Ауыл шаруашылығы саласында өнімді қайта өңдеуде ілгерілеушілік жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы саласында өнімді қайта өңдеуде ілгерілеушілік жоқ

11.05.2023

Ауыл шаруашылығы саласында өнімді қайта өңдеуде олқылықтар көп. Даму жоқ. Сенатор Әлібек Нәутиев Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында саладағы проблеманы көтерді. Фермерлер арзан шикізат пен жартылай фабрикаттарды экспорттап, отандық нарыққа қосылған құны бар импорттық тауарлар жеткізілуде. Мысалы, астық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі қазір небәрі 33 пайыздан аспайды. Елде әрбір төртінші диірмен ғана жұмыс істейді. Сенатор Қазақстанда астық өңдеуді қолдау мен дамыту үшін жол картасын жасап, әкімшілік және тасымалдау кедергілерін жою қажет дейді. Ал өсімдік шаруашылығында экспорт көлемі соңғы 2 жылда 14 пайызға өскен.

Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ауыл шаруашығылы министрлігінің мәліметттері бойынша, 2021-жылмен салыстырғанда сүт өнімдерін, ет консервілерін, ірімшікті өңдеу, сүзбе, сары май көлемдері 4 пайыздан 9 пайызға дейін төмендеген. Ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік саясатты қайта қарау қажет.

Сенатор: Суды үнемдеу тетіктерін қарастыру қажет

Ал сенатор Бибігүл Жексенбай елордада салынып жатқан көпқабатты үйлерге тексеру жүргізіп, қанша мөлшерде су жұмсалып жатқанын есептеу қажет, - дейді. Ол Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Астанадағы су тапшылығы мәселесін көтерді. Келешекте елорданы тіршілік нәрімен қамтиды деп жоспарланған Ертіс-Қарағанды каналының су деңгейі де төмендеуі мүмкін. Себебі Ертісті қазір өндіріс ошақтары, ірі кәсіпорындар, шаруа қожалықтары пайдаланып отырғанын жеткізді. Суды үнемдемеу мен экологиялық жағдай да өзен деңгейін төмендетіп отыр. «Проблеманы шешу үшін заманауи инновациялық технологияларды тартып, су шаруашылығында білікті мамандар даярлау қажет», - деді сенатор. Қазір бас қалада су тапшылығы тәулігіне 30 мың текше метрді құрайды екен.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу