Мәскеуде Наурыз мерекесі тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Наурыз мерекесі тойланды

22.03.2018

Ұлыстың ұлы күні БҰҰ деңгейінде мойындалған соң оның әлемдегі тойлану ауқымы да кеңейіп келеді. Мәселен, Мәскеу жұртшылығы биыл 13-ші жыл қатарынан Наурызды жалпықалалық мереке ретінде атап өтіп жатыр. Бұрындары оған жергілікті жұрт жатырқай қарағанымен, қазір бұл күн барша қауымның сүйікті мейрамына айналды. Себебі, әз-Наурыз – түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосатын берекелі мереке.

Мәскеудегі Наурыз мерекесі биыл ерте басталды. Қаланың қақ ортасындағы көне ғимараттардың бірінде Ұлыстың ұлы күні 4 күн қатарынан тойланды. Мереке кезінде қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Сөредегі мына заттар көздің жауын алады. Ұлттық дастархан да жайнап тұр. Бір сөзбен айтқанда, алып шаһардағы алуан ұлттың мәдениеті мен дәстүрі бір шаңырақтың астында біте қайнасып жатыр.  

Фатхидин Асимов, мерекені ұйымдастырушы:

- Арбат дегеніміз Мәскеудегі жаяу жүргіншілерге арналған орталық көше. Бұл туристер көп келетін жер. Сондықтан, бұл мерекеге ресейліктер де, шетелдіктер де қатысып жатыр. Күн суық болса да, біз жұрттың көңілін жылытып жатырмыз. Себебі, Наурыз - көктемнің, жақсылықтың, жаңарудың белгісі. Біз бұл мерекені алдағы уақытта да кеңінен насихаттай береміз.

Наурыз мәскеуліктер үшін көктем мен жаңарудың ғана емес, достық пен бірліктің де бастауы. Себебі, бұл күні барлық диаспора мерекені асарлатып өткізеді. Мұнда жиналған жұрттың түрі басқа, ал, тілі мен ділі ұқсас, тілегі бір.

Фатхидин Асимов, мерекені ұйымдастырушы:

- Наурыз мейрамы құтты болсын! Қазақстанға сәлем! 

Алина Вестфрид, Татар диаспорасының өкілі:

- Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!

Элиза Тұрдыбаева, Қырғыз диаспорасының өкілі:
- Қазақстанды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Елім-жұртыма аманшылық, тоқшылық, берекелі жыл болсын!

Наурызды Мәскеудегі студенттер де шама-шарқынша тойлап жатыр. Мәселен, Ресей халықтар достығы университетінде оқитын Обасекола Олу мереке қарсаңында достарын қонаққа шақырды. Бауырсақ пісіріп, Наурыз көже дайындаған нигериялық студенттің әрекеті оның Қазақстан, Тәжікстан, және Дағыстаннан жиналған достарына күтпеген сый болды.

Обасекола Олу, нигериялық студент:
- Былтырғы Наурыз кезінде досым екеуіміз қазақ студенттерінің бөлмесінде қонақта болғанбыз. Сол кезде алғаш рет Наурыз көже деген асты ішіп көрдім. Қатты ұнады. Сосын биыл оның рецептін тауып алып, 7 түрлі дәм қосып, өзіміз дайындадық. Міне, осылайша, енді Наурызды тойлайтын достарымыз керісінше бізге, яғни, нигериялық жастарға қонаққа келді.

Мәскеудегі Наурыздың ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Әзірге жерде-жерде өтіп жатқан жекелеген шаралар үлкен мерекенің тек басы ғана. Ал, нағыз думан алда.

Мәскеудегі Наурыз мерекесі, жалпықалалық деңгейде, кең көлемде 25-Наурыз күні тойланады. Себебі, 22-Наурыз Ресейде жұмыс күні болғандықтан, қала билігі әдейі жексенбіні таңдап отыр. Бұл күні Ресей астанасындағы ең үлкен көрме орталықтарының бірінде эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт, спорттық сайыстар және түрлі фестивальдер өтеді. Сонымен қатар, түрлі диаспораның өкілдері өздерінің салт-дәстүрін таныстырып, мерекеге жиналған жұртқа ұлттық дастарханынан дәм таттырады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу