Суға түсу маусымы басталғаннан бері 145 адам суға кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Суға түсу маусымы басталғаннан бері 145 адам суға кеткен

29.06.2014
Суға түсу маусымы басталғаннан бері 145 адам суға кеткен
Ыстық жаз. Көлге түсіп, көкіректі кере демалған жөн-ау, бірақ, судың тілсіз жау екенін тағы да ескерген абзал. Күнделікті әр өңірден суға кеткен баланы да, көлге батқан ағаны да, ағыспен кеткен ананы да естіп жатырмыз. Ең бастысы – сақтық керек.
 
Дүниежүзі бойынша суға бату - жазатайым жағдайлар ішінде 3-орында екен. Жыл сайын әлемде 400 мыңға жуық адам суға батады, дейді ақпарат агенттіктері. Қарапайым ғана «ентігіп, ия болмаса, терлеп тұрып суға түспе», «масаң адамды өзенге жіберме», «денені үйретпей тұрып, бірден көлге қойып кетпе», «жүзе білмесең, жағадан ұзама», «мақтан мен кеппелікке салынып сумен ойнама», деген секілді қарапайым қазақы қағидаларды ескерген абзал. Ақыл емес, сақтандыру. Өйткені, тек былтырдың өзінде 303 адам ел бойынша суға кеткен.
 
Дабыл қағылды – енді дамыл жоқ. Құтқарушылар жедел жиылып, қайыққа отырды, ажалға араша тұру үшін аттанды... Біреудің ажалы оттан, біреуге судан... Күн ысыған, су жылынған бірер айда 145 адам суға кетті. 19-ы – бала. 230 адам құтқарылды, оның 37-сі – бала. Құтқарушылардың еңбегі...
 
Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
Өкінішке қарай, азаматтардың су айдындарындағы демалысы кей кезде сәтсіз аяқталады. Сонымен қатар, балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтамау трагедияға алып соғуы мүмкін. Суға бату фактілерінің көбі Батыс Қазақстан, Алматы, Қостанай, ОҚО су айдындарында тіркелген.
 
Астананың жазы биыл жылдағыдан ыстық. Жұрт жанға саяны ерке Есілдің жағасынан іздейді. Құтқарушылардың жұмысы қауырт, тәулік бойы өзен бетін шолады.
 
Ермек Әлібеков, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару қызметінің бастығы:
Суға түсу маусымы басталғалы бері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп келеміз. Есілдің жағасын тәулік бойы бақылауда ұстаймыз. 31 құтқарушы маман, 13 суда жүзу құралы бар.
 
Құрал да, маман да бар бірақ оқыстың аты оқыс. Жаз басталғалы Астанада бес адам суға кеткен, біреуі бала.
 
Ермек Әлібеков, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті судан құтқару қызметінің бастығы:
Тұрғындар суға түсу ережесін орындамайды. Суға түсуге болмайтын жерлерге біз тақтайшалар іліп қойдық. Оған қарамайды да. Жүзу білмейтіндер жағадан ұзап кетеді.
 
Қазір ел бойынша шомылуға жарамды 480 демалыс аймағы бар. 371 арнайы жағажай ашылды, оның 109-ы балаларға арналған. Бірақ, сол жағажайларға тазалық жетіспейді.
 
Қала тұрғыны:
Көбіне 16-15 жастағы балалар қауіпсіздік ережесін бұзып, арғы жаққа қарай өтіп кетеді. Олар өздерін ойламайды да.
 
Қала тұрғыны:
Балаларға арнайы белгіленген жерлер бар. Сол жерде шомылғылары келмейді. Өздерін керемет деп санайды да.
 
Қала тұрғыны:
Бақылап тұрады жағажай. Сонысы жақсы екен. Маған ұнады мына жағажай.
 
Себеп - көп, салдары - ауыр. Бала ойнақтап жүріп от басады, аңырап ата-анасы қалады. Ал, ересектердің жөні тіпті бөлек. Алкогольдің жалынын өзеннің салқын суымен басқысы келеді, алды-артына қарамайды, соңы өкініш...
 
Сейілбек Нақып, судан құтқарушы:
Жағажайды ауысып қарап отырамыз. Кезекпен-кезек. Күніне 5-6 рет түсеміз. Көбінесе ішімдікпен бата бастайды, кейбірі ойнап...
 
Сейілбек – сергек құтқарушы. Өзен-көлді жағалағанына 7 жыл. Бір биылдың өзінде 30 адамның өміріне араша болды.
 
Сейілбек Нақып, судан құтқарушы:
Мамандығым өзіме ұнайды. Жалпы, денсаулығың да мықты болады. Үнемі шынығасың. Жүректің қалауы - адамды құтқарып алу. Жақсы ниетпен жақсылық алып келу.
 
Сүңгуір-құтқарушылардың қызметі судың бетінде де, тұңғиық түбінде де жалғаса береді. Батып кеткен адамдардың денесін іздеу, тауып, алып шығу, физикалық, психикалық жағынан да ауыр соғады дейді өздері. 
 
Гүлжан Марқабай, тілші:
Құтқарушылардың жұмысы жеңіл емес. Ал киімдері одан да ауыр. Мына арнайы киімнің салмағы 30 келіден асады. Құтқарушылардың жұмысын көзбен көрдік, енді бастан өткеріп көрелік.
 
Құтқарушы мамандар қат елімізде. Сондықтан, арнайы дайындықтан өткен азаматтардан ерікті құтқару бөлімшелері құрылды. Биыл қосымша 50 құтқару бекеті ашылып, 254 ерікті дайындықтан өткен. Ал, техникалық жабдықталудың кемі жоқ.
 
Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
2013 жылы 5 заманауи құтқару катері сатып алынды, олардың екеуі ірі су айдындарындағы суда құтқару және сүңгуір-іздеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Сондай-ақ, 9 бірлік жедел автомобиль, 96 бірлік жаңа құтқару құралдары, 32 бірлік жүзу құралы, 170 бірлік замануи үлгідегі сүңгуір жабдығы сатып алынды.
 
Ала жаздың әлі екі айы бар. Биыл біздің елде ыстық болады, дейді мамандар.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу