Франция Сирияның солтүстігіне, нақты күрдтердің қолындағы Манбидж қаласына өзінің арнайы жасақ сарбаздарын жібермек. Сонымен бірге, Түркия мен күрдтер арасында келіссөз бастауға арағайындық танытуды ұсынды. Бұл туралы президент Эммануэль Макрон «Сирияның демократиялық күштері» альянсы өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді. Әзірге, француз контингентінің неше адамнан құралатыны белгісіз.
Бұған қоса, «Еуроньюстің» хабарлауынша, Макрон Түркияға Африндағы әскерін шығаруы үшін дипломатиялық қысым көрсетуге де уәде берген.
Француз басылымдарының мәліметіне қарағанда, Париж сарбаздарды күрдтерге әскери емес, кең ауқымды гуманитарлық көмек көрсету үшін аттандырады. Ал, Түркия болса, Францияның арағайындық таныту туралы ұсынысын қабылдаған жоқ. Анкара күрдтердің «Сирияның демократиялық күштері» одағының Күрдістан жұмысшылар партиясымен байланысы бар деп есептейді.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ