Президент осы аптада «Милосердие» ерікті қоғамының басшысы Аружан Саин мен мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевті қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы әлеуметтік бастамаларға жан-жақты қолдау көрсету маңызды екенін айтты. Осыған байланысты Президент екі қордың әр қайсына 300 мың доллардан теңдей етіп қаржы берді.
Жадыңызда болса, өткен жылы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жібек Жолы» бейбітшілік сыйлығы табыс етілген. Бұл сыйлықтың үш бірдей наградасы бар.
Бірі саясаткерлерге гуманитарлық саладағы әріптестігі, енді бірі «Жібек Жолын» жандандырудағы сәтті дипломатиялық шешімдері үшін берілсе, награданың ең мәртебелісі Тұңғыш рет қазақ көшбасшысына берілген «Бейбітшілік» сыйлығы.
Жүлдеге қосарлана жүретін қаржылай сыйы тағы бар. Бұл сый біз жаңа айтқан 600 мың доллар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл қаражатты - балалардың болашағына, өскелең ұрпақтың қазақша сауатын көтеруге бағыттауды жөн көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қытай төрағасы сыйға тартқан арнайы «Жібек жолы» қорының қаражатын сіздерге бөліп бергім келеді. Бұл қаражат қордың барлық мәселелерін шешіп бермегенімен, отандық іскер азаматтарды балалардың мәселелеріне көбірек көңіл бөлуге шақыратын болады.
300 мың долларды «Милосердие» ерікті қоғамы жаратады. Таңдаудың бұл ұйымға түсуі де тегін емес. Қор мүшелері баласы ауырып, баз кешкен талай ата-ананың алғысын алды.
Күні бүгінге дейін диагнозы әртүрлі 1100 балаға көмек берді. Негізі «Милосердие» ерікті қоғамы үш бағытта жұмыс істейді. «Балаларға өмір сыйла» деп аталатын шара аясында дерті елде емделмейтін кейбір балаларға шетелде сараптама, күрделі операциялар жасауға көмектеседі.
Аружан Саин, «Милосердие» ерікті қоғамының директоры:
Мемлекет басшысы көрсеткен өнегені өзге азаматтар мен ұйымдар жалғастырады деп үміттенемін. Бұл осы күнге дейін жеке тұлға тарапынан беріліп отырған ең ірі қаражат.
Кішкене Артем биыл бес жасқа толады. Көп кешікпей мектеп табалдырығынан аттауы тиіс баланың кел келген уақытта қол-аяғы қалтырап, тұншыға бастайды. Анасы бес жылдан бері күн- түн демей баланы күзетіп отыр. Бірақ, әлі күнге дейін бүлдіршіннің нақты қандай дертке шалдыққанын анықтау мүмкін емес.
Татьяна Айтбагина, Артемнің анасы:
Бала екі жарым жасқа келгенде аяқ астынан қол-аяғы қалшылдай бастады. Өздігінен жүріп-тұрудан, сөйлеуден қалды. Бес-алты рет тексерту жасаттық. Эпилепсиялық энцефалопатия деген диагноз қойылды, бірақ бұл нақты емес. Дәрігерлер күмәнданып отыр.
Отандық дәрігерлер балғынның ағзасына терең генетикалық талдау жасалуы керек дейді. Жілік майына биопсия да қажет. Сонда ғана дерттің тегін анықтап, ем-дом жасауға болады.
Өкініше қарай мұндай күрделі зерттеулер Қазақстанда жасалмайды. Ал, шет мемлекеттің киникалары сараптама үшін қомақты қаражат сұрайды. Сондықтан, Татьяна «Милосердие» ерікті қоғамынан көмек сұрады.
Аружан Сайн, «Милосердие» ерікті қоғамының директоры:
Қолдағы шарананың өмірін сақтап қалуға қаражат табылмаса ата- ана үшін одан асқан тауқымет жоқ. Жақсы адамдар жанымызда екенін ұмытпауымыз керек.
Қор арқылы шетелге аттанатын балалардың қатарында Ақниет те бар. 17 жастағы бойжеткеннің көптен бері бір құлағы естімейді. Бір беті жансызданып қалған. Отандық медицина дерт алдында дәрменсіз.
Сондықтан, ата-ана көп кешікпей Түркияға аттанады. Президент бөлген қаражаттың 173 мың доллары Артем, Ақниет секілді сегіз баланың шетелде емдеуіне жұмсалады.
Айгүл Оралбаева, Ақниеттің анасы:
Үйде алтаумыз. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Жолдасымның арқасында ондай ақша таба алмаймын ғой мен. Аружан Саинға рахмет, міне, бір айдың ішінде бізді Түркияға операцияға жіберіп жатыр. Бес жыл емес, бір жыл емес, бір айдың ішінде кім береді? Қалай апарамын өзім?
Тағы 300 мың долларды Мемлекеттік тілді дамыту қоры жаратады. Бұл қор мемлекеттік тілді онлайн режимде тегін үйрететін арнайы сайт ашты. «Сөйле.kz» сайтының бүгінде 300 мың оқырманы бар, тағы жиырма мың адам күнделікті қазақ тілін үйрететін сабақтарды жібермейді.
Азат Шәуеев, мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:
Біз осыдан бес жыл бұрын құрылдық. Соңғы кезде біз ғаламтор жаңа мүмкіндіктерін пайдаланып, тегін қазақ тілін оқытып жатырмыз. Шетелдегі қазақтар да оқып жатыр. Олар да рахметін айтуда.
Наташа анасына қазақша ән арнайды. Бұл орыс қызы үшін таңсық емес, Шәмшінің «Ана туралы жырын» күнде жаттап, тыңдап, қосылып әндетіп те жүр.
Күн ұзақ дүкенде саудамен айналысатын келіншек қазақ тілін еркін меңгеру үшін «Сөйле.kz» сайтының қосымшасын ұялы телефонына жүктеп алған. Қосып қояды да, әндетіп жүре береді.
Наташа, сатушы:
Мұнда қазақ балалары келеді. Қазақша білмейді, орысша сөйлейді. Мен қазақша сөйлесем, «Ой, тәте» деп шығады. Болмайды, Қазақстанда тұрып қазақ тілін білмеуге болмайды, білу керек, деймін.
Бастауыш деңгейден, қазақ тілін жетік білетіндерге дейін мұнда тілді қаншалықты меңгергенін тексере алады. Қажет болса, ән тыңдап, әңгіме жазады. Ал, балаларға арналған бетте ертегіден бастап, түрлі ойындарға дейін бар. Бүгінде «Сөйле.kz» арқылы 5 мыңнан астам бала қазақша үйреніп жүр.
«Мемлекеттік тілді дамыту» қоры өткен жылы алғашқы қазақша мессенджер «Itys»-ты ашқан болатын. Бүгінде 200 мыңнан астам адам қолданады. Сондай-ақ, Мемлекеттік тілді дамыту қоры шет елдегі қандастарымыздың сұрауымен, латын қарпімен теруге болатын нұсқасын шығармақшы.
Ал, келер жылдан бастап қор «Құжат тілі» порталын ашады. Яғни, сайттан кез- келген қызметткер қазақ тілінде құжаттың дұрыс рәсімделуін тексеріп, қағаз үлгісін ала алады.
Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сайтта тарих блогы ашылады. Мемлекет басшысы қорға бөлген қаражат міне, осы мақсаттарға жаратылмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Зиялы қауымды осы шараға шақыру керек. Тілді насихаттау керек. Бұл қоғам - міндеті.
Елбасы құрмет көрсеткен екі қордың да мақсаты ұқсас. Екеуі де балалардың жарқын өмірі мен болашағы үшін барын салып жатыр. Егер әз Наурыздың мейірімнің айы екенін ескерсек, арамыздағы әр азамат ұрпаққа үлгі болар қамқорлықтың ишарасын көрсете алады.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС