Режиссер Қанағат Мұстафин мен суретші Аңсаған Мұстафа «Түнгі студия» бағдарламасында қонақ болып, балалық шақтағы қызықтарымен бөлісті.
«Біз шығармашылық отбасынанбыз. Әкеміз Құрманғазы Қараманұлы – жазушы, Жазушылар одағында Аудармалар бөлімінің басшысы. Э.Хемингуэйдің «Қош бол, майдан» атты кітабын ағылшыннан қазақ тіліне аударған. Анамыз Шолпан Ұғыбайқызы – 25 жыл бойы шығып келе жатқан «Ақ босаға» газетінің бас редакторы. Ата-анамыз бізге кітап оқытып, кейін мазмұнын сұрайтын. Сыйақы ретінде тәттілер беретін»,-дейді Қ.Мұстафин.
Ал, әпкесі Аңсаған інісі туралы: «Қанағат менен төрт жас кіші болса да, кішкентай кезінен мінезі бар. Мектепте топ жетекшісі, баскетбол ойнай бастаған кезде команданың капитаны болды. Одан кейін режиссер болды. Көшбасшылық, басқарушылық қасиеттер болмаса, режиссер бола алмас еді»,-дейді балалық шақты еске алып.
Сонымен қатар, суретші өзінің велосипед үшін шашын алғызып тастағаны туралы да әңгімелеп берді. «Кама» деген қызыл велосипед арманым болатын. Соны армандап жүретінмін, әкемнің ұсынысы дәл түсті». «Демалыс болсын, шашыңды алайық. Шашыңды алғызсаң, велосипед алып беремін»,-деді. Сол шашпен мектепке бардым. Балалар ду күлді. Содан басқа мектеп іздеп, ауысып кеттім».