Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық штабы бір аптадан астам уақыт ішінде түрлі форумдар өткізді. Мұндай шаралар еліміздің барлық аумағын қамтыды.
Өзге кандидаттар секілді үгіт-насихат жұмыстарына Елбасы қатыспайтынын әлдеқашан айтқан болатын. Себебі, оған жұмыс кестесі мүмкіндік бермейді. Бұл міндет республикалық қоғамдық штаб мүшелеріне жүктелді.
Қарағандылық әлеумет өздерін Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси тірегі санайды. Жергілікті жұрт Ұлт көшбасшысының еңбек жолы дәл осы киелі Кеншілер қаласынан басталғанын мақтан тұтады.
Тоқырау жылдары еліміз экономикалық дағдарысқа тап болғанда кәсіпорындар тоқтап кеншілер алаңға шыққан еді. Осыбір қиын қыстау кезеңде шеруге шыққандарды Нұрсұлтан Назарбаев сабырға шақырып оларды тоқтата білді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, Президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі:
Сіздер Тәуелсіздік жылдары әрқашан Елбасының тірегі ретінде үнемі қолдаудың ең жоғары көрсеткішін көрсетіп келесіздер. Ендеше алдағы сайлауда да осы қалыптасқан тамаша дәстүрді сақтап, Қарағандыда болаттай шыңдалып өскен, бүгінде бүкіл әлем таныған, мойындаған, құрметтеген Елбасымызды жақтап, дауыс беретіндеріңізге кәміл сенемін.
Павлодарда жиналған қалың қауым да Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау білдіреді. Болашағын тек ұлт көшбасшысымен байланыстырады. Өйткені, Елбасының тұрақты қолдауының арқасында Павлодар облысы индустриалды-инновациялық аймаққа айналды. Әлеуметтің әлеуеті артты. Алғашқы аллюминий өндірісі, тұңғыш электролиз зауыты тікелей Президент тапсырмасымен осы өңірде бой көтерген болатын.
Ринат Қапанов, Электролиз зауытының қызметкері:
Біз кемел келешегіміздің берік іргесін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге қалаймыз. Ел аман болсын. Ел бақытына туған ер аман болсын. Жаса Қазақстан! Жаса Нұрсұлтан Әбішұлы!
Өр Алтайдың жұрты да Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бермек. Себебі, санаулы жылдар ішінде Өскемен халқының тұрмысы түзелді. Президенттің үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасы облысқа оң әсерін тигізді.
Жүйелі жүзеге асырылған жаңғыртудың нәтижесі әлемдегі ең ірі уран өндіретін зауытқа да өзіндік леп берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында Үлбі металлургия комбинаты еуропалық стандартқа шығып, әлемнің озық елдерімен иық тірестірді.
Қанат Акиев, «Үлбі металлургия» зауытының қызметкері:
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында экономикамыз көтеріліп бала-шағамызды асырап, жұмысымызды істеп, жақсы өмір сүрудеміз.
Сондықтан да, біздің зауыт қызметкерлері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасына дауыс береміз.
Семейліктер үшін Мемлекет басшысы халықты қасіреттен құтқарған ұлы тұлға. 616 ядролық және термоядролық бомба бұл өлкенің халқына да, табиғатына да зиянын тигізді.
Зұлмат сынақтан зардап шеккендердің санында шек болмады. Осы бір озбыр әрекетке тұсау болған Нұрсұлтан Назарбаев полигонды біржола жаптырды. Өңірдің экономикасы һәм өркениетінің қанат жаюы Елбасының жан-жақты қолдауының арқасы, дейді жергілікті тұрғындар.
Хафиз Матаев, Семей қаласының ардагері:
Қырық жыл полигон жүріп жатқанда бір адам «полигонның зияны» деген сөзді айтпады ғой. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыстың бәрін тастап бірінші жұмысты полигонды жабудан бастады. Семей халқы сол кісіге арнап барлығы бірауыздан дауыс береді, деген сенімім үлкен.
Елмен етене әңгіме Шығыстан кейін алып шаһар Алматыда жалғасты. Мегополисте өткен ауқымды шара екі күнге созылды. Зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер мен білім саласының мамандары, ақсақалдар қазақстандықтарды саяси шарадан тыс қалмауға шақырды.
Дінзуһра Тілендиева, «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық этнографиялық оркестрінің бас дирижері:
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарабаев менің әкем қатты сырқаттанып жатқанда өзі келіп, оның кеудесіне «Халық қаһарманы» алтын жұлдызын тақты. Бұл мен үшін ешқашан ұмытылмайтын мәңгілік оқиға. Мен Мемлекет басшысына жастар өкілдері, өнер қайраткері атынан тағзым етіп, рахмет айтамын.
Бұл күндері Ұлт көшбасшысын қолдаушылардың санында шек болмады. Бес мыңнан аса адам Балуан Шолақ спорт кешеніне жиналды. Барлығының азаматтық ұстанымы бір.
Ермахан Ыбрайымов, Олимпиада чемпионы:
Құрметті жастар, 26-шы сәуір күні барлығыңызды бір кісінің баласындай болып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс беруге шақырамын!
Бұл Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының осы аптадағы атқарған жұмысы. Штаб мүшелері әрі қарай да үгіт-насихат күндері өз мәресіне жеткенше халықпен кездесу өткізеді.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ