Ауыл шаруашылығында табысты кәсіпорындар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығында табысты кәсіпорындар көбейіп келеді

23.02.2014
Ауыл шаруашылығында табысты кәсіпорындар көбейіп келеді
 
Саясаттан бұрын экономикалық модернизацияны қолға алған Қазақ Үкіметінің мақсатты түрде айналысып келе жатқан бір шаруасы болса, ол - отандық бизнесті дамыту.
 
Мемлекет кәсіпкерлерді қолдайды, қажет болса қорғайды. Осы күні бұрынғыдай емес, қаптаған қағаз, тексерістер азайды. Дүркін-дүркін бағдарламалар қабылданып, жеңілдетілген несиелер берілді, салық жеңілдеді.
 
Нәтижесінде, іскер азаматтардың адымы ұзарып, тынысы ашыла түсті. Бастысы, бизнеске деген биліктің көзқарасы мен бұқараның түсінігі өзгерді. Кәсіпкерлік деген мейрамхана ашу мен дүкен ұстау секілді алыпсатарлық деп білетіндер бүгінде индустриалды-инновациялық бағдарламаларға да атсалысып, сауда-саттықтан жиған қаражатын дайын өнім өндіретін салаларға салып жатыр. Бұлда көз қуантып, көңіл семіртетін құбылыс.
 
«Мал - баққанға бітеді» деген. Атакәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық- несібе айырған ағайын қарасы да қалыңдап келеді жыл өткен сайын. Малды өсіру мен асылдандырудың осы заманғы озық үлгілерін меңгеріп, кластерлік жүйеге көшкендер көбейді. Бұл әрине, құптарлық іс.
 
Бүгінгі кейіпкерлеріміз - мал өсірген, өрісі берекелі қостанайлық шаруалар. «Ерініп ілбіп кетсең, иегің тасқа тиеді. Ерінбей еңбек етсең, ерінің асқа тиеді» деген бар емес пе?!
 
Қыстың көзі қырау - мал қорада. Алды төлдеп жатыр. Шөбі шүйгін, жайылымы жазық Қостанайдың малшылары жер аяғы кеңитін көктемді сағына күтіп отырғаны анық. Сиыршы Ақсеркенің де күткені - көктем. Қамаудағы малдың бейнеті көп. 
 
Ақсерке Шұрымбаев, шаруа:
Жем береміз, шөп береміз, уақытында қараймыз. Тезегін тазалаймыз трактормен.
 
Бұл шаруашылық Қостанайдың Алтынсарин атындағы ауданында. Негізі «Қарасу» атты алып компанияның құрамында. Алып демей көр, алты бірдей мал шауашылығы, тоғыз астық шаруашылығы, ет пен бидай өңдейтін бөлек-бөлек шаруашылығы бар. Оған 2 диірменін қосыңыз. Мыңдаған адам жұмыс істейді. Хош. Айтпақшы, алты шаруашылықтың 4-еуі мал тұқымын асылдандырып отыр. Біздің барғанымыз сол төртеудің біреуі.
 
Нұрлан Исенов, шаруашылық басшысы:
Асыл тұқымды мал шаруашылығы деген анықтаманы біз 2007-ші жылы алдық. Қазір жалпы алғанда 2000 бас бар, оның 770-і сиыр. 2013-ші жылы 750 бұзау алдық, дәл қазір мал шаруашылығында 31 адам жұмыс істеп жатыр.  
 
«Мал бейнетін баққан біледі». Ал, тұқымы асылды баптау тіпті әуре. Мысалы, бұзаулы сиырға күніне сегіз келі, семіртіп жатқан бұқаға бес келі шөп беру керек. 8 келі жемі бар. Силосы тағы бар.
 
Төребек Тасымов, мал дәрігері:
Мемлекеттік бағдарлама бойынша семірту алаңында 400 бас болуы керек. 400 бұқа бар. Етке тапсырғанда малдың салмағы 400 келіден кем болмауы тиіс. Оған субсидия төлейді, 1 келісі - 120 теңге. 
 
Бұл жерде бірыңғай тұқым - қазақтың ақ бас сиыры деп аталады. Кезінде ғалымдар герефорд пен қалмақ сиыры атты тұқымды будандастырып алған. Малшылар айтады, ірісі 800-900 келіге жетеді, тіпті тонна ет беретіндері де бар. Төзімді, көнбіс мал. Қазір ептеп төлдеп жатыр.
 
Светлана Проценко, бұзау күтуші:
Біз бала күннен мал жайлап өстік. Бұрын совхоз кезінде де, кейін де мал бақтық. Үйімізде де сиырларымыз бар. Таныс жұмыс қой. Айлығымыз орташа, ептеп көбейтсе жаман болмас еді.
 
Нұрлан Исенов, «Жаңабек» ЖШС директоры:
2013-ші жылы біз 220 асыл тұқымды мал саттық. Шамамен 85 миллион теңгеге. Сонымен қатар, 60 тонна ет саттық, шамамен 45 миллион теңге. Бізде мал семіртетін арнайы алаң бар. Онда кемі 400 бас тайынша-бұқа семіртеміз. Әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытқан емеспіз, ауылымызға,  ауданымызға көмектесіп отырамыз. Жылына 10 миллион теңгеге дейін әлеуметтік салаға көмек ретінде жұмсалады.
 
Әлеуметтік көмекті бірінші мектеп алады. Өйткені, «Северный» атты осы ауылда мыңға тарта адам бар. Әр үйде кемі бір, әйтпесе екі оқушы. Қауқары бары жаңағы серіктестікте жұмыс істейді. Малшы, шөпші, механизатор.
 
Нұрсейіт Әбеуов, мұғалім:
Аудандағы басқа мектептерге қарағанда, бір-ақ мектепте тегін тамақ беріледі.
 
Бұйығы тіршілік кешіп жатқан шағын ауылдың мұрты бұзылған жоқ. Алып шаруашылықтың бір жақсысы жерге егін ексе де, мал жайса да, жергілікті азаматтар кәсіп тауып, несібесін айырады. 
 
«Қарасу» дегеніңіз - кластер. Жаңағы жабық қора, ашық шарбақта күйіс қайырған Зеңгі баба тұқымы - мына жердегі ет.
 
Бауыржан Көшеғұлов, серіктестік директоры:
Біз «Қарасу» ТПК-ның құрамына кіреміз. Бұл ұжымның мал өсіру және ет өңдеудегі өз тұжырымдамасы бар. Біздің шаруашылықтарымыз малды өзі өсіреді. Сиыр болсын, жылқы, қой болсын осы шаруашылықтың әр бөлімінде өсіріледі. Семіртіледі. Сосын бізге жеткізіледі. Мысалы, Қараман алаңында 3000 басқа дейін мал семіртіледі, жыл бойы үздіксіз бізге түсіп отырады. Яғни, еттің алпыс пайызы өзімізде өскен малдың еті. Қалғанын ірі шаруашылықтардан сатып аламыз. Олар осы облыстың шаруашылықтары, біздің сенімді серіктестеріміз.
 
Бұл енді бөлек шаруашылық. Бір компанияның құрамына енсе де, қызмет бағыты мүлде бөлек. Мал сояды. 114 адам жұмыс істейді, 120 түрлі шұжық шығарады. Келілеп емес, тонналап сатады. Өз еліміздің барлық қаласы тұтынады өнімді.
 
Бауыржан Көшеғұлов, серіктестік директоры:
Негізі біздің ет экспортында тәжірибеміз бар. 2011-2012-ші жылдары біз сиыр мен доңыз етін Ресейдің Челябинск, Екатеринбург, Тольятти, Самара қалаларына экспорттадық. 2013-ші жылы экспорттаған жоқпыз, өйткені, Қазақстан мен Ресейдің ет нарығында баға алшақтығы болды. Жақында 23-24-ші қаңтар аралығында Мәскеуде болдық, бизнес форум өтті. Сол кезде ет экспорттау туралы келісімдер жасадық, қазір біз техникалық, технологиялық мәселелерді талқылап жатырмыз. Биыл шашамен 300-ден, 500 тоннаға дейін ет өнімдерін Ресей нарығына шығарамыз. 
 
Қостанайдың ауыл шаурашылығы мықты. Бау-бақшасы да, егіні де, малы да. Жері жазық, әрі топырағы құнарлы келетін мекеннің өзгеден бір ерекшелігі диқандары шөкімдей жерді шұқымайды, молынан егеді, ірі малшылары бес ешкіні айдамайды мыңдап ұстайды. Сонысымен берекелі де.
 
Орал Нұрғазин, Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Облыс бойынша бізде 396 кәсіпкерлік құрылым бар. Оның ішінде ет өндіретін 38 цех, сүт өндіретін 18 цех, 99 диірмен, май өндіретін 9 цех бар. Мемлекеттен көмек ретінде биыл инвестициялық субсидия болайын деп отыр. Бір-екі айдан кейін.
 
Бардық, көрдік, разы болдық.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу