Әлемнің акциялар нарығы қиын аптаны бастан кешірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің акциялар нарығы қиын аптаны бастан кешірді

07.09.2018

Жалпы жекеленген оқшауланған елдер болмаса, қазіргі заманда кез келген мемлекеттің экономикасын ғаламдық процестерден бөлек қарау мүмкін емес. Осы орайда әлемнің акциялар нарығы соңғы алты айдағы ең ауыр аптаны бастан кешіргенін айту керек. Азия, Еуропа, АҚШ биржаларында сан мың компанияның құнды қағаздарының орташа бағасын көрсететін индекстер 2-3 пайызға төмендеді.

Бақылаушылардың ойынша, биржалардағы мұндай жағдайға АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының күшейе түсуі себеп болып отыр. Өйткені, инвесторлар бұл тайталас әлем экономикасын даму жолынан тайдыруы мүмкін деп, акцияларға бұрынғыдай қызығушылық танытпай отыр. Айта кетсек, осыдан бірер күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан импортталатын 200 миллиард доллардың тауарына тарифті көтеретінін ескертті.

Сонымен қатар, дамушы нарықтардың да акциялары жеті күн қатарынан арзандады. Өйткені, Түркияның лирасы да, Оңтүстік Африканың ранды да, Аргентинаның песосы да биыл АҚШ валютасы бағамының күшеюіне байланысты елеулі түрде әлсіреп, бұл елдердің экономикасына деген сенім азайып жіберген.  

Грейг Эрлам, нарық сарапшысы:

- Мұның бәрі алаңдатарлық жағдай. Америка экономикасы өсімінің артуы, Еуропа мен Азияның қор нарықтарына кері әсер етіп отыр. Ал, Қытайдан импортталатын 200 миллиард доллардың тауарына тариф жариялау Қытайға ғана емес, Еуропа мен өзге елдерге де қауіпті . Осы жайттарды ескерсек, инвесторлардың алаңдаушылығын түсінуге болады.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу