Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының сарапшылары Сирияның Дума қалашығына сәрсенбі күні барады. Олар Дамаск маңындағы шаһарда сәуірдің 7-де хлорин газы мен жүйкені зақымдайтын зарин қолданылды деген ақпаратты тексермек. Мұндай фактінің болғанын алғаш рет үкіметтік емес «Ақ дулығалар» ұйымы мәлімдеген еді.
Сарапшылар Думаның топырақ үлгісін және басқа да сынамалар алады. Дегенмен, АҚШ «Сирия үкіметі мен Ресей бірлесіп, химиялық қару іздерін тазартып, жасырып үлгерді» деп күдіктеніп отыр. Ал, Мәскеу мұны жоққа шығарды.
Бұған дейін АҚШ, Ұлыбритания және Франция қарулы күштері химиялық қару қолданылды деген күдікпен Сирияда бірнеше нысанды зымыранмен атқылады. Барлығы 103 зымыран жіберілген. Ресейдің мәлімдеуінше, Сирияның қорғаныс жүйесі олардың 71-ін атып түсірген. Пентагон болса, бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ