Жексенбі күні Грузияда өткен президенттік сайлау нағыз жеңімпазды айқындап бере алмады. Соған қарамастан, негізгі кандидаттардың бірінің жақтастары жеңісті мерекелей бастаған. Жалпы алғанда, бұл саяси бәсекеде 25 үміткер бақ сынады. Ал, сайлаудың екінші туры желтоқсан айына дейін өтуі тиіс.
Бүгін түскен мәліметке қарағанда, Францияда дүниеге келген Саломе Зурабишвилиге электораттың 38,6 пайызы дауыс берген. Ал, оның қарсыласы Григол Вашадзені қолдағандар – 37,7 пайыз. Бұл – 28 сайлау бөлімшесінде бюллетеньдердің 100 пайызға жуығы саналып біткеннен кейін жарияланған қорытынды. Яғни, екі үміткер де бірінші турда жеңіске жетуге қажетті 50 пайыз дауыс жинай алмады.
Мұның алдында экзит-поллдың нәтижесі шыққанда, 66 жастағы Зурабишвилидің жақтастары жеңісті мерекелей бастаған-ды. Алайда, өзге сауалнама қорытындылары екінші турдың қажеттігін көрсетіп берді.
Саломе Зурабишвили, президенттікке үміткер:
- Иә, бұл нәтижеге қатты қуанып тұрмын. Сенімді көрсеткіш. Бірақ, мұның бәрі – алдын ала сауалнама қорытындысы. Орталық комиссияның мәліметін күтуіміз керек.
Болжамдарға қарағанда, Грузияда президенттік сайлаудың екінші туры желтоқсанның 1-нен кешікпей өтуі керек. Кандидаттарға келсек, франциялық дипломат Зурабишвили 2004-2005 жылдары Грузия Сыртқы істер министрлігін басқарды. Ол сайлауға биліктегі «Грузин арманы -Демократиялық Грузия» партиясынан түсті. Бұл кандидат кезінде елді Ресеймен соғысқаны үшін айыптап, грузин тілінде таза сөйлей алмағаны үшін талай сынға ұшырады. Оның негізгі бәсекелесі – оппозиционер Вашадзе де бұрынғы Сыртқы істер министрі. Ол екінші турда жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді.
Григол Вашадзе, президенттікке үміткер:
- Біз екінші турда жеңіске жетеміз деп отырмыз. Бірінші кезеңнің өзінде алдыңғы қатардан көріндік.
Жақында грузин конституциясына өзгеріс енгізілді. Ол заң жаңа президент инаугурациясынан кейін күшіне еніп, мемлекет басшысының билігін шектеп, көп билікті премьер-министрдің қолына шоғырландырады.
АҚШ-тың Кавказдағы стратегиялық одақтасы Грузия тұрғындарының саны бүгінде 3,7 миллионға жетіп отыр. Каспийдің мұнайы мен газын Еуропаға жеткізетін құбырлар осы республика арқылы өтеді. Тбилисидің үлкен арманы - ерте ме, кеш пе – Еуропа одағы мен НАТО-ға өту.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.