Грузияда оппозиция жақтастары наразылық акциясын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грузияда оппозиция жақтастары наразылық акциясын өткізді

21.06.2019

Грузия астанасында шерушілердің парламент үйіне басып кіру әрекеті полициямен қақтығысқа ұласты. Соңғы мәліметке қарағанда, кемінде 240 адам жараланып, ауруханаға түскен. Ауқымды жанжалға ресейлік депутаттың парламент спикерінің орнына жайғасуы себепші. 

 

Демонстранттар парламентке штурммен басып кірмек болды. Оларды тарату үшін полицейлер көзді жасаурататын газ бен резина оқ ататын қару және су шашатын машиналарды қолданды. Ал шерушілер тәртіп сақшыларына шөлмектер лақтырып, қарсылық көрсеткен. Жанжал кезінде екі манифестант көзінен айрылған.

Қақтығысқа Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Гавриловтың Православия парламентаралық ассамблеясының 26-шы сессиясында грузин парламенті спикерінің орнына жайғасуы себепші. Осы жайт белгілі болғаннан кейін оппозиция өз жақтастарын наразылық акциясына шақырған.

 

Нестан Мгербашвили, шеруші:

Мен өзге елдің  ішкі саясатымызға араласқанын қаламас едім. Осында 25 жыл тұрып жатырмын. Бірақ, әлі күнге дейін толық тәуелсіз елде өмір сүріп көрмедім.

 

Демонстранттардың айтуынша, Грузин үкіметі елдің 20 пайыз территориясын басып алған мемлекеттің өкіліне парламенттің төрінен орын бергені үшін ұялуы керек. Соңғы мәліметке қарағанда, осы оқиғаға байланысты президент Салома Зурабишвили Минскіге сапарын үзіп, Тбилисиге оралды. Сонымен қатар, бүгін грузин парламентінің спикері Ираклий Кобахидзе отставкаға кетті.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдегендей, Грузиядағы шерулерді Ресейге қарсы арандатушылар ұйымдастырып, туристерге қауіп төндіріп тұр.

 

Дмитрий Песков, Кремльдің баспасөз хатшысы:

 

Әрине, русофобияның мұндай көрінісі алаңдатады. Өйткені, Грузияның  ресейлік туристер көптеп баратын ел екенін ұмытпауымыз керек.

 

Грузия оппозициясы өткен түндегі қақтығыстар үшін биліктегі «Грузин арманы» партиясын айыптап, оны биліктен кетіріп, жаңа сайлау өткізуге шақыра бастады. Бірақ, қарсы жақ «Кремльге қызмет етеді»  деген айыпты үнемі жоққа шығарып келеді. Ал Тбилисиде бүгін тыныш. Ондағы парламент үйінің маңында тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Орталықта негізінен тәртіп сақшылары мен коммуналдық қызмет жұмысшыларын ғана көруге болады.

 

Арыстан РЫСБЕК

 

 

 

Хабарламаларға жазылу