«Қазақстан - ежелгі атақонысына ту тіккен жас мемлекет. Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін жаһанға жарқырата түсу - біздің ортақ парызымыз. Қазақтың тарихы - бірігу мен тұтастану тарихы. Бүгін жай ғана музей ашылып отырған жоқ, сан мың жылдық шежіре жазылатын Қазақстан тарихының жаңа беті ашылып отыр».
Бұл - күні кеше ғана ұлттық музейді ашып тұрып айтқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Астана күні мерекесінде ашылған ұлттық мұражайдың көлемі 74 мың шаршы метрден асады. Ғимарат Ресейдің Эрмитажы, француздың Лувры және америкалықтардың «Метрополитені» бастаған әлемнің ірі экспозицияларының ондығына енеді.
Орталық Азиядағы ең үлкен музей бұл. Қазақтың жерінде, Арқаның төсінде, Астананың төрінде тұр.
«Өз елім менің, өз жерім менің» әнімен қанатын қалықтатқан қыран құс, өз мұражайында... Төбедегі көк аспан мен алтын күн киелі көк Туды көзіңе әкеледі. Ал сол жақтағы ақ карта қазақтың «баянды ел, байтақ жер, бағаналы орда» екенін бейнелейді. Бұл-мұражайдың кіреберісіндегі көрініс.
Археология деп те атайды бұл залды. Біреу емес, бұдан бөлек, 10 зал бар. Бірнеше тілді меңгерген қыз-жігіттер жеке-жеке топ бастап, осылай қонақтарға таныстырады.
Әсем Изатқызы, тілші:
Бұл алтын зал. Ерекшелігі, мына кіре берісіндегі жарық бөлме. 40 мың диодты түрлі-түсті шамдар келушінің назарын өзіне бірден аудартады. Ал 15 минут сайын қойылатын күмбірлеген күйлер ұлттық музейді расында ұлықтап тұр.
«Алтын залға» Алпамыс жауапты. Бабадан қалған жауһар жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтайды ол. Бұл зал көпшілікке арналмаған. Өйткені, мұндағы экспонаттар тым құнды. Мәселен, көсемімен бірге жерленген жылқылар, олардың ат әбзелдері осында қойылған. Әрі толық түпнұсқада. Залдың жалғыз ерекшелігі бұл емес.
Алпамыс Әбу, ҚР Ұлттық музейінің «Алтын залының» жауапты қызметкері:
Бірінші қабат пен екінші қабаттың аралығындағы көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырып отырған қабырғадағы сақтардың әлемін үштік кезеңге бөліп, аспан әлемі, жер беті, жер асты әлемінің тіршілігін көрсететін әлемдік ағаш, қанатын жайған алып құстар және жан-жануарлардың бейнесі бедерлі қабырғадан жай көзге көрінбейді. Заманауи құрылғыдағы телефондармен және арнайы камералармен ғана тірі бейнеде көре алатындай мүмкіндіктер жасалған.
Әрбір егемен елдің тәуелсіздігінің шежіресі болуы керек. Сол жылнама тек әдебиетте ғана емес, мұражайларда мұра болып сақталғаны жөн. Өйткені, мәдениет қана ұлттың ұлылығын ұлықтайды.
Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
Тек қана мәдениеттің ғана емес, ғылымның да ордасына айналуы керек. Өйткені, тас дәуірінен бастап қаншама дүниеміздің бәрі жай ғана сақталып тұратын болса, қоймадан еш айырмашылығы болмай қалады. Сондықтан, жәдігерлердің бәрі сыр шертіп сөйлеуі керек.
Мәдениет - тұңғиық дүние, тым терең, ауқымы кең. Бір жәдігермен немесе бір туындымен түсіндіре алмайсың. Сондықтан, Ұлттық мұражай ұлттық мұраның ұясы болады. Тәуелсіз Қазақстан, Астана, тарих, этнография, заманауи өнер залдары. Барлығы да қазақтың өткенін екшелеп, бүгінін баяндайды.
«Көрме» дейтін де керемет зал бар. Қазір онда Ресейдің этнографиялық музейінің көрмесі өтіп жатыр. 500-ге тарта экспонатын көрші ағайын Астана күніне тарту ретінде алып келді. Жәдігерлер екі бөлмеге орналастырылды. Бірінде әлемді туындыларымен таңғалдырған орыс суретшілерінің картиналары ілінсе, енді бірінде Ұлы жібек жолының мұрасы қойылды.
Рыскүл Бекталиева, ҚР Ұлттық музейінің бас қор сақтаушысы:
Жібек талшықтарынан тоқылған маталарға шаршы қылып кесіп алып, қолдан өздері бояуменен сіңіретін мынадай орамалдар бар. Баспа әдісімен жасалған.
Сонымен, ұлттық мұрамызды ұмыттырмайтын, керісінше ұлықтайтын музейдің жалпы аумағы 74 мың шаршы метр. Оның 14 мыңы экспозициялық алаң, ал бес мың шаршы метрі мұражайға тиесілі.
Бүгін – шілденің он үші. Музейдің ашылғанына он күн өтті. «Біздерде анандай бар, мынандай бар» деп мақтанатын жаһан музейлерін шаң қаптырған біздің музейге келушілердің санында қисап жоқ. Тек қала күні қарсаңындағы 4-5 күннің ішінде 40 мыңға тарта адам музейді тамашалапты.
Мереке болған соң солай болады деуіңіз мүмкін. Бірақ қазірдің өзінде күніне 5 мыңға жуық азамат ұлттық музейге келеді екен. Тек елордалықтар ғана емес, қазақстандықтар да ғана емес, алыс-жақын шетелден ағылатындар да көп.
Ингеборг Конрад, қонақ /Германия/:
Біз Германиядан келдік. Астанаға алғаш рет келуіміз. Көп естігеннен, бір көрген артық деп асыға келдік. Арнайы қала күні қарсаңында ашылған музейді тамашаладық. Өте керемет. Бірінші кезекте, мына көлемді картиналар таңғалдырды. Қазақтың мәдениеті не деген бай деп таңғалып тұрмын.
Хайнц Борхерс, қонақ /Германия/:
Бізді әр залдың ерекшелігімен таныстырып жүрген қыз-жігіттердің ағылшын тілінде түсіндіргені өте ұнады. Сапалы аударма. Тек қана бұл музей емес, жалпы Астананың қарқынды дамуы үлкен әсер қалдырды. Біз Қазақстанға қайта келеміз деп шештік.
Асан Мәметов, қала тұрғыны:
1700 жылдары салынға суреттер, жақсы сақталған және алтын жіппен өрнектеліп тоқылған шапандар бар екен. Солар ерекше ойда қалды.
«Байырғы дүниелер заманауи жабдықталған. Үйлесім бар»,- дейді музейге келушілер. Кез келген адам мынадай медиа қондырғы арқылы өзіне керекті мәліметті алады. Ондай 85 құрылғы бар. Әрбір залға орналастырылған. Енді алда мейманы көп мұражайға үш тілде сөйлейтін аудиогид үлестіріледі. Өйткені, музей - қай заманда болса да қоғамға аса қажет орда. Тарихқа айналған өткен күндерге сапар шеккіңіз келсе, мұражайға барыңыз. Көзбен көріп, жүрекпен сезініңіз.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ