Жақын қашықтыққа арналған қос баллистикалық ракета бүгін таңертең елдің шығыс жағалауындағы Вонсан портынан көкке самғаған. Содан кейін олар 30 биіктікке жетіп, 250 шақырымдай ұшып, Жапон теңізіне құлады. Мұны осыдан бірер сағат бұрын Оңтүстік Корея Қолбасшылар штабының бірлескен комитеті хабарлады.
Өткен аптада Солтүстік Корея жақын қашықтыққа арналған екі зымыран сынады. Олардың бірі 690, екіншісі – 430 шақырым жеткен.
Кейбір бақылаушылардың ойынша, Пхеньян ракеталарды АҚШ пен Оңтүстік Корея келесі аптада өткізетін әскери жаттығуларға қарсылық ретінде ұшырып отыр.
Ким Чен Ын өкілдерінің ескертуінше, алдағы маневрлар Корей түбегін ядролық қарудан тазарту жөніндегі келіссөздерді қайта жандандыруға кедергі. Алайда, Вашингтон ол диалогтың таяуда басталатынын мәлімдеп отыр.
Арыстан РЫСБЕК