Нотр-Дамдағы өрттің себебі әлі белгісіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нотр-Дамдағы өрттің себебі әлі белгісіз

16.04.2019

Париждің Нотр-Дам кафедральдық соборында от абайсызда тұтанған болуы керек. Мұны осыдан бірер сағат бұрын француз тергеушілері мәлімдеді. Бүкіл әлем назар тіккен оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Қазір ортағасырлық ғимаратты реставрациялауға қатысқан жұмысшылардан жауап алынып жатыр.

Шіркеуді шарпыған өртті сөндіруге 400-ден астам адам тартылып, шамамен 14 сағаттай уақыт кетті. Сонда да 850 жыл бұрын салынған собордың сүмбісі мен шатырын, сағатын құтқару мүмкін болмады. Лапылдаған жалын олардың үшеуін де жалмап кетті. Бір өрт сөндіруші ауыр жараланып, өзге ешкім зардап шеккен жоқ. Президент жартылай күлге айналған храмның ішіне кіріп шыққаннан кейін оны қалпына келтіруге уәде берді. Өйткені тарих талабы сондай.

 Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Нотр-Дам – тарихымыз, әдебиетіміз, тіпті жанымыздың, тағдырымыздың бір бөлшегі, ұлы оқиғалар мен эпидемиялардың куәсі, өміріміздің эпицентрі. Оны бәрімізі бірге қалпына келтіреміз.

Сәулет өнерінің ескерткішін қайта салуға ірі компаниялар мен кәсіпкерлер уәде беріп отыр. Француз бизнесмені Франсуа-Анри Пино Париждің «Құдай ана» соборын реставрациялауға 100 миллион, Бернар Арно 200 миллион еуро бөлмек. Ал, аман қалған өнер туындылары әйгілі Лувр мұражайына көшірілетін болды. Мұны елдің мәдениет министрлігі хабарлады.

Нотр-Дам шіркеуінде алапат өрт жергілікті уақытпен дүсенбі күні кешкі сағат 19:00 шамасында басталған. Оның сүмбісі мен шатыры арада екі сағат өткенде туристер мен париждіктердің көз алдында құлады.

Грегори, Париж тұрғыны:

- Иә, мен көрдім. Собордың сүмбісі өртеніп жатқанда жаным ауырды. Өйткені Нотр-Дам – тарихи монумент қой.

Синди Ортега, эквадорлық турист:

- Жүздеген жылдық тарих отқа оранды. Бұл - жаһандық туынды дәуірінің аяқталғаны. Мұны орны толмас өкініш деп білемін.

Париждің қақ ортасында орналасқан католиктер шіркеуі XVIII ғасырда салынған. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген көне соборды көру үшін Францияға жылына 13 миллион турист барады. Атақты храмның өртенуіне байланысты дүниежүзі елдерінің лидерлері өкініш білдіріп, Парижге қолдау білдіріп жатыр.

Жан-Клод Юнкер, Еуропа комиссиясының президенті:

- Кеше Францияның маңызды бөлшегі ауыр жараланды. Еуропа комиссиясының атынан француз достарымызға қолдау білдіргім келеді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу