Еуропа одағы елдері, НАТО және АҚШ Ресейді Керчен бұғазынан кемелердің еркін өтуіне жол ашып, Украинаның катерлерін қайтаруға шақырды. Дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл мәжілісі ешқандай резолюциясыз аяқталды. Украинаның Ресей шекарасын бұзғаны туралы қарарды Мәскеу ұсынған-ды. Алайда, 7 ел, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания оған қарсы дауыс берді. Сол үшін Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты елшісінің орынбасары Дмитрий Полянский Батысты «табындық инстинктке» бой алдырды, деп мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, жексенбі күні Ресей Украинаның үш әскери кемесіне оқ атып, оларды басып алды. Соңғы мәліметке қарағанда, 6 теңізші жараланған. Украиналық катерлерде болған 23 адам тұтқындалды.
Бұл оқиға Қара және Азов теңіздерін жалғастыратын Керчен бұғазында болды. Мәскеудің мәлімдеуінше, украиналық кемелер ескертуге қарамастан, Ресейдің территориялық суларына заңсыз еніп, шекараны бұзған. Бірақ, ресми Киев мұны жоққа шығарып, украиналық кемелер көрші елдің теңізшілерінен рұқсат ала алмай, кері қайтып бара жатқанда шабуылға ұшырағанын мәлімдеп отыр.
Айта кетсек, осы оқиғадан кейін Жоғарғы рада елде 30 күндік соғыс жағдайын жариялады. Украиналық депутаттар наурыздың 31-інде елде президенттік сайлау өткізетінін растайтын құжатқа дауыс берді.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.