Бельгияда мұз мүсіндер фестивалі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда мұз мүсіндер фестивалі өтіп жатыр

03.01.2019

Шара елдің Брюгге қаласында осымен 17-рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы көрмеге Грек-Рим мифологиясының кейіпкерлері қойылған. Сондай-ақ, биыл фестивальдың көркін қыздыру үшін ұйымдастырушылар тұңғыш рет түрлі-түсті иллюминацияны қолданыпты.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Мұз мүсіндер фестивалі біздегідей сыртта емес, ғимараттың ішінде өтіп жатыр. Өйткені, сыртта ауаның температурасы +1 градус. Ал, іште -6. Қазақстандағыдай нағыз қысты көрмеген бельгиялықтар үшін бұл кәдімгідей суық. Сондықтан, ұйымдастырушылар көрмеге келушілерге міндетті түрде қалың киініп келуге кеңес береді.

Жылдың төрт мезгілінде де жаңбырдан көз ашпайтын бельгиялықтар қысты осы фестивальден сезінеді. Көптің көңілінен шығу үшін ұйымдастырушылар биыл «Грек-Рим мифологиясы» тақырыбын таңдапты. Қаһарлы Зевс, сұлулық пен махаббат құдайы Афродита. Төмендегі тағы 80 мүсінді жоғарыдан тамашалау үшін мұздан биік тепкішек тұрғызылған. Жасы да, жасамысы да сол сатымен мініп-түсіп, сырғанақ теуіп, мәз-мейрам.  

Нойлан:

- Ғажайып кейіпкерлерді алып мұздан ойып жасағандары таңқаларлық. Осы жерден шыққым келмей тұр. Ертегі сияқты. Жарық түскен сайын туындылар мың құбылып, одан сайын құлпыра түседі.

Сабрина Делейн, турист:

- Мен Бельгияға осы фестивальді көруге Голландиядан арнайы келдім. Ежелгі грек құдайлары, аңдардың бейнесін айнытпай салған суретшілер өз ісінің шебері екен.

Ғажап көрмені жасауға әлемнің 7 елінен 34 сәулетші шақырылыпты. Олар жан-жануар, періштелер мен құбыжықтардың бейнесін айнытпай ою үшін 500 тонна мұз жұмсаған. Сондай-ақ, фестивальдің тарихында тұңғыш рет биыл жарықдиодты лампалар мен 3D технологиясы қолданылды. Соның арқасында мүсіндер минут сайын түрленіп тұрады. 

Александр Деман, Мұз мүсіндер фестивалінің ұйымдастырушысы, сәулетші:

- Бұл – әлемдегі тұңғыш сандық мұз мүсіндер көрмесі. Биіктігі 6 метрге дейін жететін туындыларды жасау үшін біз 34 сәулетшімен бір айдай жұмыс істедік.  Көрменің жалпы аумағы - 1000 шаршы метр. Жарықдиодты экран арқылы 32 минуттық бейнебаян көрсетіліп отырады. Ұйымдастырушылар қаңтардың ортасына дейін жалғасатын фестивальді 200 мың адам келіп тамашалайды деген үмітте. Александр бастаған сәулетшілер тобы келесі жылы көпшілікті «Мұзды өлке-2» анимациялық фильмінің кейіпкерлерімен қуантпақ. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу