«Жетімнің басынан сипасаң, жеті пейіштің есігі ашылар». Мысалы, Татарстан Республикасы. Жақсылық жасасам дейтіндердің қарасы көп екен. Республикада 12 мың жетім болса, солардың 11 мыңын – елдегі мейірімді отбасылар асырап алған. Соңғы 6 жылда бұл елде 8 балалар үйі жабылған.
Тіліміз ұқсас, дініміз бір Татарстан демекші, осы аптада бауырлас халықтың Қазақстандағы Мәдениет күндері өтті. Делегацияны Татарстан Президенті Рустам Минниханов бастап келді.
Мәртебелі мейман Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақты талқылады. Сапар барысында іскерлік бизнес-форум да ұйымдастырылды.
Билік өкілдері мен бизнесмендер екі елдің экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтып, іскерлік әріптестік орнатып, алыс-берістің жолдарын жеңілдетуге келісті.
Елордада 500-ге жуық әртістің қатысуымен, гала-концерт те өтті. Марат Галимов, Регина Валиева сынды Татарстанның танымал өнерпаздары думанды кеш сыйлады.
Биыл татар музыкасының классигі Фарид Яруллиннің туғанына - 100 жыл. Саңлақтың жолын қуған шәкірттері елордалықтарды ерекше таңғалдырды. Әрине, сабантойсыз татарда мереке жоқ.
Астанада сабантой дүркіреп өтті. Татар халқының ұлттық әндері шырқалды. Қолөнер бұйымдары мен тағамдары сатылатын жәрмеңке өтіп, спорттық ойындар ойнатылды. Екі елдің ынтымағын нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС