Геосаясаттағы салқындық ашық ерегеске, тіпті қантөгіске ұласқанын қазір жасырып-жаба алмайсыз. Жаһан әрі-сәрі күй кешіп тұр. Біздің экономикалық одақтасымыз Ресей өз экономикасын құтқару үшін дағдарысқа қарсы кешенді шара қабылдады.
Бірақ, осы бейсенбіде Еуропа одағы Украинаның шығысындағы қантөгіске, ашық қырғынға байланысты Ресей мен ресейшіл сепаратистерге қарсы санкцияны созды, алдағы қыркүйекке дейін.
«Бірінші соққы есеңгіретсе, екінші соққы жер жастандыруы бек мүмкін», дейді сарапшылар. Сондықтан, бұл соққыға көрші елдің қаншалықты шыдас беретінін дөп басып, долбарлап та айту қиын.
Санкцияны созуға Еуропа одағына мүше 28 мемлекет, оның ішінде бастапқыда әрі-сәрі болған Грекия да келісті. Еуроодақтың қаһарға мінуіне себеп болған - Украинаның Мариуполь қаласын зымыранмен атқылаған сепаратистердің әрекеті.
Шабуыл кезінде 30 бейбіт тұрғын қайтыс болып, ондаған адам жараланды. Жалпы, Шығыс Украинада былтыр сәуірден бері бес мыңнан астам адам қаза тапқан. Осы аптада АҚШ президенті Барак Обама мен Германия канцлері Ангела Меркель телефонмен сөйлесіп, сепаратистерді қолдағаны үшін, Минск бейбіт келісімінің талаптарын орындамағаны үшін Ресейді жауапқа тарту қажеттігін айтқан.
Және Украинаға қаржылай көмек беруді жалғастыруға келіскен. Есте болса, Б.Обама өткен аптада Н.Назарбаевқа да қоңырау шалып, ақылдасып, шығыс Украинадағы қақтығысты саяси мәмілемен шешуге тырысу керек дескен.
Бірақ, аю таңбалы алып көрші билігінің әзіргі ұстанымына қарағанда, бейбіт мәміле жуық арада орнай қоймайтын тәрізді. Уақыт көрсетер.
Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бірнеше лауазымды тұлғаларды қабылдады. Дүйсенбіден басталған қабылдаулар бейсенбіге дейін жалғасты.
Президент кімдерді шақыртты, қандай тапсырмалар берді?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованы қабылдады. Гүлшара Әбдіқалықова алдағы мерейтойлық даталарды – Қазақ хандығының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын, Конституцияның 20 жылдығы және Ассамблея жылын мерекелеуге дайындық барысы туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев осы іс-шаралардың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, мемлекеттілікті нығайту, бірлік пен келісім үшін маңызын айтты. Елбасы «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровты да қабылдады. Кездесуде велокоманданың қазіргі маусымдағы міндеттері, елдегі велосипед спортының даму перспективалары талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақты велосипед спортына баулудың маңыздылығын да атап өтті. Кездесу барысында Александр Винокуров Президентке былтыр «Тур де Франс» көпкүндік велобәйгесінде жеңіске жеткен «Астана» велокомандасының жейдесін тарту етті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірге Ресей Федерациясының Халық әртісі Алтынай Асылмұратованы қабылдады.
Кездесуде отандық мәдениет және балет өнерінің қазіргі жағдайы мен болашақ дамуы талқыланды. Алтынай Асылмұратова өзін қабылдағаны үшін Қазақстан Президентіне алғысын білдіріп, шығармашылық жоспарларын баяндады.
Есеп комитеті былтыр 3,1 триллион теңге мөлшерінде қаражат қамтылған 25 бақылау шарасын жүргізді. Сонда 716 миллиард теңгеге қатысты заң бұзуды анықтаған. 75 миллиард теңге бюджетке қайтты. Бұл туралы Президент қабылдауында Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин баяндады.
Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы:
2015 жылғы Есеп комитетінің негізгі міндеті – Елбасының Жолдауында қойылған тапсырмаларды мүлтіксіз орындау. Дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыру және Ұлттық қор қаражатын пайдалануды қатаң бақылауға ұстау. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысында мемлекеттік қаржы органдары қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Осы аптада Астанаға Адизес институтының бас директоры Ицхак Адизес келіп, Президент қабылдауында болды. Кездесуде институттың біздегі ірі компаниялармен ынтымағы талқыланды.
Ицках Адизес мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілеріне қатысты пікірлерін ортаға салды. Мысалы, ол Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетін күшейту үшін - негізгі құрылым саналатын «Самұрық-Қазына» қорының трансформациялау бағдарын жөн санайды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмиді де қабылдады. Қайрат Мәми соттардың 2014 жылғы қызметі туралы баяндады. Былтыр соттарға 1,2 миллионнан астам арыз және іс келіп түскен. Соның шамамен 450 мыңы азаматтық істер. Бұл сот жүйесіне деген сенімнің күшейгені, деді Қайрат Мәми.
Мемлекет басшысы сот төрелігін атқаруды одан әрі жақсарту, оған халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету, Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттыру қажеттігін де ескертті. Еліміздің сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті сегіз бағыт бойынша күшейту жөнінде кешенді шаралар қабылданған.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ