Саясат пен спорт. Екеуінде де жеңімпаз дәріптеледі, жеңілгеннің жүні жығылады.
Қазақтың спортында да тасы бірде өрге домалап, бірде ылдиға құлдилайтын, жеңісі мен жеңілісі парлап жеккен аттай қатар жүретіндері көп. Ал, жиі-жиі олжа салатындар санаулы.
Жазғы Олимпиада ойындарында бокс пен зілтемір көтеруден бәйге бермегенмен, қысқы спорт түрлеріне келгенде, қамшы сүйетін шабан аттай болатынымыз бар.
Бірақ, үмітті үзбейміз. Баптап-күткен арғымақтарымыз Сочидегі аламанда арындай шабар. Қоланы да, күмісті де алар. Қоржынға алтынды да салар. Ал, елдегі ағайын сол медальдарды санар деп тілейік.
Сонымен, дүниенің дидарын өзіне аударып, ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындары да басталды. Ақпанның дәл жетісі күні, дәл жұма күні. Қазақ үшін жұма - қасиетті күн, жеті - киелі сан болғанымен, көрші орыстың біз құсап, ырымдамағаны анық.
Есесіне, «жеңісті күндерге жол ашар» деп біз желпініп отырмыз. Жалпы, Сочи - жанға жайлы қала. Іргесі 1838 жылы қаланған. Қап тауының батысында, Қара теңіздің жағалауында жатыр. Енді сандарды сөйлетейік.
Олимпиада ойындарына әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысады. Қазақ елінің намысын 52 спортшы қорғайды. Спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақ спортшыларына жеңіс тілеп, жігер беру үшін Мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та Сочиге арнайы барды. Спортшылармен жүздесіп, ақ жол тіледі.
Қазақ баласы жекпе-жекке мықты. Ал, шаңғы майлап, коньки тебуге көп икемі жоқ. Қысқы спорт түрлерінен 23 жылда Олимпиадада олжалаған жүлде - 6 медаль. Алтын - жалғыз. Алғашқы бас жүлдені елге 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов әкелді.
Бірақ әлі күнге дейін жерлесіміздің ерлігін қайталаған ешкім жоқ. Сочидегі Олимпиада ауылына 52 қазақстандық спортшы жайғасты. Бапкерлер осы құрамдағы әлденеше Олимпиаданы көрген тәжірибелі спортшылардың дайындығына үміт артады. Олар саусақпен санарлық. Ал, қалғандары әзірге бұғанасы қата қоймаған жастар.
Нұрберген Жұмағазиев, шорт-трекші:
Үмітіміз бар. Жүлделі үш орынды кім дайын, сол алады.
Абзал Рақымғалиев, мәнерлеп сырғанаушы:
Тұмарым бар, соны алып жүремін үнемі. Өз-өзіме сенемін.
Лондондағы жерлестеріміздің ерлігі Қазақстанды әлемдік рейтингте он алтыншы орынға көтерді.
Енді сол мәртебені сақтап қалу керек. Президент Сочиде ұшақтан түскен бетте спортшылармен арнайы кездесіп, жерлестерімізді жігерлендірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сайысу оңай болмайтынын да білемін. Барлық қазақстандықтар - он жеті миллион адам өздеріңізге жанкүйер болып отыр. Лондон Олимпиадасындағы жеңістерден кейін халық сіздерден көп үміт күтеді. Біз сол жеңіс арқылы барлық спорт әлемінің назарын өзімізге аудардық. Сондықтан, аянып қалмаңыздар.
Қазақстан 2022 жылы Алматыда Қысқы Олимпиада ойындарын өткізбек ниетте. Ал, конкурстық комиссия әрине, үміткерлердің спорттағы жетістіктерін де назарға алады. Бұл жолы тәуір жүлде келмесе Халықаралық олимпиадалық комитеттің бізге жылы шырай таныта қоюы екіталай.
Сондықтан, жеңістің Қазақстан үшін жаңа мега жобаларға жол ашатыны туралы Мемлекет басшысы Ресей телеарнасына берген сұхбатында баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің қарсыластарымыз мықты - Ресей, АҚШ, Норвегия, Австрия. Сондықтан, барымызды салып бағамыз. Медеу, Шымбұлақ өзге де Қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізетін нысандар бар. Жаңадан салудың қажеті жоқ. Споршыларды дайындауға да барымызды салдық. Оның үстіне - 2017 Қысқы Универсиаданы, 2022 жылы Алматыда Қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткерміз. Жеңімпаз болуға бізде стимул бар.
Ванкуверден күміс жүлде әкелген биатлоншы қыз Елена Хрусталева кей басылымдарға «алғашқы алтылыққа сенімді түрде кіремін» деп сұхбат беріпті. Бірақ, сайыс алдында арық сөйлеп, семіз шыққанды жөн көрді ме, Ванкуверде 10 қарсыласым болса, бұл жолы 20, тағы талантын бүгіп жатқан 10 мықты - жиыны отыз қарсыласым бар, деді.
Елена Хрусталева, биатлоншы:
Өткен жолғы жеңіс жолымды қайталай аламын ба, жоқ әлде артық-кем түсемін бе, оны сайыс көрсетеді. Мұнда тек лайықты ойын көрсетемін деген ниетпен келіп отырмын.
Отандық құраманың ендігі үміті - Алексей Полторанин. Бұл жігіттің Қысқы Олимпиадаға үшінші рет келуі. Ер кезегі үшке дейін. Әуелде Туринде, кейін Ванкуверде жүлделі үштікке іліге алмаған спортшы бұл жолы құраманы құр қайтармас.
Алексей Полторанин, шаңғышы:
Бұл менің соңғы Олимпиадам емес, ең сәтті сайысым болады. Ванкуверде жеңіске дайын емес едім. Енді жүлдегерлер арасынан көрінетін кез жетті!
Отандық спортшылар Ақ Олимпиададан абыроймен оралады. Сочиде біздің ұландар Мемлекет басшысына осылай деп уәде берді. Және Президентке Ұлттық құраманың естелік медалін табыс етті.
Ресей дүбірлі спорт додасына 7 жыл дайындалды. Қаланы қайта салуға 50 миллиард доллар жұмсалған. Бұл - әлемдік тарихтағы Олимпиаданы ұйымдастыруға кеткен ең үлкен шығын.
Жаңадан үлкен-кішісі бар 800 нысан салынды. Қаражаттың дені Қара теңіз жағалауында, Қап тауының баурайындағы коммуналдық желілерді, жолдарды, көпірлерді тартуға кетті. Кейбір нысандар тіпті банктерден қарызға алынған қаражатқа тұрғызылды. Мұның бәріне мемлекет кепілдік берген.
Уруслан Джараштиев, төреші:
Ресей тарапы бізді осы тауда орналасқан Олимпиада ауылына орналастырды. Мұнда споршылар, төрешілер үшін барлық жағдай жасалған. Қаланы Олимпиадаға дайындау үшін кешенді жұмыстың жүргізілгені байқалып тұр.
Аумағы ат шаптырым «Фишт» стадионы - Олимпиада нысандарының ішіндегі ең сәулеттісі. Қырық мың адам сыйып кетеді. Құрылысқа 23 миллиард рубль жұмсалды. Жұма күні үш миллиард көрерменді сілтідей тұндырған таңғажайып қойылым - Олимпиаданың ашылуы салтанаты екі жыл дайындалған.
Саланатқа әлемнің 88 елінен делегация келді. Бұл үш мың спортшы. Қысқы ойындардың тарихындағы тағы бір рекорд. Ең үлкен делегация Олимпиада қожайыны Ресейдан, АҚШ, Канада, Норвегиядан. Кей мемлекеттер шағын ғана құраммен, тіпті жалғыз спортшысын әкеп бәйгеге қосқан елдер бар.
Сочидің қысы жұмсақ. Командалардың дені жеңіл күртемен жүрді. Бірақ салтанатқа шолақ шалбармын шығып, аздап тоңып қалған делегациялар да бар.
Ал, біздің отандық құраманың алдында еңселі шаңғышы жігіт - Ердос Ахмадиев 52 споршыны бастап келеді. Жазғы чемпионаттың жүлдегері көк байрақты көтеру мәртебесіне ие болды. Құрамаға жанкүйерлер мінберінен Мемлекет басшысы қол бұлғап тұр. Стадион назары көк түсті Ту еткен біздің құрамада.
«Ресей туралы түс». Түс деп аталғаны болмаса, бұл елдің тарихы туралы шындық. Олимпиада қабылдаған мемлекет үшін сайыстың ең ұтымды сәті осы. Халықтың түп тамырын төрткүл әлемге паш ету.
Тарихи желілерге толы техникалық шоуды әлемдегі өте күрделі көрсетілімдердің қатарына жатқызуға болады. Салтанатының бар идеясын сценарий авторлары кішкене қыздың қиялына сыйдырады. Қалғып кеткен балауса түс көреді, түсінде ұшы-қиыры жоқ алып елдің әр аймағын аралап шығады.
Сцернаидің авторы Константин Эрнс - Ресейдің бірінші каналының бас директоры. Шығармашылық топ елдің әр дәуірдегі тарихынан үзінді келтіре отырып, қойылымға тарихты, классикалық өнер жетістіктерін, тіпті ұлы авторлардың еңбектерін, елдің ертеңі мен бүгініне қатысты бар игілікті әртістердің қимылымен, алып декорациялар арқылы береді.
Герман Фрист, саяхатшы:
Керемет көріністерге куә болдық. Әсіресе, тарихи қойылымдары ұнады.
Салтанаттың шарықтау шегі Олимпиада алауының тұтануы. Эльбурс шыңының басында, Байкалдың түбінде, тіпті ғарышта болып, Олимпиада қарсаңында Сочиге әкелінген алауды төрт чемпион - Мария Шарапова, Елена Исинбаева, Александр Карелин, Алина Кабаева Ресей тарихында аты аңызға айналған аға буын өкілдеріне тапсырды. Алауды үш дүркін Олимпиада чемпионы - Ирина Роднина мен Владислав Третьяков тұтатты.
Әзірге сайыс қорытындылары туралы айтуға ерте. Отандық құрамадағы Юлия Галышева фристайлдан іріктеу сындарынан сүрінген жоқ. Алтыншы болып келді.
Ал, Ерлер арасында конькимен жүгіруде Дмитрий Бобенко жүлдегерлер сапынан көріне алмады. Он бесінші болып келді.
Жайнагүл Төлеміс , тілші:
Әзірге әйелдер арасындағы жеті жарым шақырым қашықтықтағы шаңғы жарысынан алғашқы жүлдегерлер белгілі. Бұл бәйгеде алтын Норвегияға кетті. Сайысқа қатысқан біздің үш спортшы қыз алғашқы ондыққа іліге алмады. Елена Коломина - 40, Анастасия Слонова - 41, Татьяна Осипова ең соңғы - 57 болып келді.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС