2017 жылы өтетін EXPO көрмесінің даңқы бүкіл қазақ даласын кезіп кетті. Екі адамның басы қосылса, айтылатын әңгіменің біріне айналды. Әуелгіде «ол кім, бұл не?», - деп жаңалыққа жатырқай қараған жұрт осы күні EXPO-ның жарнамасынан біраз жағдаятқа қанықты. Жаһандағы көрме атаулының төресі екенін білді.
Сонымен, EXPO дегеніміз не? EXPO - туристік әлеуеті жөнінен Олимпиада ойындарымен пара-пар көрме. Астанада өтетін жәрмеңке үш айға созылса, сол үш айда 5 миллион саяхатшы келеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ, EXPO - әлемдегі озық технологиялардың жәрмеңкесі, ақыл-ойдың жарысы. Әркім осы жарыста топ жаруға жанталасады, барын базарлап қалуға тырысады.
163 жылдық тарихы бар, 64 рет ұйымдастырылған ауқымды шара келер жылы Италияның Милан қаласында өтеді. Екі жыл деген не, «EXPO» керуені» 2017-де біздің Астанаға аялдайды.
Бұйырса, алып көрменің құрылысы осы көктемде басталады. Бас шаһардың келбеті басқаша құбылып, сәулеті артары анық. Сонымен, мойнымызда зор жауапкершілік жүктелді. Дайындығымыз қалай? Жастар қалай үлес қоспақ? Айтпақшы, Алматыда осы шараға жоба ұсынсақ дейтін өнертапқыш жастар бар екен.
Жаһандық көрмеге қатысып, мемлекетіміздің биіктен көрінуіне үлес қоссам деп құлшынып тұрған қазақ жастары көп. Соның бірі - EXPO-2017 көрмесіне Қазақстанның ұлттық павильонының жобасын жасаған Әділет Қожахметов.
Өзі сәулетші мамандығының 1-курс магистранты. Ол жасаған ұзындығы 150 метрге жететін 4 қабатты ғимарат динамикалы шеңбер түрінде орналасқан. Сыртындағы саябақ та келушілердің еркін демалуға әбден ыңғайлы.
Әсіресе, сәулеті ерекше. Тіпті, ғимаратты аспалы жолмен жоғарыдан айналып көруге де мүмкіндік жасалған. Себебі, ұлттық павильон - еліміздің имиджі, тіпті брэндіне айналуы тиіс,-дейді ол.
Әділет Қожахметов, магистрант:
Идея бойынша 1-қабатта кіреберіс және Қазақстан тарихы мен дамуымен таныстыратын экспозициялық залдар орналастырылған. 7D кинотеатры болу мүмкіндігін де қарастырдық. Жасыл жоба болмақ. Күн сәулесінің энергиясын қолдануға мүмкіншілік жасалғандықтан, бұл ғимарат өзін толық ақтайды деп сенеміз.
Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің жетістіктерін көрсету. Соған байланысты, павильон ішінде түрлі экспозициялық залдар орналасады.
Әділет Қожахметов, магистрант:
Оның біріншісі - жасыл энергетика тақырыбына арналған экспозиция залы. Келесісі әр облыстың жетістіктерін көрсететін және Күн, Жел энергиясына арналған экспозиция.
3-курс студенті Дархан Сарсанбеков болса, қоғамдық көлікпен қатынаушылардың қамын ойлайды. Мегаполистегі кептелістен мезі болған тұрғындарға қолайлы көлік-метротрамвай жобасын жасапты.
Метротрамвай - жер бетімен де, астымен де еркін жүретін, 21 ғасырдағы ең ыңғайлы әрі жылдам көлік түрі. Тиімді тұстары көп. Электр энергиясын аз тұтынады. Кептелісті азайтады. Үнемді болғандықтан, басқа көлік түрлеріне қарағанда жол ақысы да арзанырақ болады.
Тіпті, метротрамвайды электр қуатынсыз, күн энергиясын пайдаланып та жүргізуге болады екен. Жердің бетімен бірдей биіктікте жүретіндіктен, арбаға таңылған мүгедек жандардың да кіріп-шығуы да оңай болады.
Метрополитен секілді қатты тереңдікті қажет етпейтіндіктен, метротрамвайды 5 жылдың көлемінде салып бітіруге болады, -дейді жоба иесі.
Дархан Сарсанбеков, студент:
Қаламыздағы метрополитенге қарағанда, электр энергиясын 2-3 есеге үнемдейді. Жылдамдығы да жоғары. Жобамды EXPO-ға ұсынып көретін ойым бар. Егер өтсе, жақсы болар еді.
Ал, машина жасау мамандығының студенті Бақыт Төлегенов электромобиль, яғни, тоқпен жүретін автокөлік құрастыруда. Кәдімгі үйдегі тұрмыстық желіден қуаттап, көлігіңізді айдап кете бересіз.
8-9 сағат зарядтасаңыз, 300 км-ге дейін жүресіз. Алайда, бірнеше сағаттап зарядтау қолайсыз болғандықтан, мамандар тез қуаттандыратын арнайы бекеттер ойластырып жатқан көрінеді. Экологиялық жағынан тиімді болып келетін бұл көлік түрі бүгінде шет мемлекеттерде қолданыста. Әсіресе, Еуропа елдерінде.
Бақыт Төлегенов, студент:
Бұл машинаны жасаудағы мақсатым – Жер шарындағы климаттық өзгерістердің алдын алу, жаңа қуат көздерін қарастыру, экологиялық апаттардың алдын алу, еліміздің автоқұрылыс саласын дамыту. Және осы көлікті EXPO көрмесінің жасыл орамына тарту ету.
Жастардың екпіні жаман емес. Ал, жаһандық көрмеге жауапты мамандар не істеуде? Көрме кезінде елімізге 3 миллионнан аса турист келуі мүмкін. Одан да көп болуы ғажап емес.
Қонақтарға қолайлы жағдай жасап, қызмет сапасын арттыру үшін Ұлттық компаниямен қатар, көптеген мемлекеттік органдар жұмылдырылады. Астанада 1 айдан соң, яғни, сәуірде EXPO-ның құрылысы басталады.
Қанағат Кенжебекұлы, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі:
Көрме құрылысының өзі екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі - көрме өтетін аймақ. Бұл үшін халықаралық көрме бюросының бекіткен 25 гектары бар.
EXPO-ны өткізгеннен кейін көрме қалашығы кәдімгі тұрғын үйлерге айналады. Ал, ғылыми-зерттеу орталығы жас ғалымдар, зерттеушілер мен студенттер үшін есігін айқара ашады.
Әлбетте, халықаралық көрме еліміздегі «жасыл» технологияны дамытып, ел экономикасын көтеруге ықпал етеді. Әсіресе, бізде ақсап тұрған туристік саланың дамуына септігін тигізбек.
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:
Мынау Париждегі Эйфель мұнарасының Алматыдағы көшірмесі. Париждегі мұнара 1889 жылғы EXPO көрмесі үшін салынған. Алайда, 20 жылдан соң бұзылуға тиіс мұнараның Францияға саяхатшыларды ағылтатынын ол кезде ешкім де білген жоқ. Міне, бүгінде 1 ғасырдан аса уақыт өтсе де, сол Эйфельді көру үшін Парижге баратын туристер тасқыны толастаған емес.
Арқа төсіндегі көрмеден де Қазақ елінің мәңгілік символына айналатын зәулім ғимараттар қалмасына кім кепіл? Бастысы, алып нысандар көрмеден соң қаңырап қалмай, елдің игілігіне жараса игі. Сонда ғана, EXPO-2017 экономикалық және экологиялық тұрғыда тиімді болмақ.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ