Жігіттер неліктен әскерге жарамсыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жігіттер неліктен әскерге жарамсыз?

01.02.2015
Жігіттер неліктен әскерге жарамсыз?

Былтыр күзде сарбаздардың сапына шақырылған 50 мың жастың бойларынан кінәрат табылған. Шын «сарбаз болсам» дегендердің бастары салбырап, армия десе, төбе шашы тік тұратындардың бақыттан жүздері балбырап үйлеріне қайтқан.

«Бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылғандардың ілуде біреуі ғана әскерге жарамсыз болатын», дейді үлкен буын. Әскерге өтпей қалуды жігіттер кәдімгідей намыс көретін. Өз міндетін өтемегендерге жұрт күле қарайтын.

Әдемі әскери киім киген жігіттерді балалар қызық көретін. Ағалары ауылға оралғанда, олардың бас киімін киіп, белдігін тағып, өзгелерге мақтанатын. Осы күні жігіттердің намыстары өліп кеткен бе, «әскерге жарамсыз» деген сөзді елең етпейтін болды.

Іштей қуанатындар да бар. Мүмкін, бұған теледидардан үнемі көрсетілетін әскери саладағы әлімжеттіктің де әсері бар болар? Аз ба, көп пе, қазір елдегі сарбаз саны – 75 мыңдай.

Жалпы, біз қорғаныс саласына қаржы аямайтын елдердің біріміз. Мысалы, былтыр бюджеттен 362 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Бұдан Қорғаныс саласының кемшілігі түзелді ме?

Әскери әлеуетіміз, қару-жарағымыз жеткілікті ме? Жеткілікті болса, ел әскері неге биыл 106 мемлекеттің ішінде 80-ші орынға тұрақтаған.

Абырой... Міндет... Ерлік... Осы үш ұғым қай заманда да сарбаздың серті.

Сайдың тасындай іріктелген сарбаздар қазақтың әскері. Кіл кең иықты, бойшаң, батыр. Қажымұқанның білегі, Бауыржанның жүрегі бар... Біздер осылай деп өзгеге мақтап жүрген жігіттердің 28 мыңы биыл отбасылық жағдайына байланысты әскерге бара алмады.

Ал, ел бойынша 50 мыңдай жас жарамсыз, деп танылды.

Гүлнар Бүтінбаева, медициналық комиссияның төрайымы:

Астана бойынша күзде 6500 баланы әскери комиссияға шақырдық.  Солардың ішінде жарамсыз болып шыққаны - 486 бала. Ал, 178 баланы көктемге дейін емханаларға емге жібердік. Бұл балалар бізде ем алып, көктемде қайтадан әскери дәрігерлік комиссиядан өтуге келеді.

Жігіттер неліктен әскерге жарамсыз? Өйткені, бірінің бүйрегі нашар, екіншісінің көзі көрмейді, үшіншісі майтабан. Басқасының жүрегі, өзгесінің өкпесі сыр берген.

Аян Мұханов, әскерге шақырылушы:

Бүгін алғаш рет әскери медициналық комиссиядан өтіп жатырмын. Көз көруден біршама қателігім бар. Бірақ, келешекте әскерге барамын. Сол үшін көзімді жақсартуға тырысамын.

Дәрігер айтпақшы, әскердің «іріктелген» түріне бармақ түгілі, денсаулығы жоқ жігіт жөні дұрыс жұмысқа да тұра алмайды. Әскери билеті жоққа – жұмыс қиын. Ал жұмысы жоқтың тұрмысы түзелмейді.

Айтпақшы, көп жігіттің ішіндегі кей жігіт әскерге барғысы келмейді. Сөйтіп, психологиялық тестті тура толтырмай, айласын асырмақ болады. Соңында, 100 азаматтың 10-15-і психологиялық сынақтан сүрінеді.

Бота Қорабаева, Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери психологы:

2014 жылдан бастап, автоматтандырылған түрде әмбебап психо-диагностикалық кешенді орналастырдық. «Ақсұңқар» бойынша жастарымыз психиологиялық сынақтан өтеді.

Мұның ішінде әрине, шынайы жауап бергісі келмейтін, әскерге барғысы келмейтін психологиялық-моральдық жағынан дайын емес балалар кездесіп жатады.

Психологиялық тесттен кейін олармен жеке әңгімелесуді бастаймыз. Сөйлесу барысында, неге барғысы келмейтінін анықтаймыз.

Олар неге әскерден қашады? Тәртіп жоқ, әлімжеттік көп, дейді қауесет. Оның үстіне кездейсоқ кем болып қалған, тіпті абайсызда атылып ия, өз қолымен асылып қалған деректерді біздің қоғам ара-кідік естіп қалады. Сондықтан, бейбіт күнгі әскери сапқа баласын жіберген ата-ананың өзі әлде-қалай болады деп алаңдап отырады.  Әскери соттың табалдырығын қаншама ата-ана әділдік іздеп тоздырды.

Қазақстан әскері әлемдік Global Firepower рейтингісі бойынша 106 елдің ішінде 80-орында.   Онда дүниежүзі елдерінің қорғаныс мүмкіндігі зерттелді.

Жауынгер мен әскери техника саны есептелді. Әуеде, жерде және теңізде әскери операцияларды жүргізу қабілеті қаралды. Әр мемлекеттің қару-жарақ сатып алуға жұмсай алатын экономикалық ресурстары бағаланды. Бәрін қосқанда, жалпы 50 түрлі критерий ескерілді.

Әлемдік көшті АҚШ бастап тұр. Бұл елде 145 миллион адам қолына қару алып, әскери операцияларға қатысуға жарамды. Тек ұшақтарының саны 10 мыңнан асып жығылады. Ал, 69 миллион жауынгері бар Ресей екінші орынға лайық, деп табылды.

Жер бетіндегі ең танкісі көп ел осы көршіміз. Қытай үздік үштікті қорытындылады. Қажет болғанда 749 миллион адамды әскер қатарына тартуға қауқары бар. Әскери қуатты елдердің қатарында Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия,  Түркия, Оңтүстік Корея мен Жапония аталды.

Зерттеушілер Қазақстанда 300 танк, 1 700-ге жуық түрлі бронетехника, 744 артиллериялық қару, 232 ұшақ және тікұшақ, 15 кеме бар дейді. Елімізді 8 миллионнан астам адам қорғауға дайын. Ал,  жылдық әскери бюджетіміз 2,4 миллиард долларға бағаланды.

Рас, егемен ел болғалы қорғаныс саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай өскен. 1991-2011 жылдар аралығында Қазақстанның әскери бюджеті 25 есеге артты.  90-шы жылдары бұл қаржы 8 миллиард  теңге болса, бүгінде мөлшері 200 миллиард теңгеден асып отыр. Бірақ, әскери әлеуетіміз артпай тұр. Оған жыл сайын ұшатын емес, құлайтын ұшақтардың көбеюі дәлел шығар. Тозығы жеткен техника көп.

Ғани Артықов, Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары:

Бізде Ресеймен бірдей техника жеткілікті. Олар да 2015 жылға дейін қызмет күшін жоймайды.  Ал, енді сол техникаларды пайдалана отырып, біз осыдан кейін де 15-20 жылға дейін шамасы келетін техниканың жаңа түрін сатып алуымыз керек. Бүгінгі жаңа деп есептелген техника 1-2 жылдан кейін жаңа технология келетін болса, оның сапасы мен қолданыстағы керектілігі шамалы төмендеуі мүмкін.

«Жығылғанға жұдырық». Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, елдегі жемқорлықтың 65 пайызы әскери қызметкерлерге тиесілі екен. Демек, жауға қалқан, елге қорған болудың орнына ел қауіпсіздігін параға алмастырғанды жөн көретін жігіттер көп. Техниканың тиісті жөндеу көрмейтіні, танктердің тозып, көліктердің көнеріп, ұшақтардың ұшпай жатқаны – содан болар.

Ғани Артықов, Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары:

Кез келген мемлекеттің қарулы күштері жаңа озық технологиялармен қамтамасыз етілген болса да, ол сол техниканы пайдаланатын адамдардың, әскери мамандардың біліктілігіне байланысты. Бабаларымыз қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен бізге осы ұлан-ғайыр жерді табыстап кетті.

Баяғы заманда біздің бабаларымыз жаулары зеңбірекпен, мылтықпен қаруланған болса да, солармен күресе білді ғой. Демек, бұл біздің халқымыздың  отансүйшігтік, ел қорғау қасиеттері қанға біткен генетикалық тұрғыдағы сіңген қасиеті болғандықтан, біздің халқымыздың қарулы күштері жоғары деңгейде, деп есептеймін.

Демек, қорғаныс саласына қазынадан бөлінетін қомақты қаржы ұлт идеологиясына, сарбаздың отансүйгіштігін, патриоттық сезімін қалыптастыруға жұмсалып жатқаны ғой. Дегенмен, жалаң ұран, жалаң қолмен жау алудың ауылы алыс қалғаны анық. Біздің әскер осыны ескерсе игі.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу