Елімізде Жаңа жылдан бастап, жаңадан жазылған «Жол қозғалысы ережесі» туралы Заң күшіне енді. Әлеуметтік желілерде ит сүйреген тулақтай жұлма-жұлмасы шығып, біреулер сынап-мінеген, енді бірі қолдап-қорғаған жаңа Заңның жаңалығы көп.
Мәселен, кез келген көлік бұдан былай күндіз де жарықтарын жағып жүруге міндетті. Бұл - жолда апатты жағдайды болдырмауға ықпал етеді.
Екіншіден, жаңа ереже бойынша жол патрульдік полиция қызметкері қандай да бір көлікті тоқтатқан кезде жүргізушіге оны қандай себеппен тоқтатқанын түсіндіруі тиіс.
Бұған қоса, жүргізуші жол патрульдік полиция маманына куәлігін көрсетіп, лауазымын білуді талап етсе, онда инспектор құжатын көрсетуге міндетті.
Үшінші талап – ішкі істер қызметкері көлікті тоқтатқан жағдайда жүргізуші де, жолаушылар да инспектор өтініш жасамаса, көліктен түсуге тиіс емес.
Тағы бір маңызды нәрсе, бұдан былай көлікті мас күйінде жүргізген жүргізушілерге қолданылатын айып барынша күшейтіледі. Жаңадан қабылданған Заң бойынша, көлікті мас күйінде жүргізген жүргізушіні 10 жыл мерзімге көлік жүргізу куәлігінен айыру қарастырылған.
Сонымен қатар, көпшіліктің қарсылығына тап болған мәселенің бірі - 12 жасқа дейінгі балалар арнайы орындықтарға отырғызылуы тиіс. Әйтпесе, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейсіз.
Осы Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық - көлікті тек арнайы рұқсат етілген белгісі бар тұраққа ғана қою талап етіледі. Өйтпеген жағдайда жүргізушіге тағы айыппұл салынады.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
Қолмен де сенімхатты жазудың керегі жоқ. Тіркеу туралы куәлігі мен сақтандыру полисімен жүре береді. Ал, автокресло немесе арнайы қондырғылар қолданылмаған жағдайда, көлік жүргізушісіне бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Көлікке қатысты тағы бір маңызды мәселе - күні кешеге дейін біреудің көлігін нотариат бекіткен сенімхаты бар адамның басқаруына рұқсат етілетін. Ал, жаңа Заңда бұл бап алынып тасталды.
Керісінше, көлік иесі көлігіне сақтандыру полисін алғанда өзінен басқа көлік жүргізуге құқылы азаматтардың аты-жөнін әлгі полиске тізімдеп, енгізіп қоюына болады.
Сондай-ақ, «Жол қозғалысы ержесінің» жаңа нұсқасында күре жолда жеңіл көліктің жылдамдықты сағатына 140 шақырымға дейін, ал жүк көлігінің жылдамдықты сағатына 110 шақырымнан асырмауы көзделген.
Тіпті елді мекендердің қайсы бір бөліктерінен сағатына 90 шақырымдық жылдамдықпен өтуге рұқсат етілген.
Айбек ҚОБДАБАЙ