірегін жетімдіктің ащы зары кернеп өскен жігіт бүгінде білдей тұлғаға айналды. Атақ-шен, бәрі бар, 180 мың теңге зейнетақы алады. Газетін оқиды, қоғам тынысын бақылайды. Елге тілекші...

Бұл – Байсерке ауылы. Соғыс ардагері Дәулетқали Төрешевтің ұрпақтары осында тұрады. Майдангердің өзі бұл күнде жоқ, 1976 жылы өмірден озған. Сүйегі өзі туып-өскен Орал өңірінің Жәнібек ауданында жатыр.

Бақыт Ғазезова, соғыс ардагері Д.Төрешевтің қызы:

Менің әкемнің ерекшелігі, екі бірдей соғысқа қатысқан. Бірінші фин соғысына, сосын II Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Сол соғысты аяқтап шыққан. Берлинде ту тіккендердің арасында әкеміз де болған.

Иә, шалыс естіген жоқсыз. Дәулетқали Төрешев фин соғысына қатысқан. Одан оралған бойда неміс басқыншыларына қарсы соғысқа жіберіледі. Көрмегені жоқ. Басты ерлігі Р.Қошқарбаевтармен бірге, Рейхстагқа ту тіккен. 

Бақыт Ғазезова, соғыс ардагері Д.Төрешевтің қызы:

Сегіз жерден жарақат алған. Ең ірісі өңештен алған. Жүректің түбінен, санынан, өкпесінен, қабырғасынан алған. Соның ішінде ең ірісі жүректен жарақат алғанда, сан етінен кесіп алып, жүрегінің тұсына тіккен.

Д.Төрешев соғыстан соң Берлинде 7 жыл әскери комендант болып жұмыс істеді. Кейін Қара теңіз флотына ауысты. Алдыңғы ұл-қыздары Берлинде, ал мына қызы Бақыт Севастопольде, кейінгілері елде дүниеге келді. Отбасымен елге  оралған соң, ұстаздық етті. 59 жасында өмірден өтті.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Аға лейтенант Дәулетқали Төрешевтің шаңырағындағы құнды жәдігерлердің бірі - мына костюм. Байқасаңыз, кеудесінде екі бірдей «Қызыл жұлдыз» ордені. Сәл-пәл бояуы кеткен, бірақ, құнын жоғалтпаған. 

Бұл костюмді ол кісі әскери шерулер кезінде киген. Аға лейтенант қолданған тағы бір зат мына қолсөмке. Барлық құжаттарын осы қолсөмкеде сақтаған. Әлі күнге тозбаған. Теріден тігілген.

Екі бірдей «Қызыл жұлдыз» орденін алған майдангер тағы бір «Қызыл жұлдызды» алғанда, Кеңес одағының батыры атанады екен. «Бірақ, ол маңызды емес», дейді ұрпақтары. Ең бастысы, екі бірдей соғысқа қатысқан, Рейхстагқа ту тіккен аталарының ерлігі кейінгі буынға насихатталса жөн.

Бұл майдангер – Ысқақ Мырзахметов. 90 жаста. «Жаңадәуір» ауылында тұрады. 18 жасында әскерге алынып, Қиыр Шығыстағы шекара шебіне жіберілген. Әрі қарай, қанды қасап Жапон соғысына жіберіледі.

Ысқақ Мырзахметов, соғыс ардагері:

Алдымызда пехота, сосын біз нүктеге минометпен атамыз. Ол кез келген траншеяны қиратады. Бір минаның өзі 16 келі. Мен – көздеушімін. Командир бұйрық береді. Менің атқан минам үнемі нысанаған дәл тиетін еді.

Тарихтан білерсіз, II Дүниежүзілік соғыста Корея мен Маньчжурияны Жапон милитаристері басып алып, Моңғолияның шекарасында ойран салып жатты. Осы соғыста «Халхин гол» майданында Кеңес жауынгерлерінің құрамында мыңдаған қазақ сарбаздары болды.

Ысқақ қария сол соғыстың бас кезіндегі қиындықтарды қинала еске алады. Аштықтан бұратылып, қиқым нанға зар болған. Киімнен де қиындық көрген.

Ысқақ Мырзахметов, соғыс ардагері:

Ең бірінші бізді апарғанда киімізді тастатты, басқа киім берді. Көбі киілген. Қан. Жуылмаған. Бұрынғы солдаттардікі ғой. Фуфайка. Ағылшын бәтеңкелері. Жіңішке. Шылғауы жоқ.

Соғыстың бас кезінен Ысқақ Мырзахметов мергендігімен көзге түседі. Жан алысып, жан берісіп, кімдермен соғысты дейсіздер ғой, нағыз жанкешті самурайлармен шайқасты.

Ысқақ Мырзахметов, соғыс ардагері:

Самурай деп неге қойған? Адамдарды тоғыз жастан алады екен. Олардың самурайлары ешкімнің қолына түспейді. Қанжарды аузына тістеп, минасын ішіне байлап алып, біздің танклердің астына түседі. Олардың солдаттары мықты. Бірақ, оларда қару-жарақ аз болды.

Сол қару-жарақтың аздығы Кеңес жауынгерлеріне жеңіс сыйлады. Әрине, 12 мың сарбаз шейіт болды. Ысқақ ақсақал аман қайтқандарына таңғалады.

Ысқақ Мырзахметов, соғыс ардагері:

Біз бір ауылдан 4 бала бардық. Сөйтіп, төртеуіміз де Қиыр Шығысқа бірге кеттік. Қазір жалғыз қалдым. Сонда жүргенде, қазақтың жеріне жетіп өлсек арман жоқ,-дейтінбіз.

Алайда, армандары орындалды. Балалы-шағалы болды. Қазір қария қоян асырайды. Балаларын еңбекке баулиды. Одан қалды ермегі - бау-бақша. Соны күтіп-баптайды.

Біз көңілі тоқ майдангер қарияны 70 жылдықпен құттықтап, батасын алып, Алатаудан Арқаға кері қайттық.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу