Биыл Жеңістің – 70 жылдығы. Соғысқа аттанғандардың арасында Нұрғиса деген бозбала да болған. 16 жаста екен. «Қару беріңдер» деп қиғылық салыпты. «Сен онда не бітіресің?» деген оркестр жетекшісі Ахмет Жұбановты тыңдамай, ақыры соғысқа кеткен, Польша мен Чехословакияны азат еткен.
Бірақ, соңына дейін болмаған. Демалысқа келген уақытында Ахмет Жұбанов сол кездегі Мемлекеттік қорғаныс комитетінің басшысы Ж.Шаяхметовке «Өнер де өсу керек. Оркестрге адам қажет. Нұрғисаны алып қалайық. Келешегі кең» деп оны майданға кері жібермеген. Бұл – әйгілі Нұрғиса Тілендиев еді.
Жыр алыбы Жамбыл дүние салар шағында: «Менің ием, қызыл жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар», депті.
Сол Жамбыл баба аузына түкірген, қазақтың бағына біткен кемеңгер күйші, кесек композитор, дарынды дирижердің кешегі 1 сәуір – туған күні. Нар тұлға өзін аялап, алақанына салған Алашының ортасында болғанда, 90 жасқа толар еді.
Соңына өлмейтұғын өнер қалдырған ұлын халқы сағынғаны рас. Оның әндері, күйлері, романстары, контаталары, увертюралары, поэмалары, опералары әлі күнге сахнада.
Оның қазақ киносы мен мультипликацияларына арнап жазған музыкалары бүгінде классикаға айналды. Н.Тілендиев хақында сағаттап айтуға болады, сығымдап айту қиын. Уақыт шектеулі.
Сүйінбай мен Жамбылды туған Жетісу жері Нұрғисаның өн бойына киелі өнерді құрсақта жатқанында-ақ сіңірді. Тұла бойы талантқа тұна туды. Әкесі Тілендінің 65-тен асқан шағында көрген перзенті екен.
Нұрғиса Тілендиев, Халық қаһарманы (1925-1998):
Біз өзі атадан домбыра тартып келе жатырмыз. Аталарымыз тартқан. Шешелеріміз де музыканттар. Қазір алдарыңызда Сіздерге арнап күй тартып берейін. Оның аты «Әлқисса». Тартатұғын Нұрғиса.
Ол солақай тартатын. Ол қара домбыраны қаға жөнелгенде, алпыс екі тамырды идірер әлдилі әуендер, күмбірлі күйлер туатын. Ол әуен әу дегеннен халқының жүрегіне қонатын. Бірде «Аққу» болып, көңілдің қылын шертетін. Бірде «Ата толғауын» аспандатып, ұлтын ұлықтайтын. Енді бірде «Махамбетпен» қайсар қазақтың өр руһын жанитын...
Дариға Тілендікеліні, Н.Тілендиевтің жары, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
Нұрекең екі жасынан домбыраны қолға алыпты. Шала 7 айлық болып туыпты анасы. Өзі мазасыз екен.
Бұл кісін ел таниды. Нұрғиса атаның жан жары. Дариға Тілендікеліні. Жан жарының айтуынша, Нұрғисаның өнер өлкесіне келуіне ықпал еткен Ахмет Жұбанов. Тоқал тамның алдында даңғырлатып домбыра тартып отырған бес жасар баланы ол музыка мектебіне берген. Бұлақтың көзін ашты.
Дариға Тілендікеліні, Н.Тілендиевтің жары, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
Оның әндерінде өзінің мінезі тұратын. Әндері бұл кісінің оптимистік тұрғыда жазылған. Көңілді. Қазақтың кең даласындай.
Нұрғисаның жүрегінен туған әндер өте көп. Осы «Алатау», «Куә бол», «Құстар қайтып барады», «Саржайлау». Толып жатыр. Талайын Нұрғали Нүсіпжанов орындап еді.
Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР Халық әртісі:
Нұрғиса ағамыз екеумізді таныстырған «Алматы кешінде» әні болатын.
Сөйтіп, Нұрғиса бүгінгі Халық әртісі, кешегі студент Нұрғалидің бағын ашты.
Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР Халық әртісі:
Біз бірге туған ағайындай 40 жылдан аса дос болдық. Араластық. Көп әндерін маған арнап жазды. Бұл орындаушы үшін, әнші үшін – үлкен бақыт.
Оркестрмен орындалған «Өз елімді» өзгеше құлпыртқан «МузАРТ» еді.
Сәкен Майғазиев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Біз Мейрамбек екеуіміз пойызда келе жатып, қиялдап кеттік. Жүйткіп келе жатқан пойыз, сары дала. Шіркін, жастарды руһтандыратын бір ән жазсақ деп.
Мейрамбек Беспаев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Осы әнді орындағанда халық руһтанып, орындарынан тұрып кетеді. Сондай күш-қуат беретін ән. Соған қарағанда, Нұрғиса атамыз бұл әнді шын жүрегімен жазды-ау. Елге деген, жерге деген махаббатымен жазған сияқты.
Бабалардан қалған ырым бар. Ауызға түкіреді. Еріксіз сенесің.
Дариға Тілендікеліні, Н.Тілендиевтің жары, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
Жамбыл ата келіп жүргенде, «әй, қалқан құлақ, бері кел», деп Нұрекеңнің аузына түкіреді. Ол жұтып қояды. Сол сияқты Нұрекеңнің де пейілі түскен балалар бар. Мысалы, Мейрамбек.
Мейрамбек Беспаев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Қазақтың ырымы ғой «аш аузыңды», деді. Кішкентай баламын, қарап тұрдым жыпылықтап. Аузыма түкіріп жіберді. Сосын Алтекең айтты, «жұт» деді. Сол кезде қайта-қайта айтқызып, «Сағындым Кенен атамды» әнін. Сағынып жүрсе керек, сол кезде атамызды.
Нұрғиса атаның көзін көрген, батасын алған Мейрамбек өзін бақытты санайды. Ол мектепте жүргенде атақты «Отырар сазымен» бірге күй тартқан.
Мейрамбек Беспаев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Біз де атамызды сағындық. «Қайран менің жүрегім» әнін жаздық. Бір арнауымыз болған сияқты. Біз, ұрпақтары ол кісінің өнерін өлтірмейміз, деген ойдамын.
Сәкен Майғазиев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Көзі тірісінде сол кісі бірде-бір рет мақтанбаған деседі. Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әнінің соңында бір иірімі бар. Осы әнді Алтынбек ағамыз Нұрағамнан сұраған ғой, «мына әннің соңын аяқтай алмай тұрмын», деп.
Сонда ол кісі домбырамен екі минут ішінде ойнап берген деседі. Ол кісі осы күнге дейін ана әннің соңын мен шығарып едім деп кеуде кермеген. Ол кісінің қарапайымдылығы, ұлылығы сонда жатыр.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Композитордың көкірегін кернеген талай ән, талай әуен, талай саз дәл осы жерде дүниеге келген. Бұл Қонаев пен Бөгенбай көшелерінің қиылысындағы еңселі үй. Мәселен, анау 6 қабатта кезінде Олжас Сүлейменов, одан кейінгі қабатта Бибігүл Төлегенова, ал үшінші қабатта Нұрғиса Тілендиев тұрған. 1974 жылдан 1998 жылға дейін.
Бүгінде ол пәтер күйшінің мұражайына айналған. Талай концертте киген киімі, түрлі орден-медальдары тарихы тереңде жатқан роялі мен пианиносы, сарғайған қағаздағы ноталары бәрі сақтаулы тұр. Тынығатын бөлмесі, Сәбит Мұқановпен бильярд ойнағандағы тастаяғы, шахматы бәрі тұр...
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Бұл үй 169 шаршы метрді алып жатыр. Қабырға тарихқа тұнып тұр, сөйлей кетеді. Менің көзіме оттай басылғаны күйшінің мына көзі тірісінде қолына ұстаған таяқтары. Қараңызшы, қандай әдемі.
Таза ағаштан жасалған. Арасында өз қолымен істегендері де бар. Мысалы, мына таяқты ол қызыл тобылғыдан жонып істеген. Сондай-ақ, күйшінің сырбаз болғандығын біз мына көзілдіріктерден байқай аламыз. Сан түрі бар.
Ал, қолына таққан сағаттары шетінен эксклюзив. Мәселен, мына сағат Жамбылдың 150 жылдығына арналған. Ал мынау «Командирское» деп аталады. Ал, мынау Гуан-Чжоудан келген.
Дәл осы үйде Тілендиев бәріміз сүйіп көретін «Менің атым Қожа» фильміне, қазақ киносының классикасы «Қыз Жібекке» музыка жазды.
Оның сыртында «Ақсақ құлан» мен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмдері әсерлі әуендермен жүрекке жол тапты.
Өнерін жалғастырды да. Бүгінде Нұрағаның тұяғы Дінзуһра әкесі іргесін қалаған «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері.
Дінзуһра Тілендиева, Н.Тілендиевтің қызы, «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері:
Музыка мектебіне алып барған әкемнің өзі. «Қызым музыкант болсын, жолымды жалғасыртсын» деп армандап кеткен еді. Қазір енді өзінің орнына пультқа тұрғанымда көрсе қуанды, деп ойлаймын. Ол кісі төбеден мені көріп тұрған шығар, мені ылғи да қолдап тұрады.
Дариға Тілендікеліні жарына деген сағынышын жүректен шыққан осы әнімен басады. Жанына медеу қызы мен жиені.
Күйді біреулер көз арқылы, енді біреулер қол арқылы сіңіреді. Ал, Нұрғиса құлақ арқылы сіңірді. Сонысымен жүрегінен шыққан шығармалары халықтың жүрегіне жетті. Ол халқын өле-өлгенше сүйіп кетті.
Нұрғиса Тілендиев, Халық қаһарманы (1925-1998):
Мен білемін, сіздердің мені сүйетіндеріңізді. Бірақ, мен сіздерді одан да қатты сүйемін.
Ол дүние салар шағына дейін Жамбыл бабасының басына барып тұрды. «Жаныңызда жатсам» деп тілек қылды. Топырақ сол жерден бұйырды. Ол халқының жүрегінде мәңгі сақталады.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ