Аймақ басшыларының дәстүрлі есеп беруі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақ басшыларының дәстүрлі есеп беруі басталды

14.09.2014
Аймақ басшыларының дәстүрлі есеп беруі басталды

Аймақ басшыларының дәстүрлі есеп беруі басталды. Биыл бірінші болып Астанаға Ақтөбе облысының әкімі келді. Елордаға өткен жылы қарашада ат басын бұрған әкім араға он ай салып, бір сағаттай аймақтың қазіргі даму қарқынын баяндады. Экономикалық әлеуетінен бастап, тұрғындардың әл-ауқатын да айтты. Мұнай-газ өндірісі де тасада қалған жоқ. Мәдениет пен спорт саласына да тоқталды.

Астана. Орталық коммуникациялар қызметі. Ақтөбе облысының әкімі-Архимед Мұхамбетов. Ал оған сан сұрақтарын арқалап жеткен тілшілер, мінекей. Әкім әдеттегідей, әуелі өңірдің әлеуетіне тоқталды.

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:

Өңірлік жалпы өнім 4,6 пайызға өсті. Ал 2010 жылмен салыстырғанда, ол 1,5 есеге өсіп, 1 триллион 173 миллиард теңгеден, 1 триллион 760 миллиард теңгеге дейін өсіп отыр. Тұрғындардың жан басына шаққандағы өңірдің өнімі 3 жылда 45 пайызға өсіп отыр.

Бұл өсім – өңірдің өнеркәсібінің арқасы. Өйткені, Ақтөбе - минералды шикізатқа бай мекен. Никель керек пе, фосфор ма, хром дерсіз, бәрі бар. Өңір өндірісімен өзіне өзгені қаратып  отыр.

Жыл басынан бері 7 айдың ішінде өңірдегі кәсіпорындар 670 миллиард теңгеден астам өнім өндірген. 2010 жылғы деңгейден 92,7 пайыз артық. Елімізде өндірілетін ферроқорытпаның 45 пайызын шығарады. Алаңдататыны, облыс бойынша мұнай өндіру көрсеткіші кеміген. Өткен жылмен салыстырғанда, 12 пайызға, яғни, 487 мың тоннаға азайған.

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:

Мұнай өндірудің жоспарланған төмендеуі негізінен жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен келісілген болатын. Жалпы алғанда, мұнай өндірісі өңірдегі өнеркәсіптің 52 пайызын құрап отыр. Сәйкесінше, бұл ілеспе мұнай газының көлеміне де ықпал етіп, ол 6,4 пайызға төмендеді.

Мұнай өндіру көлемі кеміген. Керісінше, өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 20 пайызға өскен. Тиісінше, тартылған инвестиция тиімді жұмсалып жатыр. Естеріңізде  болса, Президент өткен маусымда Ақтөбеге арнайы барған еді.

Сонда, Индустриялды картаға енген 11 жобаның толық қуатына көше алмағанын айтып, Елбасы ел үшін маңызды жоспардың шала орындалуын сынға алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

11 жоба қашан қарқын алады? Қандай мәселелер бар? Басшыларға қатысты қандай да бір шағым бар ма?

Енді өңір бұрынғы кеткен қателіктерді қайталағысы келмейді. Индустрияландыру картасына 591 миллиард теңгенің 76 жобасын енгізген. Қазірдің өзінде оның 70-і жүзеге асты. Нәтижесі жаман емес. 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл 10 жобаны іске қоспақ.

Жемісті болады, деп жоспарланған он жобаның бірі - ол рельс арқалығы зауыты. Болжам бойынша болашақта жылына 430 мың тонна рельс шығарады. Және олар жоғары қозғалыстағы желілерде қолданылатын жоғары сападағы рельстер болмақ.

Бағлан Қаскин, зауыттың технология мен сапа басқармасының басшысы:

Рельстер жоғары-төмен жылдамдықта жүретін жолдарға арналады. Зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. 2015 жылдың наурызында іске қосылады деп отырмыз. Ол кезде 600-ге жуық маман жұмыс істейтін болады. Жобаның жалпы құны – 300 миллион доллар. Өндірген тауарлар өзімізден бөлек, өзге елдерге де экспортталады.

Ақтөбе облысы республикалық бюджеттен қаражат алады, бірақ, алмақтың да салмағы барын біледі. Мысалы, облыс кәсіпкерлерінен ел қазынасына құйылатын салық пен басқа төлемдердің түсімі 6,7 пайызға өсіп, 64,1 миллиард теңгеге жеткен. Мемлекет те барынша берді. Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5,3 миллиард теңге бөлінді, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге көп.

Өңірде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуында да іркіліс жоқ. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 8 айда 16,9 мың шаршы метр үй ел игілігіне берілді. Әкім әсіресе, тұрғын үйге көп көңіл бөліп отыр.

Өйткені, Елбасынан аймақ басшысы жобаларға қатысты бөлек, салынып жатқан жаңа «Нұр Ақтөбе» тұрғын үйінің сәулетіне қатысты тағы бір сын естіген еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әр шағын ауданның өзінің жобасы болуы керек!

«Нұр-Ақтөбе» тұрғын үй алабына 5 шағын аудан кіреді. Былтыр 1224 пәтер берілсе, биыл 972 пәтер пайдалануға беріледі.

Енді облыстың жолдары жөнінде. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің құрылысын өңір облыстардан алғашқы болып бітірді. Енді аймақ республикалық маңызы бар жолдарға мән беретін шығар.

Ауылдардағы жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдардың жыры әлі бітпей тұр. Бұл туралы әкім есебінің алдында ғана арнамыздан сюжет өтті...

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы айтарлықтай дамыған. Мал өсімі де көңіл толтырады. Білім, медицина, мәдениет спорт салалары дамуда. Әкім осылай деді. Бірақ облыс әкімдерінің рейтингі бойынша, Мұхамбетов төменнен санағанда төртінші орында.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу