Мол мұнай мен қалың бекірені бауырына басқан қарт Каспийден сол бұйра толқын теңіздің жағасындағы Маңғыстауға жылжиық. Қазақстан уран мен газға аса бай, әсіресе, осы Маңғыстау «қара алтын» қорын жастанып жатыр. Алайда, мұнай өмірі бір сарқылмайтындай, аймақ сол салаға тәуелді.
Бұдан бөлек, шикізаттық емес саланы қолға алса, түйе шаруашылығы мен көкөніс өндіруге бет бұрса, өңір басқа қырынан танылар ма еді. Демек, осындай салаларға инвесторларды молынан тартып, ел игілігін бірлесе иегеретін уақыт келді. Мемлекет басшысы Атырау атырабынан Маңғыстау облысына барғанда осы жайттарға мұқият мән берді.
Қазақ сахарасындағы теңізге шығатын жалғыз айлақ - Ақтауда. Осы айлақтың әлеуетін арттыру мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Президент аймаққа сапары кезінде алдымен Ақтау портын кеңейту жобасымен танысты.
Құны 38 миллиард теңге болатын жоба бойынша келешекте Ақтау порты солтүстікке қарай 22 гектарға кеңейеді. Жылына 1,5 миллион тонна астық сақтайтын терминал, жүк және контейнерлер жіберетін тағы екі айлақ салынады. Порттан жылына 20 миллион тонна жүк жөнелтілмек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің нағыз да жалғыз портымыз Батысқа шығатын. Барлық жолды, Қазақстанның торабын осында әкеле жатқанымызды білесіздер. Біздің Шығысқа, Қытайға шығатын жолымыз жеткілікті. Ресей арқылы да шығамыз. Маңғыстау-Түркіменстан-Иран арқылы Парсы Шығанағына жол салынуда. Сондықтан, теңіз портының өсуі, өндірістің өсуі, мұнай ауқымының өсуімен облыс одан әрі гүлденетін болады.
Президент «Боржақты-Ерсай» теміржол желісін іске қосты. Бұл порттың дамуына ықпал ететін жаңа жол. Транзиттік тасымалды арттырады. Жалпы, соңғы 5 жылда облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға ел қазынаснан 200 миллиард теңге жұмсалған.
Мемлекет басшысы елімізде алғаш жасалған өзін-өзі көтеретін бұрғылау қондырғысымен де танысты. Ол құралды Ақтаудағы металл конструкциялар зауыты жасаған. Кәсіпорын шығаратын өнімдер негізінен мұнай-газ саласы үшін таптырмайды. Өндіріске қажетті қондырғылар құрастырып, кеме жасау, оны жөндеумен айналысатын зауытта 600-дей адам жұмыс істеп жатыр.
Елбасы битум шығаратын кәсіпорынды да аралады. Бұл зауыт жылына 1 миллион тоннаға дейін битум шығарады. Сапалы өнімді негізінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі мен басқа да республикалық маңызы бар тас жолдарды салушылар тұтынады.
Әбілхайыр Байпақов, битум зауытының қызметкері:
Елбасы Қазақстанның облыс орталықтарынан Астанаға дейінгі жолды жалғау «Нұрлы жол» бағдарламасымен жүзеге асады, деді. Жол құрылысын битум зауытынан шыққан өніммен салуға толық мүмкіндік бар.
Елімізде салынып жатқан халықаралық көлік дәліздері ежелгі Жібек жолын жаңғырту мақсатында қолға алынған. Егер бұл жолдар межелі уақытында салынса, онда Қазақстан - Қытай мен Парсы шығанағын жалғайтын транзиттік аймаққа айналады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа Жібек жолы туралы идеяның, оны дамытудың Қазақстан үшін маңызы бар. Біз оны қолдаймыз.
Мемлекет басшысы облыста кен өндіру өнеркәсібін дамытуды тапсырды. Өйткені, Маңғыстау мұнайға тәуелді өңір. Өндірістің 52 пайызы қара алтынға қарап отыр. Оның үстіне барланған көптеген кен орыны қараусыз қалған. «Соларды жандандырып, қазынаға бай аймақта жаңа индустриялық жобаларды ашу қажет»,-деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұнайдан өзге саланы да дамыту қажет. Индустириялық бағдарламалар бар. Оған еркін экономикалық аймақ мүмкіндік береді. Шағын кәсіпкерлік, көлік логистикасы, тасымал, туризм мен сервистік қызмет өте маңызды.
Аймақта ақсап тұрған саланың бірі – туризм. Кендірлі секілді демалыс орны мен Қарт теңіздің жағалауын ұтымды пайдалана алмай келеміз. Сонымен қатар, аймақтағы аграрлық салада ауыз толтырып айтарлық жаңалық аз.
Алайда, шөлейт жерде түйе төлін өсіріп те табыс табуға болатынын мұндағылар білсе де, осы істі жолға қоя алмай-ақ келеді. Егер осы жоғары да аталған салаларды жандандырса, қосымша жұмыс орындары ашылып, облысқа көшіп келетін оралмандардың да мәселесі оң шешімін табар еді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекет облыстың өркендеп, өсуіне көңіл бөліп отыр. Ақтау портын көрдім, арнайы экономикалық аймақтағы жаңа өндіріске үміт артуға болады. Газ, бар, барлығы бар қолда, соларды ұқсатып, халықтың жағдайын көтеру керек.
Жергілікті билікке жүктелген тапсырма көп. Сын сағатта сыр бермейтін асқан іскерлік пен тиянақтылық қажет. Бәрі де елдің экономикалық тұрақтылығын шайқалтпау үшін, әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін керек.
Елбасы әр салада оқып, еңбек етіп жүрген жастармен кездесуінде патриотизмді нығайтуда және елдің туристік әлеуетін дамытуда осындай бастаманың маңызды екенін айтты. Қазақстан жастарын еліміздің сұлулығы мен өзіндік ерекшелігі туралы ортақ идеяға біріктіруге бағытталған экспедицияны «Менің елім-Мәңгілік ел» деп атауды ұсынды.
Құрамына 20 адамды топтастырған экспедицияның сапарына сәттілік тілеген Президент ел дамуы жастар қолында екенін қадап айтты. Тоғыз жолдың торабында тұрған Маңғыстау Қазақстанның экономикалық та, әлеуметтік те тұрғыдан қарыштауына тірек болатын өңір.
Бұл ретте инвестиция тарту мен сапалы білім алу, көп тілді меңгеру, оны елдің дамуына жарату жастардың еншісінде. Мемлекет басшысының тапсырмасы осындай.
Ғалым КӘЛМЕН
Жазир ӘБІЛ