Люксембург-Қазақстан бала құқықтарын қорғау бойынша тәжірибе алмаспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Люксембург-Қазақстан бала құқықтарын қорғау бойынша тәжірибе алмаспақ

22.09.2021

Люксембург Қазақстанмен бала құқықтарын қорғау жөніндегі озық тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы Люксембургта өткен басқосуда ұлы Герцоктіктің балалар және жастар білім министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин шараға арнайы қатысып, шетелдік әріптестерімен өзекті мәселелерді талқылады.

Люксембург-экономикасы қуатты әлемдегі ең ауқатты мемлекеттердің бірі. 600 мың халық тұратын кішкентай ғана ел баланың құқығын қорғауға барын салып отыр. Елде жаңа туған сәбиден 27-ге дейінгі жастар үкіметтің ерекше қамқорлығында. Балаға ғана емес, тұтас отбасыға тегін әлеуметтік, медициналық, психологиялық көмек көрсететін 7 арнайы орталық жұмыс істеп тұр.
Клод Севениг, Люксембургтың балалар және жастар білім министрлігінің халықаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі: 
Біздегі ең өзекті проблема-өзге елдерден келген балаларды қоғамға бейімдеу. Шетелдіктер көп тұратын болған соң, 18 тілде сөйлейтін балалардың білім, ақпарат алуында қиындық туындамас үшін жүйені үнемі жетілдіруге тура келеді. Осы бағыттағы Қазақстанның тәжірибесі біз үшін өте маңызды.
Қазақстандық балғындар спорттық секция мен өнер үйірмесіне тегін бара алатынына люксембургтықтар қызығып отыр. Мұнда ондай игіліктің бәрі ақылы. Есесіне, Люксембургта тастанды бала жоқ. Бірақ, балалар үйі әлі бар. Ішімдіктің, қылмыстың кесірінен ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары сол интернаттарда, фостерлік отбасыларда тәрбиеленіп жатыр.
Аружан Саин, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі: 
Қазақстандағы басты проблема-денсаулықсақтау, білім, әлеуметтік қорғау министрліктеріне бөлінген қыруар қаржы жемқорлықтың кесірінен талан-таражға түсіп, әлеуметтік қолдауға зәру балалар мен ересектерге жетпей жатады. Ал, мұнда жеке, коммерциялық мекемелер үкіметтің қаржылай қолдауымен көмекке мұқтаж жандарға адал қызмет көрсетіп жатыр. Бізге де керегі осы.
Көру, есту қабілеті нашар, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы қалай қорғалып жатқанын білу үшін Аружан Саин бүгін Люксембургтағы бірқатар мектеп-интернаттардың жұмысымен танысады. Қазақстандық омбудсменнің сапары бейсенбі-жұмада Бельгияда жалғасады.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу