Ономастикалық комиссия құлықсыз ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ономастикалық комиссия құлықсыз ба?

18.01.2015
Ономастикалық комиссия құлықсыз ба?

Қадірлі көрермен, жер-судың аты - халықтың хаты. Текті қазақ тегін айтпаған. Ел мен жер атауларынан ұлттық ерекшелігіміз бауырсақтың иісіндей аңқып тұруы тиіс.

Осы ұстанымға берік бабалар әр жердің қиырына, тау-тасына, сай-саласына, өзен-көліне, құзы мен жартасына, ойпаңы мен шоқысына лайықты атаулар берген.

Дегенмен, дәуірлер бойы қалыптасқан қазақтың ономастика жүйесі ХІХ ғасырдан бастап, патша үкіметінің, кейін қызыл империя идеологтарының саяси құралына айналды. Қазақы атаулар жаппай орысшаланды.

Қазір азат қазақпыз. Алайда келмеске кеткен Кеңес заманының атауларынан әлі арыла алмай жүрміз.

Бірімізге өтірік, бірімізге шын, Қызылжар өңірінде Лениннің атында әлі күнге 83 көше бар екен. Үш жүздің басын қосқан Абылай мен Қожабергендей бабаларға қимаған басқа көшелер есесіне Киров, Карл Маркс, Калининдердің атымен аталады. Комсомол дейтін 72 көше, Октябрь дейтін 45 көше барын біле жүріңіз.

Жұбан мен Қадырдың елі Орал өңірінде де идеология ақсап тұрғандай. Новопавлов, Федоров, Озерное, Раздольный, Январцево.

Ономастикалық комиссия құлықсыз ба? Әлде ел-жұрт енжар ма? Қысқасы, 104 ауыл-аймақтың атауы әлі күнге қазақыланбай тұр.

Сөз орайы келсе, не тұрыс? Орал өңіріндегі жер-су аттарының қазіргі ахуалын талдап-талқылап көрелік.   

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты:

2000 жылы 2 желтоқсанда біз «Орал өңірі» газетінде «Орал осы кімнің қаласы?» деген мақала жарияладық. Жалпы, көптеген атаулардың, жер-су аттары емес, көше атауларының өзінде жоғарыда айтқан есімдер көп кездеседі. Және қаланың қай жағынан кіріп келе жатсаң да, бір Қазақстанның қаласы емес, әділін айтқанда Ресейдің қаласына кіріп келе жатқандай ескерткіштер, көше атаулары болғаны туралы мәселе көтеріп, кезінде мақала жарияладық.

Одан бері 15 жыл сырғып өтті. Тамақтары қарлыққан тіл жанашырларының талап-тілектері тұтас ескерілді деуге ерте. Ептеп өзгергені - шұбарланған көшелердің атаулары.

Махамбет Ықсанғали, Батыс Қазақстан облысы  Тілдерді дамыту басқармасының басшысы, Ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары:

Батыс Қазақстан облысында 500-ге жуық көше ұлттық ономастикалық саясатқа сай өзінің атын алды. Осы мораторий біткеннен кейінгі жұмысымызда екі рет ономастикалық комиссияның отырысын өткізіп, 731 көшені бұрынғы атаулардан арылтып, осы қазіргі ұлттық ономастика саясатына сай атаулармен мақұлдадық.

Болат Жексенғалиев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы:

Мысалы, Тәуелсіздік алған кезде Батыс Қазақстан облысындағы қазақы атаулар тек 5-ақ пайыз болатын.  Сондықтан да сол кездегі қалыптасып қалған қоғамдық сананы өзгерту, әсіресе мына менталитетті өзгерту, қала тұрғындарының менталитетін өзгерту оңай болған жоқ. Облыс орталығындағы негізгі көшелердің атауы өзгертілді. Соның ішінде кешегі тоталитарлық жүйеден қалған отарлық империя саясатынан қалған атаулар ауыстырылды. Дегенмен атқарылатын шаруалар әлі қыруар бізде.

Созбалақтанып тұрған қыруар шаруаның бірі - Оралды қоршаған ауыл-аймақтың атаулары. Зеленов ауданы, Переметное, Щапов, Круглоозерное, Юбилейный, Янайкино, Донецк, Плантация, Социализм. Тізім жүзден асады...

Болат Жексенғалиев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы:

Біріншіден, бұл әлі күнге, шын мәнінде, тәуелсіз елдің иесі ретінде сезінетіндей қоғамдық сананың оянбауынан. Мысалы, Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында тегін айтқан жоқ. Ең алдымен осы ұлттық құндылықтарды қадірлейтін де, келешек ұрпаққа жеткізетін де осы мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлты ғой. Қазір облыстың 60 пайыздан астамы қазақтар. Облыс орталығында қазақ тілінде білім беретін мектептердің де саны көбейді, тұрғындардың да саны көбейді. Бұл кешегі 90-жылдардың басындағы жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді. Дегенмен, мемлекеттік саясаттың, әсіресе жергілікті жердегі идеологияның әлі де сана-сезімді өзгертуге әлсіздігі байқалып тұр.

Ресейдің бес өлкесімен шектесетін Орал өңірінің орыстану тарихы былай: XVIII ғасырдың 2-жартысынан бастап, батыс жеріне қоныстанған казак орыстары хуторлар мен бекіністерді өз тілдерімен атай бастады.

Мысалы, Коловертное, Серебряково, Щапов. Бұл - бірінші кезең.

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты:

Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде біздің даламызға орыс-украин шаруаларының келуімен байланысты берілген атаулар. Атап айтсақ, Долинный, Даринск, Озерный, Зеленовск,  Переметное, тағы солай кете береді. Әлі күнге дейін Батыс Қазақстан облысындағы 12 ауданның бірі - Зеленов ауданы деп аталады. Орталығы - Переметное. Бұл  - екінші кезеңмен байланысты.

Үшінші кезең. Патша өкіметі тұсында дворяндардың, помещиктер мен казак атамандарының, есаулдардың есімдері берілген ауылдар. Богатырево, Антоновка, Березин…

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты:

Төртінші кезең - мынау Қазан төңкерісі мен азамат соғысы жылдарындағы қолбасшылар мен кеңес қайраткерлері, мысалы, Чапаев, Фурманов, Бударино, Батурино деп айтылады. Қазір бұлардың біразы өзгерді. Ал, Бударино әлі бар.

Бесінші кезең. Орал өңіріндегі көше-ауылдарға кеңес үкіметінің қайраткерлері мен әскери қолбасшыларының есімдері берілді. Ворошилов, Калинин, Свердлов, Крупская, Ленин, Маркс...

Әрі қарай Пермский, Уляновский секілді атаулар тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қойылды. Одан кейін коммунистік идеология әсерінен Первомайское, Интернационал ауылдары пайда болды.

Соңғы 8-кезең жаңадан қоныстанушылардың өз тілдеріне ыңғайлап, калькалау нәтижесінде Казталовка, Красногор, Чинаряво секілді атаулар шықты.

Махамбет Ықсанғали,  Батыс Қазақстан облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы, Ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары:

Осындай қазақтың тарихына сай емес атауларды өзгерту мәселесінде 104 елді мекеннің шаруасы тұр. Ономастикалық тұжырымдамадағы қойылатын  басты талап  - жергілікті тұрғындардың ұмтылысы. Егер олардан ұмтылыс болмаса, облыс, қала, аудан әкімдіктерінен тапсырмалар берілмейді.

Болат Жексенғалиев,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы:

Ешқандай мән-мағынасы жоқ көшелер әлі де бар. Мысалы, Строительный, Куриный деген сияқты. Мысалы, Степан Разин атындағы көше. Жергілікті тарихқа қатысы бар Емельян Пугачев атындағы көше болса, Пушкин атындағы көше болса, сөз жоқ. Өйткені олар осы облыста болған тарихи тұлғалар. Ал, Степан Разиннің біздің жергілікті тарихқа, қазақ халқының тарихына да, мәдениетіне де ешқандай қатысы жоқ.

Бір ғана мысал. Осы Степан Разин атындағы көше Оралдың ортасында тұр. Жапсарлас бірнеше казак атамандарына арналған көшелер де атам заманнан бар.

Енді қараңыз. Ахмет, Әлихан, Жүсіпбектерімізге көше бертінде берілді. Онда да алаштың ардақтыларына қаланың сырт жағынан жолдары қотыраш, елеусіз көшелерді ғана қидық...

Ленин бастаған тоталитарлық жүйенің көсемдерін де қимай, қаланың қақ ортасындағы саябаққа орналастырдық. Ал, Орал вокзалынан қалаға кірген бойда қылышын көкке сермеп, Чапаев тұр. 

Болат Жексенғалиев,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы:

Чапаев ескерткішіне қатысты қоғамда, әсіресе, жастар ұйымдары тарапынан әлі сын көп айтылады. Мысалы, «біз қай елге келдік?», «қай облыстың орталығы?» дегендей. Чапаевтың бұрынғы тарихқа қатысы бар тұлға, бірақ Махамбет пен Құрманғазымен салыстыруға келмейтін адам ғой.

Ұлт жанашыларының Махамбет пен Құрманғазыға арнап ескерткіш қою туралы ұсыныстарын елер ешкім жоқ. Есесіне, Махамбет атындағы университеттің алдында тарихқа түк қатысы жоқ Миша Гаврилов тұр қасқайып.

Болат Жексенғалиев,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы:

Біз бірнеше рет ұсыныс айтқанбыз. Негізінен, Махамбет атындағы оқу орнының алдында елдің еңселі, ұлттық тұлға Махамбет ақынның ескерткіші тұрса деп. Өйткені Махамбет ақынның отты өлеңдері қай кезде де ұлттық рухтың көрінісі болған. Бізге қазір керегі де ұлттық рух пен намыс. Ал, Махамбет бабамыздың ескерткішінің жетпей тұрғаны -  өзімізге сын.

Жалпы, азаттық алғалы республикада 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, 1221 елді мекеннің атауы өзгертілген. Әлі 1922 елді мекен кеңес дәуірін дәріптейтін атаулармен аталады.

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты:

Елбасымыз астананы Алматыдан Астанаға көшірген кезде айтқан жақсы бір сөзі бар. «Біз ономастикалық саясатты ешкімге жалтақтамай, батыл жүргізуміз керек. Мына Астанадағы кешегі қызыл коммунистік режимді еске түсіретін, қаны шашырап тұрған революция, коммунист, октябрь деген  атауларды жойып, қазақыландыру керек». Бұл сөз өзге де өңірлерге қатысты.

Әзірге, Оралдағы балалар «қайдансың?» десең, бірі «Бударин», бірі «Подстепныйданмын» дейді. Енді бірі Разин көшесінде тұратынын айтса, біреулері «бұл біздің Чапаев батыр» деуге мәжбүр...

 

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу