Түркия астанасы оппозицияның бақылауына өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия астанасы оппозицияның бақылауына өтті

01.04.2019

Түркияда өткен жергілікті сайлау президент Реджеп Тайып Ердоғанның партиясына үлкен соққы болып тиді. Өйткені, ел астанасы оппозицияның бақылауына өткен. Сонымен қатар, биліктегі партия қарсыластарының ең ірі қала – Стамбұлға да таласы бар.

Жергілікті басқару органдарына сайлау – президент Реджеп Тайып Ердоғанның үкіметі үшін үлкен сынақ, тіпті референдум. Сол сайлау нәтижесінде биліктегі Әділет және даму партиясы ел астанасы Анкараны бақылауынан шығарып алды. Сонымен қатар, оппозиция үшінші ірі шаһар Измирді де алғанын хабарлап отыр.

Қала мэрлері мен жергілікті кеңестердің депутаттарын сайлауға 57 миллионнан астам адам тіркелді. Бюллетендер әлі саналып жатыр. Бірақ, елдің ең ірі қаласы – Стамбұлда сайлау нәтижесі дау туғызып отыр. Мұнда биліктің өкілі Бинали Йылдырым мен оппозициялық Республикалық халық партиясынан кандидат Екрем Имамоғлы қала басшысы лауазымы үшін бәсекеге түсті. Екеуі де 4 миллионнан астам дауыс жинаған. Бірақ, екеуі де өздерін жеңімпаз деп есептейді.

Екрем Имамоғлы, Стамбұл басшылығына Республикалық халық партиясынан кандидат:

Мен мұны дауыстап, анықтап айттым. Біз жеңдік, оны білемін. Бірақ, айқайлап тұрып жариялауға арым мен этика жібермейді.

Бинали Йылдырым, Стамбұл басшылығына Әділет және даму партиясынан кандидат:

Қазіргі мәліметке қарағанда, Стамбұлда бюллетендердің 31 мыңнан астамы саналып бітті. Оның нәтижесі бойынша, бұл сайлауда біз ұттық.

Түркия саясатында Ердоған мен оның негізі Исламдық партиясы 16 жыл бойы жетекші рөл ойнады. Ал, Стамбұлда электораттың жартысының оппозицияға дауыс беруі президентті қолдаушылардың айтарлықтай азайғанын көрсетіп, Әділет және даму партиясына үлкен соққы болып тиіп отыр.  Ердоғанның жақтастары – түрік қоғамының консервативтік және діншіл бөлігі. Және де бұл үкімет соңғы жылдарға дейін мықты экономикалық өсімнің арқасында электораттың басым бөлігін өз жағына тарта білді. Бірақ, былтыр ұлттық валюта лира 30 пайызға құлдырып, инфляция деңгейі 20 пайызға жетіп, азық-түлік бағасы шарықтап, жұмыссыздар көбейді. Ал, өткен айда түрік экономикасы рецессияға енді. Сондықтан, Ердоған экономикаға ерекше мән беру қажеттігін бүгін де қадап айтты.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Біз кейбір қалаларда соншалықты жетістік байқата алмай, жеңіліске ұшырадық. Енді соған сай әрекет етуіміз керек. Экономикаға, саясатқа, қорғанысқа, инвестицияға баса назар аударуға тиіспіз.

Тайып Ердоған - Түрік Республикасының негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктен бергі ең әйгілі саясаткер. Ол 2023 жылы өтетін парламенттік сайлауға дейін экономиканы қайтсе де реформалауға уәде беріп отыр. Ал, елдің оңтүстік-шығысында күрдтер қуанып көшеге шықты. Өйткені, оларға жақтас Халықтық демократиялық партия жексенбі күнгі сайлау нәтижесінде биліктегі партиядан бірнеше муниципиалитетті қайтарып алған.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу