Украинадағы президент сайлауында Зеленский алда келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы президент сайлауында Зеленский алда келеді

22.04.2019

Комедиялық әртіс Владимир Зеленский қарсыласы Петр Порошенкодан оқ бойы озып келеді. Бұл жаңалықты болашақ президенттің штабы үлкен қуанышпен қабылдап, құттықтау қабылдауға кірісіп кетті. Маусымның алғашқы күндері Украина басшылығына келетін ситком жұлдызы ел үмітін ақтауға күш салуға сөз беріп, қолдаушыларына рахмет айтты.

Владимир Зеленский, президенттікке үміткер:

- Командамның барлық мүшелеріне, мамандарға, заңгерлер мен еріктілерге, дауыс берген барлықтарыңызға алғыс айтамын.

Ал, оның бәсекелесі, елдің қазіргі президенті Петр Порошенко жеңілісін мойындап, халық таңдауын қабылдайтынын айтты.

Петр Порошенко, Украина президенті:

- Қымбатты Украина халқы, келесі айда биліктен кетемін, бұл украиналықтардың басым көпшілігінің шешімі және мен сол шешімді қабылдаймын.

Дегенмен, Порошенко жеңіліске қарамастан, саясаттан кетпейтінін мәлімдеп отыр. Сонымен қатар, ол жаңа президентті құттықтап, оған билікті табыстап, көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Ал, Зеленскийдің жеңісіне қатысты сайлаушылардың ойлары екіге бөлінді. Бірі оны қолдап, сенім білдірсе, екіншілері саясаттан тәжірибесі жоқ әртістің ел басқару мүмкіндігіне күмән келтіріп отыр.

Павел, сайлаушы:

- Сайлау нәтижесіне көңілім толмайды, себебі Зеленскийдің бағдарламасы маған түсініксіз. Ол президент ретінде не істеу керектігін түсінбейтін сияқты.

Виктория, дауыс беруші:

- Сайлау өте әділ өтті деп ойлаймын. Жастардың көбі Порошенкоға сенбейді. Сондықтан елді жас адам, яғни Зеленский басқарғаны дұрыс тәрізді.

Сайлаудың ресми қорытындысы мамырдың 1-не дейін белгілі болады. Ал, Украинаның жаңа президенті қызметіне маусымның 3-інде кірісуі тиіс. 

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу