Бекзат Саттарханов – қазақтың бокс тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бекзат Саттарханов – қазақтың бокс тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы

12.04.2015
Бекзат Саттарханов – қазақтың бокс тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы

Шаршы алаңда шаршауды білмейтін ол – шымшықтың тұмсығындай қысқа ғұмырында 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-де жеңіске жетті. Ата-анасы күреске бергенмен, оның бокс өнеріне аңсары ауды.

Ол аяғына ауыр қорғасын байлап жүгірген және талайды шаң қаптырған. Көмбеге жарты сағатта құйғытып жететін оның жүрек қағысы 3-4 минутта-ақ қалпына келетін болған.

Оның жұдырықтасу техникасы мен көз ілеспес аяқ қимылына жаһанның жуан боксшылары тәнті болып, талантына тамсанған. Ол болмыс-бітімі бөлек ұл еді. Ол қазақтың бокс тарихындағы тұңғыш Олимпиада жеңімпазы. Ол бар-жоғы 20 жасында Олимп шыңын бағындырып, 20 жасында құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Бекзат Саттарханов.

Біртуар боксшы қара орман халқының ортасында болғанда, осы сәуірде 35 жасқа толған болар еді. Уақыт деген гүрілдеп аққан өзендей екен. Ол Сиднейде жарқыраған сәт- 2000-шы жыл еді. Ол кезде біздің өзіміз мектептегі бала болатынбыз. Ол кез тұрмыс қинаған күрделі шақ еді.

Сол шақта Бекзат бастаған спортшыларымыз анау Австралиядан сыңғырлатып алтын мен күміс жаудырып, жұпыны көңіл жұртымыздың рухын асқақтатып, намысын жанып, елдің еңсесін көтеріп еді.

Міне, содан бері 15 жыл да зымырап өте шығыпты. Бекзатсыз да ортамыз ойсырағалы 15 жыл болыпты.

Бұл үй – Бекзаттың балалық шағына куә. Ауласында талай ойнаған баласын жоқтап,  шөгіп қалғандай. Ескірген, еңкіш тартқан. Қазір мұнда өзге адамдар тұрады. Мына қос терек те Бекзатты сағынғандай. Сұрқы қашқан.

Сейілхан әке мен Сырлыгүл ананы тағдыр талай сынаққа алғандай. Екі ұлдан соң, дәрігерлер «денсаулығың жарамайды, өліп кетуің мүмкін», деп анаға бала көтеруге тыйым салған.

Алайда, әке-шеше үшінші ұлға өмір сыйлады. Құрсаққа біткен төртінші ұл Бекзаттың да көрер жарығы бар екен. Анасы дәрігерлермен тартысып жүріп, ақыры кенжесін де дүниеге әкелді.

Сырлыгүл Саттарханова, Бекзаттың анасы:

Алты жарым айлығында тіркеуге тұрдық. Сонда акушер-гинеколог орыс апайымыз болды. Ол кезде УЗИ жоқ. Сонда айтқаны бар, баланың жүрек қағысын тыңдап, «ой, Соня, там еще один Сейлхан лежит. Но он особенный. Там по моему тигр или лев лежит», деді.

Иә, осы қыш құмыра Бекзаттың биік белестерді бағындыруына жол ашты. 15 жасында Түркістанда З.Сейітбековты еске алу турнирінде ол алғашқы жеңістің дәмін татты.

Алғашқы жаттықтырушысы Нұрлан Жұмабаевқа дейін Бекзатқа бокс өнерінің әліппесін үйреткен мына жігіт. Есімі көп еленбейтін Қыдырәлі Юсупов. Бекзатты мектепке жетектеп апарып, қолына қолғап кигізген.

Қыдырәлі Юсупов, №18 мектеп мұғалімі:

8-сыныпта ауладағы қапты соғып жүргенінен мен оны қарамағыма алдым. Залға әкеліп, дайындадым. 1994 жылдар еді. Сөйтіп, облыс чемпионатына түсті. Сол кезден университет, бокс федерациялары қызыға бастады.

Біз енді мектеп болған соң әрі қарай алып шыға алмаймыз. Содан кейін Нұрлан Жұмабаев деген балаға бердік Бекзатты. Балада болашақ барын білдік және оны көрдік.

Ол жүлде алған жаһандық жарыстар өте көп. Олардың ең сүбелісі әрине, Сидней  Олимпиадасы. Бұл – Бекзаттың сол Сиднейге сапары алдында шынығып-шыңдалып жүрген кезі.

Бекзат Саттарханов, Сидней Олимпиадасының чемпионы (1980-2000):

Әшейіннен әшейін баруға болмайды. Барғаннан кейін алтын медаль алу керек. Халқымызды қуанту керек. Халқымыз үміт күтіп отыр.

Еңбекқор, елшіл, иманды. Ол осы қасиеттерді бойына жиған-ды. Анасы «Бекзат көп түс көретін», дейді. Соның бірі мынау.

Сырлыгүл Саттарханова, Бекзаттың анасы:

«Мама, мен бір түс көрдім», дейді. «Әзірет Сұлтан мешіті қазіргі. Соның алдында қарақұрым адам. Жалтыраған тақ тұр. Соған мені отырғызып, үстіме шапан, басыма тәж кигізді», дейді. Содан айттым: «Балам бұл күшті түс екен, ешкімге айтпай-ақ, қойшы», деп.

Айтпақшы, Олимпиада алдында елдегі бокс мамандары Бекзатты баласынып, Сиднейге жібергілері келмепті. 20 жаста ғой енді. Бірақ, бас бапкер Т.Еділов Бекзаттың көзіндегі отты көріп, оған зор сенім артады.

Мінекей, дәл осындай жойқын соққыларымен, әбжіл әдістерімен Бекзат Сиднейдегі жеңісті жақындатты. Алдымен, румын боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериуді, кейін африкалық Джефри Матебулланы, сосын түркиялық Рамазан Палиани мен марокколық Таһар Тамсаманиді ойнап жүріп ұтты.

Жаһан журналистері жарыса жазды. Қазақстанды картадан іздеп әлек болды. 20 жастағы жігіттің жұдырықтасу өнеріне бас иді. Ал, финалдағы қарсылас оңай емес, Әлем чемпионы, америкалық Рикарду Хуарес еді. Шетелдің комментаторлары біздің Бекзаттың ойынына тәнті болып отырды.

Сөйтіп, Бекзат өркөкірек Американы, Әлем чемпионы Хуарестің өзін жылатты. Шартарап қол соқты. Шаттанбаған қазақ жоқ. Әнұран шырқалды, көк Ту көкте желбіреді. Сиднейден біздің спортшылар олжалы оралды.

Бекзат Саттарханов, Сидней Олимпиадасының чемпионы (1980-2000):

Мен қуаныштымын. Неге? Елімнің көк Туын желбіреттім. Қазақстанның Әнұранын шырқатқаныма қуаныштымын. 

Ермахан мен Бекзат бастаған спортшыларды әуежайдан халық төбеге көтеріп қарсы алды. Бастарына қолтаңба жаздыру үшін шаштарын тақырлап келгендер де болды. Ал, Сидней жеңімпаздарын Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қабылдады. Сол жиында Елбасы Бекзат Саттархановқа тұңғыш рет I дәрежелі «Барыс» орденін табыстады.

Бекзат Саттарханов, Сидней Олимпиадасының чемпионы (1980-2000):

Жастық жігер бар. Қазақ халқын биікке көтеруге тырысамын. Алдымда үш Олимпиада тұр. Савон, Стивенсон сияқты боксшы болғым келеді.

Бірақ, көз тиді ме кім білсін?! Дәл 20-шы ғасырдың соңғы күнінде 20 жасар чемпионымыздан қапыда айырылып қалдық. Желтоқсанның 31 күні, Жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда, Түркістаннан Шымкентке бағыт алған Бекзат автокөлік апатынан қаза тапты.

Сырлыгүл Саттарханова, Бекзаттың анасы:

Оның қолында күнтізбесі мен блокноты жүреді. Қарасам, 3 қаңтар, 2001 жыл деп бастаған. Жыл соңына дейінгісі жазылған, ең соңғысы 31 күні Түркістанда болады. Сағат 00.00-де Шымкентте болуы керек екен. Сонымен тоқтаған... Мен ойлаймын, Бекзатымызбен бір аптаға да мауқымызды  баса алмаппыз ғой.

Сейілхан Саттарханов, Бекзаттың әкесі:

Бекзат 20 жасында Сиднейде болса, 24-де Афины, 28-де Бейжің, 32-де Лондонға барады екен. Оны да ойластырып қойған ол. Лондонға баруға менің мүмкіншілігім болады екен деп. Сол арманға жете алмады.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Түркістанның күнгейіндегі қастерлі ғимаратқа соқпай кету мүмкін емес.  Тарихы тереңде жатыр. Бұл 1966 жылы іргесі қаланған Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектеп. Басты ерекшелік – бұл мектепте даңқты боксшы Бекзат Саттарханов 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін білім алған.

Қазір мектепте Бекзаттың атында кабинет бар. Чемпион осы сыныпта оқыған. Дәл сол кабинетте Бекзаттың туған жеңгесі сабақ береді. Ал, Бекзатқа білім әліппесін үйреткен алғашқы ұстазы Әсия Жүсіпова бүгінде зейнетте.

Әсия Жүсіпова, Бекзаттың алғашқы ұстазы:

Олимпиадаға кетті дегенді естіп, теледидарды қостым. Бір кезде «Бекзат жеңді» дегенде уралап қуандық қой. Ол ұстаз үшін, ата-ана үшін үлкен мақтаныш. Оқушың биіктен көрінсе, ол да бір ғанибет қой.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

2000 жылы мына қызыл шекелі, көк ғимарат салынғанда, көшеде селтеңдеп жүрген талай түркістандық жас осы ғимаратқа бас сұғыпты. Бұл Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені. Қазір мұнда болашақ олимпиадаларда ел намысын жаныр талай жас шеберліктерін шыңдап жатыр.

Мінекей, Бекзаттың өкшесін басар жас түркістандық боксшылар осы орталықта. Бірі жаттығып жүр. Жаңадан келгендері рингті ториды. Ал енді бірі кешен ішіндегі Бекзаттың музейін аралап жүр. Медальдары мен суреттерін тамашалайды. Еліктейді. Екідегі балаларға дейін осында. 

Еркебұлан Раматулла, №23 жалпы орта мектебінің оқушысы:

Ол кісі қамшының сабындай қысқа жолда Сидней Олимпиадасының чемпионы болды. Біздер, жастар, Түркістан қаласындағы бокс залындағы оқушылар Бекзат ағамыз сияқты болсақ дейміз. Ол кісі қайтыс болып кетсе де, біздің жүрегімізде. Біз сол кісіге қатты еліктейміз.

Қазір Саттархановтар әулетінде тағы бір Бекзат бар. Ол да боксқа құмар. Ата-әжесінің немереге Бекзат есімін беруі де тегін емес. Кім білген, бәлкім кіші Бекзат үлкен Бекзаттың жолын қуар?

Бекзат Саттарханов, Бекзаттың інісі:

Мен Бекзат Саттарханов сияқты қазақтың көк Туын желбіретсем деймін. Болашақта қазақтың көк Туын желбіретер боксшы болғым келеді.

Ал чемпионды туған Түркістан жері мен билігі ұлдарын ешқашан естен шығармақ емес.

Әліпбек Өсертаев, Түркістан қаласының әкімі:

Бекзат ұлымызды есте сақтау үшін, дәріптеу үшін Түркістаннан мөлтек ауданның атын бердік. Онда 30 мыңнан аса халық тұрады. Спорт кешенін салайын деп отырған жағдайымыз бар. Одан бөлек, Шымкенттен кірген кездегі даңғылды Бекзаттың атымен атадық.  Ол жерден спорт кешенін салдық және ескерткішін орнаттық.

Біз сапар кезінде іргедегі Кентау қаласына да барып қайттық. Өйткені, алыптың бәрі анадан туған. Бекзатты туған ата-ананы кім-кім де көруге ынтық. «Жансая» сауықтыру кешеніндегі оқушылар оларды кездесуге шақырды.

Сырласты. Бекзатты еске алды. Әкесіне шапан кигізді. Құрмет көрсетті. Ал, Бекзатқа ешнәрсенің қажеті жоқ. Ол Түркістан шетінде мәңгі тыныстап жатыр. Зиратының басына барып, құран бағыштадық. Басқа қолдан келер қайран жоқ...

Сейілхан Саттарханов, Бекзаттың әкесі:

Сағындым. Сағындым... Кейде шақырмаса да, жарыстарды қарауға барамын. Сөйтсем, мен рингтерден Бекзатымды, Бекзаттай жастарды іздейді екенмін...

Сейілхан әкенің іздейтіндей жөні бар. Шыны керек, қазақ боксшылары Сиднейден соң, медаль саны жағынан әлі күнге жарқырап көріне алмай келеді. Сол Бекзат пен Ермаханның, Болат пен Мұқтарханның жетістігін қайталар жігіттеріміз қайда?!

Бәлкім, боксшыларымыз келер жылы Рио-де Жанейрода жарқырар?! Өйткені, Олимпиадаларда атой салу - Бекзаттың арманы еді ғой. Ал, арманды орындау- бүгінгі жас боксшыларда.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу