Украинадағы ушыққан шиеленістің жалғыз шешімі - саяси диалог пен консенсус екені сізге де, бізге де бесенеден белгілі. Оқты бұршақша боратқаннан пайда жоқ, егер бауырлас елдер бір-біріне иіп, дипломатиялық жолмен ымыраға келмесе. Алайда, саусақ безеп, бір-бірін айыптаудан жақтары талмаған екі ел тәкаппарлықтары ұстап, иілуге әзірге құлықты емес!
Осы бейсенбіде мұхиттың әр жағынан АҚШ президенті Ақордаға қоңырау шалды. Барак Обама мен Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі күндері күрт күрделеніп кеткен Украинадағы жағдайға қатысты сөйлесті.
Б.Обама Н.Назарбаевтың осы елдің шығысындағы шырғалаңға бей-жай қарамай, қырғынды тоқтатуға ұмтылуын жоғары бағалады. Ал, біздің Президент Обамаға Ресей, Украина, Германия және Франция президенттерінің төрттік құрамдағы кездесуін ұйымдастырмаққа өзі мүдделі екенін айтты.
Жалпы, әлем журналистері құлақтанып үлгерген Астанада өтуі тиіс «Норманд» форматындағы төрттіктің басқосуы – осы Украина дағдарысын реттеуге сеп болар деген сенім жоқ емес.
Дегенмен, соңғы оқиғаларға қатысты кейінге ысырылған бұл жиын - егер саяси оқиғалар тағы қысқа күнде қырық құбылмаса, осы айдың соңында өтуі тиіс. Телефонмен әңгіме кезінде Н.Назарбаев Украинадағы жанжалды тоқтатуға Обаның да араласуын сұрады.
Алайда Ақ үй қожайыны ең алдымен, Минск келісімдерінің орындалуын талап ететінін айтқан. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетер. Ал, осы аптада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі өкілі Руперт Колвилл былтыр сәуірден бері Украинаның шығысындағы қақтығыстан 5 мың адам қаза тапқанын мәлімдеді.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ