Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбіде өз кандидатурасын қолдау үшін құрылған республикалық қоғамдық штабқа барды.
Үгіт және сенімді өкілдермен жұмыс жөніндегі орталықтың, сондай-ақ, ахуалдық орталықтың қызметін көрді. Өңірлік қоғамдық штабтар мүшелерімен бейне-байланыс арқылы мәслихат құрды.
Сайлау ауқымды науқан, тұтас елді қамтиды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев, республика бойынша бейне-мәслихат режимінде өткен кеңесті ашып, жауапты кезеңге дайындықты пысықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз үшін тағы бір айрықша жауапты кезең болайын деп отыр. Ассамблея кеңесінің шешіміменен биылғы жылы сайлау өткізу туралы ұсыныс айтып, ол ұсынысты жаппай халық болып қолдап, кейіннен «Нұр Отан» партиясының съезінде менің келісім бергенімді білесіздер.
Сондықтан, штабтың алғашқы отырысында сайлау науқанын өткізу жайын пысықтап, бір-бірімізбен әңгімелесіп, керек мәселелерді шешіп, бүгін айқындауымыз керек.
Кеңесте қоғамдық штаб басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед электоралдық науқан үшін тұтас елді түгел қамтитын - республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейде штабтар жүйесі құрылғанын баяндады. Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілдері тізімінде барлығы 29 мың адам бар. Оның сыртында 50 мыңнан аса еріктілер қолдау көрсетпек.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, республикалық қоғамдық штабтың басшысы:
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, түйіндеп айтар болсам, Сіздің сыннан өткен серіктеріңізден тұратын республикалық және облыстың штап мүшелерімен сенімді өкілдеріңіз президент сайлауына тас-түйін дайын.
Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры:
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жаңа өзіңіз көргендей, республикалық штабыңыздың мүшелерің де, қызметкерлерінің де басым көпшілігі жастар екенін көріп отырмыз. Сайлау науқанының бір ерекшелігі де осында және қуантарлығы да осында.
Өйткені, дер кезінде «Нұрлы жол» бағдарламасы мен съезде айтылған елді дамытудың 5 бағыты жастардың жүрегінен орын алып, оларға жол ашып беріп отыр.
Мен бір ғана мысал айтайын, өзіңіз ашып, негізін қалаған Еуразия Ұлттық университетінің мыңдаған жастары «сайлауға үлесімді қосамын», деп ерікті ретінде жазылу үстінде.
Үгіт барлық облыс орталықтарында, 87 қалада, 176 ауданда, 6841 ауыл және кентте жүргізіледі. Кеңесте бірнеше өңірмен бейне байланыс болды. Жұмыс толық жүйеленген дейді Оңтүстік Қазақстаннан байланысқа шыққан Алмасбек Кеңесбекұлы.
Кеңесте Президент ел халқының өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру үшін түзілген мемлекеттік бағдарламалар маңызына тоқталды. Қай жоспар да бірлік пен ынтымақ бар қоғамда ғана іске асады.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ