Әлемнің автосүйер қауымы Бельгияға ағылып жатыр. Ел астанасы Брюссельде дәстүрлі автокөрме ашылды. Осымен 97-ші рет өткізіліп отырған автошоуға әйгілі концерндер соңғы үлгідегі темір тұлпарларын қойған. Жайдақ, жол талғамайтын, спорттық үлгідегіден бөлек, электрлі, гибридті көліктердің де түр-түрі жұрт назарында.
Көрмеде тұсауы кесілген су жаңа көліктің бірі осы – «BMW 8 Cabrio». 100 шақырымға 10 литр жағармай жұмсайды. Қажет болған жағдайда төбесі 15 секундта ашылып-жабылады. Биыл шыққан «BMW X7» екеуінің басты ерекшелігі соңғы үлгідегі ақпараттық технологиямен жабдықталған. Яғни, «ақылды көмекші» қай жерде бос автотұрақ бар екенін айтып, жолда қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етеді. Тіпті, шаршасаңыз рөлді автоматты түрде көмекші басқарады. Немістердің басты бәсекелесі жапондық «Toyota» гибридті көліктерімен мақтанды.
Аурелие Гертс, «Toyota» компаниясының өкілі:
- Біз бүгін «Toyota Corolla TS» көлігін ұсынып отырмыз. Бұл гибрид моторлы, қозғалтқыш көлемі 2 литрлік көлік. Батареясына 15 жылға кепілдік беріледі. Сондай-ақ, Prius пен RAV4 биылғы үлгілер. Бұлар да өте үнемді. Гибрид болғандықтан, қоршаған ортаны ластамайды. Содан болар, сұраныс көп. Биыл Бельгияның өзінде 58 пайыз гибрид көлік саттық.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
- Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы мына – «Porsche 911». Дизайнерлер мұның сыртқы пішінін 1950-1960 жылдардағы ретро үлгіге ұқсатып жасапты. Бұл соңғы шыққан спорткарлардың ішіндегі ең мықтысы. Сағатына 308 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. Бастапқы бағасы 124 мың еуро. Сатылымға осы жылдың ортасында шығарылады.
110 мың шаршы метр аумаққа созылған көрмеге негізінен 70-тен астам брендтің көліктері қойылған. Сапасы, дизайны жағынан темір тұлпарлар бірінен-бірі өтеді.
Юсеф Шата, Брюссель қаласының тұрғыны:
- Көлік индустриясы қалай дамығанын көру үшін жылда осы көрмеге арнайы келемін. Биыл көбісі жаңа технологияны енгізуге тырысыпты. Бағалары сапасына сай.
Тим Питер Айренс, Брюссель қаласының тұрғыны:
- Қазір көбісі дизельден бензинге көшіп жатыр. Электрокарлардың заманы да алыс емес. Сол үшін мен бір рет шығынданып, бірден TESLA алғым келеді.
Көрмедегі ең әдемі, ең қымбат көліктер осы залда. Оны көруге көппен бірге Бельгия ханзадасы Лоран да келді. Жалпы, мұнда автомобильдердің ең арзаны 14 мың, қымбаты 1,5 млн.еуро тұрады. Бірақ, қалтасы қалың еуропалықтардың өзі қазір мейлінше шағын, үнемді көлікке көшіп жатыр. Бірі көлік салығы, дизель қымбат десе, енді бірі қоршаған ортаны ластағысы келмейді. Ұйымдастырушылар «10 күнге созылатын көрмені 500 мың адам тамашалайды», деп отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.