Еуразиялық экономикалық одақ - Кеңес одағы емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақ - Кеңес одағы емес

13.04.2014
Еуразиялық экономикалық одақ - Кеңес одағы емес
«Экономикалық одақ - Кеңес одағы емес. Ортақ валюта туралы келісім де, келіссөз де, тіпті ой да жоқ». Бұл - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдемесі.
 
Орталық коммуникациялар қызметі осы аптада бірнеше министрді шақырып, Экономикалық одақ төңірегіндегі алып-қашпа пікірлерге ресми тұлғалардың жауабын алу мүмкіндігін ұйымдастырды.
 
Үш ел Қазақстан-Беларусь-Ресей арасындағы экономикалық бірлестік туралы келісімдер әлі пысықталып, келіссөздер әлі жүріп жатыр. Ешкім де яғни, үш ел де өз мүддесін ұмытпайды, деді біздің министрлер. Ал, кез-келген келіспеушілік тек қана консенсус, яғни, ортақ мәміле арқылы шешіледі.
 
«Би екеу болса, дау төртеу болады», депті бұрынғылар. Үш елдің арасындағы интеграциялық процестерге қатысты қоғамда пікір көп. Бір анығы жаңа одақ - ескі одақ емес.
 
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Құрылып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ бұл – тек қана экономикалық бірлестік. КСРО-ға қайтып бару деген болмайтын нәрсе.
 
Яғние, болашақ одақтың кез келген келісімі консенсус арқылы реттелмек. Үш саты бар. Біріншісі - Еуразиялық комиссия, одан жоғары үш елдің үкіметтері, ең жоғарысы - үш елдің президенттері. Қандайда бір келіспеушілік бола қалса, мәселе осы үш сатыдан өтіп барып шешіледі. Ал ортақ валюта туралы пікір - бос сөз! 
 
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Мұндай әңгіменің қайдан шыққанын білмеймін. Ортақ валюта туралы мәселе мүлде талқыланған емес. Келісімшарт жобасында да мүлде көрсетілмеген. Яғни, ешқандай да ортақ валюта болмайды. Теңгемізді қолдана береміз.
 
Бірыңғай экономикалық кеңістіктің пайдасы туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Былтыр осы кеңістікпен біздің елдің сауда-саттығы 24 миллиард долларға жеткен.
 
Экономикаға тартылған инвестиция 28 миллиард доллар. Мысал үшін бірді-екілі дерек: жүк көліктері экспорты 17 есе, цементтің экспорты 16 есе артқан. Ал ауыл шаруашылығы нарығы импортқа тәуелді болып қалады деп қауіптенуге еш негіз жоқ. 
 
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Импорттың керісінше, азаюы байқалады. Мысалы, құс еті бойынша импорттың төмендегінін байқауға болады. Ал басқа позициялар бойынша өскен жоқ. 
 
Ел нарығы импорттан зиян шекпейді. Себебі, Үкімет ішкі нарыққа келетін өнімдерді бей-берекет кіргізе бермейді. Арнайы квотамен оларға белгілі бір деңгейде шектеу қоя алады. Ал, отандық кәсіпкерлер экспортқа бағытталған өнім шығаруға бет бұрғаны жөн.
 
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Кедендік одаққа дейін ет сату үшін бізге Ресей немесе Беларусь ветеринарларын шақыртып, олардың тексерісінен өтіп, сосын олардың рұқсат қағазын алып, одан кейін олардың тағы да өздерінің сайттарына реестрге салуын күту қажет болатын.  Қазіргі уақытта біздің қазақстандық ветеринардың сертификатын алып, кез келген Ресейдің немесе Беларусь елінің түкпіріне барып, сата беруге мүмкіндік алып отырмыз.
 
Еуразиялық экономикалық одақтың шарттары туралы мәтін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында ілулі тұр. Одақтың саяси ұйымға қатысы бар-жоғына күмән келтіретіндер келісіммен сол жерде таныса алады.
 
 Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу